Қиындыққа қарсы тұрған қайсар қыз

Профессор, медицина ғылымының докторы, ғылыми iзденістері әлемнiң көп елдерiнде ғалымдардың үлкен шынайы қызығушылығын тудырған, Ұлы Отан соғысының ардагері, Берлинге дейін жеткен қазақ қызы Халида Есенқұлқызы Маманова — біздің мақтанышымыз.
Халида Маманова Талдықорған облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Ауқатты, текті әулеттен шыққан Халида 10 жасында әкесімен бірге қуғын-сүргінге ұшырап, Пермь қаласына жер аударылады. Қапал қаласы құрылысында ерен еңбегі үшін Ресей империясы әкесі Есенқұл Мамановқа граф деген титулды берген болатын.
Халида Есенқұлқызы қысқа курстарда оқуды бастап, алдымен техникумға, сосын 1937 жылы медицина институтының бірінші курсына түседі. Бірақ ататегін феодал деп таныған коммунистер қызды комсомолдан, сосын оқудан шығарады. Кейіннен Халида әрең дегенде қайтадан оқуын жалғастырады.
Халида Маманова 1941 жылдың 31 желтоқсанында Молотов атындағы Қазақ медицина институтын тәмамдап, емдеуші-дәрігер мамандығын алды. Содан соң Ғылым академиясында физиология институтының аспиранты болып, тағы да оқуда қалды. 1942 жылдың ақпанында әскер қатарына шақырылды. Медицина институтының түлегіне лейтенант шені берілуі тиіс болатын. Бірақ Халидаға ондай лауазым бұйырмады. Тіпті оған медбике болуға да рұқсат етілмеді.
Өзіне тиесілі шен мен әскери лауазымын ала алмаған Халида бірден Сталинге хат жазды. Бірақ көп уақыт өтпестен, Халида сотталғандар мен саяси тұтқындардың арасынан бір-ақ шықты.
Одан соң Халиданы авиабатальонға ауыстырды. Әскери қызмет 821-батальонда жалғасып, Халида амбулаторияның бастығы болып тағайындалды. Батальон Сталинградтың түбіндегі кескілескен айқасқа басынан аяғына дейін қатысты. Одан соң 4-Украина, 3-Беларусь майданының құрамында Балтық жағалауын азат етіп, 1 және 2-Украина майдандарының құрамында Польша, Чехославакия, Германия, Австрияны азат етті.
Халида Есенқұлқызы осылайша Германияға да жетті. Оған 1943 жылы ғана медициналық қызметтің аға лейтенанты деген шен берілді. Халида Есенқұлқызын «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттады. 1945 жылы майданда жарақат алып, елге қайтарылды.
1946 жылдың ақпанынан бастап Қазақ медициналық академиясында патологиялық физиология кафедрасына ассистент қызметімен жұмысқа тұрып, 1950 жылдың қыркүйегінде кандидаттық диссертациясының тәжірибелік кезеңін аяқтады. Бірақ тағы да ата-бабасының бай болғандығы Халиданың жолын кесті. Ғылыми жұмысын қорғауға мұрша бермеді.
Халида еңбегін Мәскеуде қорғап, медицина ғылымының кандидаты деген атақ алды. Кейіннен бүкіл Кеңестер елінде «дәрігерлер ісі» басталғанда, Халида Есенқұлқызы да осы алақұйынның назарына ілікті. Жетекшілері Халидаға тауға кете тұруды, кейін бәрі орныққасын, сақтандыру дәрігері болып оралуға кеңес берді.
Сосын Халиданы Қарағанды қаласындағы медицина институтына жіберді.
Ал 1959 жылы Ақтөбе қаласында жаңадан медицина институты ашылып, ректоры болып тағайындалған курстасы кафедра меңгерушісі ретінде шақырды. Халида сол қызметте жиырма жыл тапжылмай жұмыс істеді. Дәл сонда отырып, докторлық диссертациясын қорғады. 1969 жылы жоғарғы аттестациялық комиссиясының шешімі бойынша, медицина ғылымының докторы атанды. Қатерлі ісік туралы ғылыми еңбектері Парижде өткен халықаралық конгресте оқылды.
Докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғап, елге оралғасын, Халида Есенқұлқызы студенттер арасында халық аспаптары ансамблін құру туралы бастама көтерді. Сол-ақ екен, обкомнан шақыртып, дереу дәрігерді «ұлтшыл» деп айыптап, «социалистік ағарту және білім беруге қауіп туғызушы» ретінде бағалады. Халиданың Мексика мен Орталық Америкаға жасамақ болған сапарының жолын кесті. Тек социалистік Болгарияға баруға ғана рұқсат етті.
Халида Маманованың ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының Оңтүстік-батыс ауданындағы көшелердің біріне қазақстандағы бірінші профессор-әйел, медицина ғылымының докторы Халида Маманованың есімі берілді.
А.ІСКЕНДІРОВ,
медицина қызметінің полковнигі.



