Тарих

«Бөгенбай шоқысы»

 

«Өзіңнің ата-бабаларыңның даңқымен

мақтануыңа болады ғана емес, солай

болуға тиісті де. Оны құрметтемеу,

сыйламау – масқара жарымжандық,

                                                                                   мүсәпірлік».

А.С.Пушкин

 Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толғанын 2015 жылы бүкіл түрік тектес елдері атап өтті. Осы құрылған хандықты төрт ғасыр бойы қорғаған жаужүрек батырлардың ізін  әлі түгелдеп болмаған сияқтымыз. Оларды толық түгелдеу де мүмкін емес, алайда бұл тарапта тынымсыз ізденістер жүргізе беру біздің перзенттік борышымыз.

Өткен XVII-XIX ғасырларда қоғамның даму жағдайы,  сол кездегі жаугершілік заман әрбір еркек кіндікті жасынан жаумен алысып өтуге мәжбүр еткені ақиқат. Бұл орайда, қазақ тарихындағы үш жүз жылдық соғыс — жоңғарлармен, ойраттармен, орыс империясымен, Орта Азия хандықтарымен, түрікпендермен ұлт-азаттық соғыстағы қазақтың ержүрек батырлары ел жадында аңыз болып қалды. Солардың бірі  – Қабақ Бөгенбай батыр.

Қабақтың бір баласы — Жангелді. Ел ішінде «Төрт Жангелді» деген ұғым бар. Ел «Төрт Жангелді» деп Жангелдінің өз бауырынан тараған — Рай, Жапалақ, Айдаралыларды атамай, бұлардан туған — Құттыбай, Құдас, Бөгенбай, Таласбайды атайды. Себебі осы аталықтардан  өздерінің батырлығымен, байлығымен, халыққа қайырымдылығымен аттары ел жадында қалған тарихи тұлғалар қөп шыққан. Мысалы, атақты Саршонай би айтқан Шектінің жеті жұлдызының бірі — «Атқа мырза» атанған Құттыбайдан шыққан Бүркітбай бай, «Асқа мырза» атанған Құдастан шыққан Қалыбек байлар бар. Таласбай аталығынан шыққан, елдің арын арлап, жоғын іздеген, Есет Көтібарұлымен үзеңгілес және қарулас, жолдас болған ағайынды Елтізер және Жәлімбет Қуат ұлдары, қайтпас батыр Нұрым Айшөкенұлы, тілге шешен ділмар Қожамжар Елтізерұлы, Бөгенбай Қаршыға ақын, Қазанғаптың шәкірті Қадірәлі күйші, т.б. тарихи тұлғалар өткен.

Көнекөз қарттар «біздің елден 40 батыр, 30 би шыққан» деп отыратын. Олардың көбісі әлі ескерусіз жүр. Олар туралы жазылып қалған тарихи деректер де аз. Екінші жағынан, қазақтың тарихының дені орыс зерттеушілері мен тарихшыларының жазғандары. Патшалық Ресей өзінің саясатына соқпағандарды, ұнамағандарды, бағынбағандарды «қарақшы», «халық жауы» қылып көрсеткен.

Қазақ халқының ерлігі жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көрінгені белгілі. Тарихқа жүгінсек, жоңғарлар ХVІІ ғасырда Еңсегей бойлы Ер Есім хан тұсында  талқандалғаннан кейін олардың торғауыттар деп аталатын бөлігі, 42 мыңдай түтіні, 210-250 мыңдай адамы батысқа, Еділ бойына өтіп кеткен. Оларды Еділ қалмақтары немесе «құба қалмақтар» деп те атайды. Осы қалмақтар патшалық Ресейдің қолдауымен Ноғай Ордасын тоздырып, оның бергі жағында Кіші жүз қазақтарына жорықтар ұйымдастырып тұрған. (қараңыз: Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі, 1994 ж.).

Біз ерлігін баяндағалы отырған Бөгенбай 60 жасқа жақындағанда  қалмақтармен соғыста Ырғыз маңында дүниеден озады. Бұл тарихты 2000 жылы 91 жасында дүниеден өткен, елдің, жалпы қазақтың тарихын, Әнес Сахабадан бергі шежіресін жете игерген шежірші Өтеш Нәжмадинов деген қарт ағамыз жақсы білетін. Өзінің сүйегі Жангелдінің Құдасы. Және де Бөгенбай батырдың тікелей ұрпақтары Ізтілеу Бүркіталин, Тахар Қожахметов, Қайырбек Төлегенов деген қарттар ел шежіресін көп айтып отыратын. Халықтың ғасырлар бойғы сан қабат тарихы ауызша жеткен емес пе? Олар тек шындықты, болған оқиғаларды өз күйінде баяндайтын. Ол қарттардың айтулары бойынша, бейқам отырған Қабақ елін  қалмақтар шауып, бір-жар адамдарын өлтіріп,  малдарын айдап кеткен. Ел ол кезде қазіргі Шалқар-Ырғыздың жолындағы Үш Бақытбай, Қызылкөл, Текелі, Қайнар, Сарысай деген жерлерде жайлап отырса керек.

«Қалмақтар шауып кетті» деген хабарды естісімен Бөгенбай інісі Таласбай бастаған шағын топпен жауды артынан қуады. Ырғыздың жолында, биік шоқыға жақындағанда, шоқының басында бір қарайған көрінеді. Оны біреулері қарақұс деген, біреулері қарауылшы адам деп жорыған. Шоқыға жақын келгенде, әлгі қарайған қанатын жайып қарақұсқа ұқсап, саңқығандай әрекет жасап, шоқының арғы бетіне түсіп кеткен. Сол жерде Таласбай тұрып: «Мына көрінген, құс болып отырған, жан-жақты барлаушы. Бізді көрген соң, қуғыншы келе жатыр деп хабар беруге кетті. Қарақұс болып, қара киім киген және артына бор шашып, қарақұсша  саңқып кетті. Абзалы, біз қол жинап, қаруланып келейік, жау жағы көп шығар», — дегенде, Бөгенбай батыр:  «Мен жаудан қорқып кейін қайтпаймын, не де болса осы қалмақпен соғысамын», —  деп шағын топпен ұрысқа кіріп кеткен. Ойлағандай-ақ, шоқының арғы беті қалмақтардың қаруланған қалың қолы екен.

Таласбай елге хабар айтып, тез қол жинап келуге шабарман жіберіпті. Сол соғыста Бөгенбай аз ғана топпен, қаруы сай қалмақпен жан қиярлық соғыс жүргізіп, ауыр жарақаттанған. Таласбайдың астында Сұрдөнен деген ұшқыр арғымағы бар екен, ағып келіп, Бөгенбайдың денесін өңгеріп, жаудан алып шығады. Сол кезде, елден Бөгенбайдың Тінбай деген баласының баласы, яғни немересі Қарабек деген жас батыр қол жинап келіп, Үлкен  Шоқы мен Жаманшыңның аралығында қалмақтармен қиян-кескі соғыс жасаған. Жастайынан қайратты, ержүрек болып өскен Қарабек  жекпе-жекте қалмақтың екі батырын өлтіріп, жауды жеңіп, малды алып қайтқан. Бұрынғы бір шайқастарда Қарабек бір бетінен жаралы болып қылыштың ізі қалған екен, сондықтан оны «Қисық ауыз Қарабек батыр» деп атайды екен.

Ырғыздың оңтүстік-батысында, шамамен 40-45 шақырым жерде үлкен шоқы бар. Бөгенбай сол шоқының түбінде жан тапсырған. Бұрынғы қазақтың салты бойынша, батыр қай жерде өлсе, сол жерге қою керек. Сондықтан Бөгенбайдың сарбаздары төбенің басына дейін қаз-қатар тұрып, найзадан табыт жасап, қолдан-қолға саумалап шығарып, батырдың сүйегін сол шоқының басына жерлеген. Сол кезден бастап, ол «Бөгенбай шоқысы» аталған. Бұл туралы деректер де бар. Бір айғақ —  1942 жылы жасалған Ақтөбе облысының физикалық картасы. Сол картада Ырғыз ауданындағы бұл орын «Бугумбай» шоқысы деп жазылған. Мұны «Қанжығалы Бөгенбай шоқысы» деушілер бар. Кейінгі кезде ол шоқыны «Табын Бөкенбай шоқысы», сүйегі осында жерленген деген пікірлер айтылып қалды. Мұның да реті бар сияқты. Себебі Табын Бөкенбай — Әбілқайыр ханның қасында жүрген ірі тарихи тұлға. Бір кездегі қазақ қолының бас сардары.  Және де Әбілқайыр ханның ордасының Ырғыз өңірінде болғанын ескерсек, талай жорықтарда белгілі жер есебінде сол шоқының айналасында топтасуы да, басына қарауыл қоюы да әбден мүмкін. Сондықтан атақ-дәрежесі жоғары, ханның қасындағы Бөкенбайды Бөгенбайға шатыстыруы да әбден ықтимал.

Қазіргі күні Табын Бөкенбайдың бейті Байғанин ауданындағы Жарқамыста екені анықталып, белгі қойылды. Ал біздің көнекөз, шежірелі қарттарымыз ол шоқыны «Бөгенбай  шоқысы» деумен кетті. Анығы да солай. Бұған талас болуы мүмкін емес. Расында да, осылай боп шықты, 2008 жылы баспа бетін көрген «Қазақстан табиғаты» деп аталатын екі томдық энциклопедияның бірінші томын жақында ақтарыстырып қарап отырсақ, 272-ші бетіндегі «Бөгенбай» деген мақала көзімізге оттай басылды. Былай делініпті: «Бөгенбай — Шалқар-Ырғыз автомобиль жолы бойындағы шоқы. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз аулынан оңтүстік-батысқа қарай 45 км жерде. Абсолютті биіктігі 240 метр. Оқшау орналасқан шоқының орта тұсы дөңгелек пішінді және көтеріңкі келген. Оның ұзындығы мен ені шамамен 300 м-ге жуық. Батысынан Ырғыз өзенінің кішігірім саласы — Талдысай өзені өтеді. Шоқының басында Жангелді аталығының ру басы, Шектінің батыры Бөгенбай батыр (шамамен 1700-60 ж. өмір сүрген)  жерленген» (астын сызған –  біз). Бұл — ғалымдар ұжымының сан қайтара тексеріп, талқылап, екшеуінен өткен ғылыми тұжырым. Қазақша айтқанда, «сөздің тоқетері», «даудың төрелігі». Бөгенбай атамыздың тікелей ұрпақтарының бірі  Мүсіркегенов Рахметулла деген азамат  атасының басына белгі қоюды парызым деп жүр. Міне, бұлтартпас нақты дәлелі табылды. Сөзін ұстаса, нұр үстіне нұр болар еді. Кейінгі балаға үлгі болар еді. Отарлық езгі астында қалған рухы биіктер еді.

Бөгенбай Ұран Бақтыбай батыр мен «Алшынның ақсақ батыры» атанған Байдалымен талай ел қорғау жорықтарына қатысқан. Әкесі Жапалақ атақты батыр адам екен. Ел ішінде Бөгенбай, Таласбай, Жапалақ, Қарабастың, Жарастың, Қалдыбайдың, Бақтыбайдың, тархан Сегізбайдың ерліктері  аңыз болып  көп айтылады. Бөгенбайдың әкесі Жапалақ пен бірге туған Айдаралы Шектінің атақты билерінің бірі, Ұран  Бақтыбай, Мөңке билермен қатар тұрған. Әбілқайырдың тұсында хан кеңесіне мүше болған. Бұл туралы нақтылы тарихи құжаттар бар. Мысалы, 1748 жылы 5 қазанда Орта жүз және Кіші жүз билері мен батырлары Нұралы сұлтанды хан тағайындауға император Елизавета ханымға хат жазған 32 адамның ішінде: Шекті руының билері Бақтыбай би, Мөңке би, Айдаралы би, Мойнақ би, Бәйімбет батыр, т.б. өз таңбаларын басты деп жазылған (қараңыз: АВПР.Ф.122,1748г.д.8л.л.15об.-16об.). Бөгенбай батырдың інісі Таласбай қалмақтармен соғыста  өлген. Оның ұрпақтарынан көптеген жаужүрек батырлар шыққан, ел арасында «Таласбай, жауға шабады санаспай»  деген сөз бар.  Жоғарыда айтқандай, Шектінің қос көкжалы  атанған ағайынды Елтізер мен Жәлімбет Қуатұлдары, Нұрым батыр —  бұлар елдің жерін де, малын да, намысын да қорғаған адал перзенттері.

Қазақта «Тақыр жерге шөп шықпайды, бастауы болмаса өзен ақпайды» деген бар. Бай да, батыр да, шешен де ізден  шығады. Бір Қабақ  тұқымынан  40 батырдың  шығуы да тегіннен-тегін емес. Бөгенбайдың да  арғы тегі текті, пірлі тұқымнан өрбіген. Арғы атасы Баба Түкті Шашты Әзіз, бергі жағы Едіге  батыр, Мұса хан, Бөлек батыр.

Бүгінгі еліміздің тұтастығы мен бақытты өмірі үшін сан ғасыр бойы жеріне жау беттетпей, еліне дау беттетпей алысып өткен, жаумен жағаласып дес бермеген бабаларымыздың қай-қайсысын да біз іздеуге тиістіміз, олардың ерлігін халыққа жариялау перзенттік парызымыз. Олардың  ірі, уағы, үлкен, кішісі жоқ. Соғыс майданында бәрі де жанын шүберекке түйіп, ажалды кеудесімен қарсы алған   ерлер. Көнекөз, шежірші қариялар тобы азайса да, әлі де ел аузындағы тарихи әңгімелерді іздестіріп тере беруіміз қажет. Қазақтың бұрынғы өмір тарихының өзегі — халық аузындағы әңгімелер.

Өткен батыр бабалардың бейнесі мен Отанын, елін сүйген перзенттік сезімдерін кейінгі ұрпаққа баяндау патриоттық тәрбие берудің бір парасы екенін естен шығармайық.

                                                                                                                                                                        Оразбай  ӘДІЛБАЕВ,

тыл ардагері, Шалқар ауданының құрметті азаматы;

Аманғали МҰХАМБЕТУЛИН,

еңбек ардагері, шежіреші;

Жұма-Назар АСАН, филология ғылымдарының докторы, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button