«ЖАСЫЛ ЕЛ» — ЖАСЫЛ ҚАЛА

Мамыр айынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағының XII маусымы өз жұмысын бастады. Жасақ жастары қаланы тазарту, абаттандыру жұмыстарына кірісіп кетті. Әр апта сайын сенбілікке шығып, ағаш егіп, қаланы көркейтуге өз үлестерін қосуда.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 92 студенті мен 8 жұмыссыз жас, яғни барлығы жүз адамнан құралған жасақ алғашқы маусымды бастады. Олар қазір «Ақтөбе орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Мағаджан тәлім бағында жұмыс істеп жатыр.
— Алғашқы күні жастарға техникалық қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Ал ертеңіне барлығы қызу іске кірісті. Қазір олар орман шаруашылығы мамандарының нұсқауымен қураған талдарды кесу, арамшөптерді жұлу, ағаш егетін орындарды дайындау секілді шаруаларды атқаруда. Мәселен, қайың, қарағай секілді ағаштарды егу үшін алдын ала орын дайындалады. Ол жердің арамшөбі жұлынып, кейін арнайы қарашірік төгіледі. Жастар осы шаруалардың барлығын атқарып, жерді қопсытып, ағаш егіп жатыр. Олар еккен ағаштар тамыз айына дейін, тамырланатын болады, — деді «Жасыл ел» еңбек жасағының менеджері Артур Оспанов.
Сондай-ақ жасақ жастары әр апта сайын сенбілікке шығады. Өздеріне белгіленген аумақты күл-қоқыстан тазартады. Жуырда «Бауырластар зираты» аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді. Қоршауларды сырлап, талдарды әктеп, зират аумағын ретке келтірді.
Бұндай шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.




