Денсаулық

Бүйрек дерті — бүгіннің бір уайымы

Бүйрек — адамның ең кішкентай, әрі нәзік, әрі ең бір  маңызды мүшесі. Ол қан құрамын улы заттардан тазартып, ағзадағы суды сыртқа шығарады. Бүйрек күніне 200 литр қанды сүзгіден өткізеді екен. Әрі қан қысымын реттеп отырады. Егер аталған ағза зақымданып, істен шықса, адам өміріне қауіп. Алайда азаматтар дер уақытында бүйрек дертіне көңіл аудармайды. Сондықтан қазір қоғамда созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққандардың саны көп. Аталған ауру саны жағынан елімізде төртінші орында тұр. Қазір облыс аумағында бүйрегін ауыстыруды қажет ететін 43 адам  бар. Дегенмен, бүйрек ауыстырудың оңай емес екені белгілі. Біріншіден, ауыстыратын бүйрек жоқ болса, екіншіден, ол қыруар қаржыны қажет етеді. Сондықтан науқастар жасанды жолмен, яғни гемодиализ арқылы ем қабылдауға мәжбүр. Облыстағы 43 азамат та осындай жолмен емделуде.

Бүйрек ауыстыру және гемодиализ

Ағзадағы токсиндер, азот қосындылары зәр арқылы сыртқа шығатын болғандықтан, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде бүйректің зәр шығару қызметі бұзылып, адам өздігінен кіші дәретке шыға алмайды. Яғни бүйректің сүзгі қызметі істен шығып, улы қалдықтар ағзада қалып қояды. Бір сөзбен айтқанда, ағза өз-өзінен уланады. Қажетсіз қалдықтардың көбеюі миға, жүрекке, бауырға әсер етеді. Сондықтан бұндай дертке шалдыққан азаматтардың бүйрегін ауыстыру қажет. Ал бүйректі ауыстыруда қиындықтар болса, науқастар гемодиализ арқылы ем алады. Бұндай ем түрі адамдардың 5-6 жыл өмір сүруіне мүмкіндік береді. Дегенмен, дерттен айығудың ең тиімді жолы —  бүйректі ауыстыру. Бірақ бұған кез келген жанның  қолы жетпейді.

—  Гемодиализ дегеніміз — арнайы аппарат арқылы, яғни адамның қанын сүзгілердің көмегімен тазарту. Сүзгіден қан өткенде керек емес қалдықтар қалып қояды да, тазарған қан қайта ағзаға құйылады. Науқастың ағзасына байланысты қан бір аптада екі-үш рет тазартылып отырады. Жалпы, адамдардың бұндай дертке шалдығуы бүйректің болмашы ауруына немқұрайды қарауынан туындайды. Мәселен, бүйректің гломерулонефрит және пиелонефрит деген түрлері бар. Пиелонефрит — бүйректің қабынуы, сүзгі қызметінің бұзылуы. Ауру түрлі инфекциялардан пайда болады. Сондай-ақ уретрит, цистит секілді бүйрек ауруларын дер уақытында емдемесе, асқынып созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне әкеліп соғады. Ал гломерулонефрит аллергиялық факторлардың әсерінен туындайды. Яғни сау адамның ағзасы өзіне қарсы жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ салқын тию, тұмау, ауыр металлдар және алкогольмен улану да бүйрек ауруына шалдықтырады. Бұндай кезде бүйректің сүзгі қызметі бұзылады. Мәселен, кейде адамдар тұмауға жүре қарап, дұрыс емделмейді. Ал жай ғана тұмау жедел бүйрек жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Жас кезінен бүйректерінде ақауы бар адамдар уақытында ем қабылдамаса,  кейін үлкен дертке айналуы мүмкін. Ал бұндай дертке шалдыққандар бүйрек ауыстыру арқылы ғана айыға алады. Егер бүйрек дұрыс ауыстырылса, адамның 10-20 жылға дейін өмір сүруіне болады, —  деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирурігі Әсет Қалиев.

Жалпы, аталған мүшені ауыстыру кезінде тума-туыстардың және қайтыс болған азаматтардың бүйректері алынады. Мәселен, шетелде қайтыс болған адамдардың ішкі мүшелері арнайы контейнерлерде сақталады. Тіркеуде тұрған науқастар қан тобының сәйкестігіне байланысты ауыстыру оталарын жасайды. Бұл заңмен реттелген. Біздің елімізде де ішкі мүшелерді ауыстыру туралы заң бар. Яғни азаматтардың рұқсатымен ғана ішкі мүшелер өзге адамнан алынып науқасқа салынады. Дегенмен, елімізде бүйрек ауыстыруға байланысты мәселелер жеткілікті. Біріншіден, ауыстыратын бүйрек тапшы, яғни донорлар жоқ. Екіншіден, оны жасаудың өзі үлкен қаржыны талап етеді.

— Еліміз бойынша бүйрекке отаны А. Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу орталығы жасайды. Бірақ науқастардың көпшілігі ауыстыратын бүйрек таба алмайды. Мәселен, бірінің қан тобы сәйкес келмесе, кейде бүйрек  беретін адамның денсаулығы жарамайды. Егер азаматтар ауыстыратын мүшені  тапса, біз квота арқылы А. Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу орталығына жолдама  береміз. Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі бүйректі таба алмай қиналады. Жағдайы келгендер өз беттерімен шетелде емделеді. Өткен жылы алты адам шетелде бүйрек ауыстырды. Оның үшеуі Пәкістанда, үшеуі Ресейде ота жасады. Пәкістанға барған азаматтардың барлығы бір жылға жетпей қайтыс болды. Ал Ресейде бүйрек ауыстырғандардың жағдайы жақсы. Жалпы, облыста бүйрек ауыстырып келген азаматтардың ішінде алты жылдан артық өмір сүріп келе жатқандар бар. Ота жасаған азаматтар бақылауда тұрады. Өйткені науқастардың қан қысымы көтеріледі. Әрі бүйрек  өзге адамдікі болғаннан кейін, ағза қабылдамай, түрлі ауырсынулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан олар тұрақты түрде дәрі ішіп жүруі тиіс. Оларға арнайы тізімге енген дәрілер ақысыз түрде беріледі. Жалпы, гемодиализ жасаған уақытта да науқастар жүйелі түрде дәрі қабылдап отырады,— деді бас хирург.

Жалпы, дәрігерлер Қытай мен Ресейде жасалған оталардың сәтті шықанын айтады. Ресейдің  Орынбор, Самара қалаларында ота жасатып келген азаматтар қазір шауып жүр. Дегенмен, аталған отаның аз қаржыны қажет етпейтіні белгілі. Мәселен, шетелде бір бүйрек орташа есеппен  елу мың доллар тұрады екен. Ал бұған барып-келу қаржатын қоса есептегенде, қыруар пұл керек. Оған қоса, қазір Қытайда шетел азаматтарының ағзасын ауыстыруға қатысты заң күшіне еніп, қатаң бақылауға алынуда. Ресейде де барлығы заң жүзінде жүзеге асады. Демек, денсаулығы сыр берген қарапайым азаматтың бұндай қаржыны тауып, емделуі екіталай. Сондықтан  облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан осы қиындықтарды шешудің жолдары қарастырылып-ақ жатыр.

Нефрология бөлімшесі ашылады

Нефрология — елімізде жаңа дамып келе жатқан саланың бірі.  Сондықтан республикада нефрология орталығы жоқ. Алайда алдағы уақытта облыста нефрология бөлімшесі ашылмақ. Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Новый селолық округінде салынып жатқан облыстық аурухана 2011 жылы іске қосылса, осының жанынан нефрология бөлімшесі де өз жұмысын бастайды. Қазір осы бағытта мамандар оқытылып, арнайы жұмыс жүруде. Сонымен қатар, облыста перитонеальді диализ арқылы емдеу тәсілі қолға алынбақ. Аталған ем түрі гемодиализге қарағанда, әлдеқайда тиімді. Біріншіден, ем арзанға түссе, екіншіден, ауылдық жерде тұратын азаматтарға қолайлы. Мәселен, қазір аудандағы азаматтар облыс орталығындағы аппаратқа тәуелді. Егер перитонеальді диализ іске қосылса, бүйрек іш перденің көмегі арқылы тазартылады. Яғни азаматтар облыс орталығына бір рет барып, ішіне жасанды құрылғылардың көмегімен арнайы ота арқылы түтік орнатқызады.  Түтік  сүзгінің қызметін атқарады. Кейін осы түтік  арқылы арнайы дайындалған тұзды ерітінді ішке  жіберіліп, қан тазарады. Бұны науқастардың өзі де жүзеге асыра алады. Аталған ем түрі облысымызда  келер жылдан бастап іске қосылмақ. Егер бастама жолға қойылса, арнайы сұйықтық аудандарға таратылып, науқастар өз отбасында ем қабылдай алады.

Қазір жасанды жолмен ем қабылдап жүрген  43 науқастың бесеуі ауданнан келіп ем алуда. Оның ішінде Ырғыз, Қобда, Темір, Хромтау аудандарының азаматтары бар. Олардың барлығы денсаулықтарына байланысты өз отбастарын тастап, қалада тұруға мәжбүр. Өйткені науқас аппараттан бір сәт қол үзсе, өміріне қауіп төнеді. Мәселен, «Биос» мекемесіндегі 45 жастағы Амантай Нұрғазин Ырғыз ауданының Телман аулынан келіп емделуде. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққанына үш жылдың жүзі болған. Қазір ол саяжайда тұрады.

— Аппарат болмаса жағдайым күрт нашарлап, ісіп кетемін. Өйткені кіші дәретке өз күшіммен шыға алмағандықтан қан осы аппарат арқылы тазартылып отырады. Үш жылдан бері амалымның жоқтығынан саяжайда тұрамын. Отбасым ауылда қалды. Бес балам бар. Үйімді көшіріп әкелуге жағдайым келмейді. Бірінші топтағы мүгедек ретінде 20 мың теңге жәрдемақы аламын. Оның он мың теңгесін пәтерақыға төлеймін. Қалғаны дәрі-дәрмегімнен ауыспайды. Осы мәселені айтып арыз жазбаған жерім жоқ, бірақ мәселе шешілмей келеді. Қалалық әкімдік жер немесе үй берсе, отбасымды осында көшіріп әкелер едім. Өйткені науқасқа қарайтын  адам керек. Әйелім анда-санда келіп көмектесіп кетеді. Бірақ ауылдағы шиеттей бала мен сексендегі шешемді қарау сол зайыбымның мойнында. Сондықтан оған салмақ салу қиын, — дейді Амантай.

Амантайдың бүйрек ауыстыруға жағдайы келмейді. Ал бүйрегін беріп, жанашырлық танытатын ағайындарының барлығы бұл дүниеден озған. Сондықтан жасанды жолмен ем қабылдауға мәжбүр. Амантай дерттің салқыннан болғанын, қазір қолынан келер шараның жоқ екенін айтып қиналды.  Жиырма жыл трактор айдап, ыстық пен суыққа қарамай еңбек еткен азамат дер кезінде  денсаулыққа мән бермегеніне өкінеді.

Аптасына үш рет гемодиализ қабылдаймын. Әр ем кезінде аппаратта 4 сағат жатамын. Қан тазарту кезінде сүйегіңді сорып алғандай болады. Емнен кейін қатты әлсіреп, басым айналады. Егер ем алғаннан кейін тамақтандырып, көлікпен қамтамасыз етсе жақсы болар еді. Бірақ қазір бізде гемодиализ ғана ақысыз, ал қалғанына қаржы қарастырылмаған, — деді ол.

Ал аталған дертпен ауырғанына екі жылға жуық уақыт болған Тұрсын Аманова Ресейде бұндай науқастарға бар жағдайдың жасалғанын айтты.

— Орынбор қаласында бір ай емделдім. Ондағы жағдай өте жақсы. Науқастар тегін ем алумен қатар тегін тамақтанады. Әрі қала ішінде арнайы автобус шығарылса, елді мекендерден келетіндердің барып-келу жолақысын мемлекет төлейді. Тіпті гемодиализден бөлек  дәрі-дәрмектердің барлығы ақысыз түрде беріледі. Ал бізде тегін гемодиализ алғанмен дәрінің көпшілігін  өзіміз сатып аламыз. Тамақты да өзіміз әкелеміз, ал ауылдан келгендер емнен кейін әлсіреп, құлап  қалып жатады. Сондай-ақ  алатын жәрдемақым 20 мың теңге болса, ал қажетті бір дәрі 19 мың теңге тұрады. Әрі бүйрек барлық денеңе әсер етіп, өзге де ауруыңды қоздырады. Сондықтан қосымша дәрісіз жүре алмаймын. Ал бүйрек ауыстыруға жағдайым келмейді. Қазір аялдамадан аялдамаға тоқтап, бірнеше автобус арқылы келемін. Сондықтан осы мәселелерді айтып облыс басшысына, депутаттарға хат жолдап жатырмыз, — деді Тұрсын Аманова.

Бұрын Мәртөк ауданында еңбек етіп, кітапхана, мәдениет үйлерін басқарған Тұрсын Аманова соңғы жеті жылда Байторысай ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Қазір науқасына байланысты қалаға көшіп келіпті.  Ал «Жедел медициналық көмек» ауруханасында ем алып жатқан 37 жастағы Серғазы Қосниязов Қобда ауданының азаматы. Бірақ бүйрегі сыр берген Серғазы ем алу үшін қаладағы туысқандарының үйін жағалауға мәжбүр.

Қосымша қаржы керек

Қазіргі таңда облыста гемодиализ емін «Биос» жеке мекемесі мен «Жедел медициналық көмек» ауруханасы жасайды. «Биос» жеке мекеме болғанмен, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жүргізеді. Тіркеуде тұрған 43 адамның 27-сі осы мекемеде, ал қалғаны «Жедел медициналық көмек»  ауруханасында ем алады. Осы мақсатта биыл 19 миллион теңге қаржы қаралған. Яғни тоғыз айда «Биос» мекемесіне 17 миллион 892 мың, ал «Жедел жәрдем» медициналық ауруханасына 13 миллион 118 мың теңге бөлінді.

Жыл басында науқастардың санына байланысты қанша қаржы қажет екені айтылып, жоспар құрылады. Алайда жыл өткен сайын олардың саны артып келеді. Мәселен, жыл басында 35 адам болса, қазір олардың саны өсті. Сондықтан қажетті емге қосымша қаржы керек. Бір науқастың бір рет ем қабылдауы 14 мың теңге тұрады. Ал бір адам аптасына үш рет ем алады. Әрі қажетті дәрілердің де бағасы қымбат. Осы орайда жыл аяғына дейін науқастардың толықтай ем алуы үшін қосымша қаржы қарастыруды депутаттардың назарына ұсынып отырмыз. Яғни «Биос» мекемесіне 14 миллион 300 мың теңге, ал «Жедел медициналық көмек»  ауруханасына 10 миллион теңге  қаржы сұрап отырмыз, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Самат Данияров.

Бүгінгі күні «Биос» мекемесінде алты аппарат болса, «Жедел медициналық көмек» ауруханасында үш аппарат бар. Бір аппарат бір күнде  үш адамды емдей алады. Екі емдеу орнындағы аппараттар Германия мен Жапонияда жасалған. Әр аппараттың құны 6 миллион теңге тұрады.

Бұрын «Жедел медициналық көмек» ауруханасында орналасқан «Биос» мекемесінің жұмыс жасап келе жатқанына биыл бес жыл. Соңғы бір айда аталған емдеу орны өзге ғимаратқа ауысты. Мекеме  нефрологы Святослав Медведев желтоқсан айына дейін тағы да үш аппарат әкелінетінін айтты. Сондай-ақ ол  қаржы болса, емдеу жұмыстарында  ешқандай қиындықтардың жоқ екенін жеткізді. Ал «Жедел медициналық көмек» ауруханасындағы гемодиализ залдың дәрігері Сәкен Әжмағамбетов қазір аурухананың бір жаны кеңейтіліп жатқанын айтты. Алдағы уақытта қабылдау бөлмесі мен зертхана сонда көшіріліп, оның орнына гемодиализ залы орналаспақ. Яғни облыстық аурухананың жанынан нефрология бөлімшесі ашылғанға дейін гемодиализ залы осында жұмысын жалғастырады. Бөлмелер қайта жаңарып, жаңа заманға сай жабдықталмақ. Қазір бұндағы науқастарға  екі дәрігер және екі медбике қызмет көрсетеді.

P.S.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Әсет Қалиев соңғы жылдары аталған дертке шалдығушылардың көбейіп келе жатқанын айтты. Оның бірінші себебі, диагностикалық тексерудің жетілгендігі болса, екіншісі —  азаматтардың өз денсаулығына салғырт қарауы. Экологиялық ахуал да аурудың көбеюіне ықпал етіп отыр. Ал ауыз судың сапасы мен дұрыс тамақтанбау — бүйректің бұзылуына бірден-бір себеп. Сондай-ақ науқастардың басым бөлігі әйел адамдар.  Оның ішінде 25-ке толмаған жастар да бар. Сондықтан дәрігерлер бүйрекке салғырт қарамауды ескертеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

14 Comments

  1. Саламатсыздарма меным есымым ЗИЯДА..! Мен Алматы каласында турамын жасым 25 те..! 2 баланын анасымын, меным жан уяма байланысты быр жагдай болды онын барын айтудын кажеты жок! Сондыктан мен буйрегымды сатуды шештым, меным каным 3+ егерде меным комегым быреуге тиып жатса мыны номерге хабарласыныздар..87052857541..87079333386

  2. Саламатсыздарма мениң анамның 1 бүйрегiн ота жасап алып тастаған,қалған 1 бүйрекпен қанша жыл өмiр сүре алады?Қандай ем қабылдау керек,қандай тамақ жеу керек,қандай диетаға отыру керек, бүйрекке пайдалы қандай сулар iшу керек қандай дәрi iшу қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button