МәдениетТұлға

Ертай Ашықбаев — 60

Алдағы жексенбіде қазақтың белгілі ақыны, 2016 жылғы Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының,  Қазақстан Жазушылар одағы  Шәкәрім Құдайбердиев атындағы, Қазақстан Журналистер одағы Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлықтарының  иегері, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры  Ертай Ашықбаев 60 жасқа толады.

Алдарына келген  жас талапкердің Ақтөбеден екенін естігенде астаналық немесе алматылық қаламгерлердің: «Е, Ертайдың ауылынан екенсің ғой…» — дейтінін жиі естиміз. Демек, қалам ұстаған қауым үшін Ақтөбе, ең алдымен, Ертайдың ауылы!

Ертайдың шығармашылығында  Ойыл мен Қиылдың, Ырғыз бен Торғайдың, Жем мен Сағыздың, Елек пен Қарғалының, Қобда мен Бабатайдың жылы ағысы бар. Ашықбаевтың он кітабы қазақ әдебиетінің  дариясына осы он өзен болып қосылды. Оның өлеңдерінен облыс аумағында өсетін күллі өсімдіктің исі аңқиды. Ендеше, Ақтөбенің «Ертайдың ауылы» екеніне, оның есімі әдеби орта үшін өңірдің төлқұжатына айналғанына таңғалуға болмайды.

Ертай Ашықбаевтың тағы бір ерекшелігі — балалар әдебиетіне қомақты үлес қосқандығы. Өлеңдері  мектеп оқулығына енген, балалар әдебиетіне арналған мүшәйраларда үнемі топ басынан  көрінетін оны республикада танымайтын балапан аз. Ал «Патшалардың»  көңілінен шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Ертай Ашықбаев  қазақ тілінде «сөйлеткен»  Хуан Рамон Хименес, Ярослав Сейферт, Стефан Георге, Герман Гессе,  Пауль Целан, Райнер Мария Рильке, Збигнев Херберт, Уильям Батлер Иетс, Джон Китс сияқты әлем әдебиетінің классиктерінің шығармалары ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтіп, сан  түрлі бояу қосты.  Ал оның қатарластары туралы жазған әдеби мақалалары топтастырылған кітабын ең кіді оқырманның өзі жылы қабылдады.

Ал журналист ретінде өз Ақтөбесінде Ашықбаев қатыспаған, Ашықбаев қалам сілтемеген мәдени шара аз. Демек, Ертайдың мерейтойы — берісі Ақтөбенің, арысы күллі қазақ әдебиетінің тойы!

Біз барша Ақтөбе жұртшылығын осы тоймен құттықтай отырып, ақын туралы әр жылдарда жазылған пікірлер мен оның өз өлеңдерін ұсынып отырмыз.

 

АҒА БУЫН ЫҚЫЛАСЫ

 Марфуға АЙТҚОЖИНА, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

«Қазақ поэзиясына сексенінші жылдары келген талантты жас ақындардың ішінде Шаһизада Әбдікәрімов, Серік Ақсұңқарұлы, Шәмшия Жұбатовалармен қатар ақтөбелік Ертай Ашықбаевтың есімі айрықша аталады.

…Менің байқауымша, Ертай Ашықбаевты өз құрбыларынан даралап тұрған екі фактор бар. Бірі — жылы юмор, екіншісі — еркін тыныс…

…Бір ойландыратын нәрсе — жас ақындар көп, жақсы ақындар аз. Ертай — сол жақсы ақындардың бірі…».

(«Ертай Ашықбаевтың өлеңдері хақында», «Жалын» журналы, 1986 жыл, №6).

 

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

«…Біздің топта Қазақстанның бес облысын қамтыған он ақын болды… Ақтөбеден келген ақын Ертай Ашықбаев есімі өлеңсүйер қауымға белгілі. Ол бұл кеңеске дейін көрінген талапкер. Мен оны осы топтың басы деп айтар едім. Тақырыбы жан-жақты. Ойы есейген, қолтаңбасы қалыптасқан ақын. Күрделі ойды көп қуатын жас…».

(«Айдынға ғашық ақ желкен», «Лениншіл жас» газеті, 28 сәуір 1989 жыл. Жас ақын-жазушылардың кеңесінде сөйлеген сөзінен).

 

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

«…Әрбір армия әр жыл сайын жас сарбаздармен жаңаланып, толығып отырмаса, қол қожырайды. Әдебиетке де жас таланттар қосылып отыруы абзал. Осындай табиғи талап мұнарасынан қарағанда қазақ балалар әдебиеті соңғы екі съезд аралығында өз сапына көңілдегідей көп күш қосты дей алмаймын. Өз басым екі-үш-ақ есімді атай аламын. Олар — Өтепберген Ақыпбеков, Ертай Ашықбаев, Сәбит Дүйсенбиев. Жүрегіңді оң қолыңмен басып тұрып айтсаң, бұлардың өзі бұрынырақта төбе көрсеткендер, соңғы жылдарда таланттың жаңа қырларын ашып, кең тынысын танытты, қаламдары төселуде. Міне, бұлар өнер опасыздығына аяқ баспас балалар.  Әдебиеттің баянды сарбаздары. Әттең, бес жылға бұл топ өте аз…».

(«Бар жақсы — балаларға дейміз, расында да солай ма?», «Жас Алаш» газеті, 28 тамыз 1991 жыл).

 

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

«…Ал қатарымызда қалам толғап жүрген бір Ертайдың өзі бір облыстың маңдайына аздық етпейді десем, артық бағалағандық болмас…».

(«Шыншылдығымен шырайлы», «Ақтөбе» газеті, 4 маусым 1999 жыл).

 

Исраил САПАРБАЙ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы және «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты:

«…Мысалы, мен Алматыда тұрып Маңғыстаудағы Светқали мен Сабыр Адайды сағынамын. Ақтөбедегі Ертайды іздеймін. Семейдегі Тыныштықбекті көргім келеді, әрі-беріден соң өзіммен өкшелес Серік Ақсұңқарға барып сәлем бергім келеді…».

(«Тарлан» талант таңдайды», «Ақжол-Қазақстан» газеті, 7 ақпан 2003 жыл).

ЗАМАНДАСТАР ЛЕБІЗІ

 Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

… «Жалын» баспасынан тұңғыш кітабын шығарған Ертай Ашықбаевты алыңыз: әдебиетімізге әлемдік мәдениетті поэзияның қадір-қасиетін бойына әбден сіңірген, ешкімге ұқсамайтын Жаңа Ақын келді. Егер бір баспа жыл сайын осындай Бір Ақынның бетін ашып отырса жетер еді!..».

(«Біздің анкета», «Қазақ әдебиеті» газеті, 16 шілде 1988 жыл).

 

Есенғали РАУШАНОВ, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

«Ертай Ашықбаев — менің ең сүйіп оқитын ақындарымның бірі. Неге? Өлең деген, біріншіден, тазалық. Мен ақын Ертайдан да, азамат Ертайдан да сол тазалықты көремін… Осындай аламантасыр, алмағайып кезеңде өмір сүру бір абзал болса, өлең жазу — екі азап. Ертайға сүйсінетініміз — осындай заманда өзінің табиғи пәктігін сақтап қала алды. Сол үшін құрмет пен даңқ ақынға!

Бәлкім, келісерсіздер, ал келіспесеңіздер, патша көңілдеріңіз білсін — Ертай өлеңдерінен орта ғасыр сопыларының дүниетанымы байқалады. Тәркі дүниеге қолды бір сілтеп, бәрінен баз кешу емес, атан белін қайыстырар ауыртпалықты, ер-азаматқа етігімен су кештірген аласапыранды жылап-сықтап немесе сөге жамандап қара есекке теріс мінгізіп қоятын байбалам поэзия емес, нені де болса күліп қарсы алатын биік поэзия…».

(«Сопылардан соқпақ тартқан», «Ақтөбе» газеті, 20 сәуір 2006 жыл).

 

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:

«…Палитрасы бай, образы оқшау, жан құбылыстары қатпарлы драматизмге бастап, шешімді сөзін де тосындау айтатын, ағысы шапшаң, өлеңі шуақты ақынның бірі емес, бірегейі — Ертай Ашықбаев.

…Ертай ақын поэзиясы — жасыны жарқылдап, найзағайы шатырлап тұрған поэзия емес. Ертай ақын салиқалы сырын орамды образға орап ұсынуға шебер. Сызылтып салар әуені қарапайым қалпымен-ақ жан-жанарыңды жәудіретіп, қабырғаңды қақыратып кетеді. Ақын абстракциядан гөрі нақтылыққа, композициялық тұрғыда формалық ізденістерге, ой астарымен поэзиямыздың бояу, түрін дамыта түсуді мұрат ететін сияқты. Салбурыннан іздің сонысын іздеген аңшы сияқты Ертай Ашықбаев ақын…».

(«Өзек болар өмір көп жырға мұнда…», «Қазақ әдебиеті» газеті, 21 сәуір 2006 жыл).

СЫН СИПАТЫ

 Гүлзия ПІРӘЛІ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталықтың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор:

«…Оқырман қауым бұрындары Ертайды ақын ретінде таныса, өткен жылдан бері әдеби көзқарастары қалыптасқан, ойы орнықты, поэзия поэтикасын танып-талдауға пайым-парасаты жетерлік сыншы екендігіне көз жеткізеді. Ертай Ашықбай ұлт әдебиетінде өзіндік орны бар, әдеби ортада мойындалып, бағаланған ақындар шығармашылықтарын әріптес ретінде талдап, өз бағасын беруге моральдық та кәсіби құқығы барлығын танытқан. Ең бастысы, сыншы-автор поэзия табиғатын терең танып, көркемдік-эстетикалық талғаммен талдай біледі…».

(«Сынның міндеті — жақсы шығарманың бағын ашу», «Қазақ әдебиеті» газеті, 29 мамыр 2015 жыл).

 

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, сыншы:

«…Еске түседі. Бір аңыз бар. Қарлығаш бей­­шара Тамұқта мәңгі өртеніп жатқан адам­ға жаны ашып, шырылдап қанатымен су себеді екен. Дәл сол қарлығаштай адамды сүйіп, оның бойынан тек жақсылық көретін адам да бар. Мейірім мен жылулық Аралдай тартылып, бүгінгі пенделер бір-біріне сатусыз сәлем бермейтін мына за­ман­да апта сайын бір ақынның жақсылығын жария етіп, елге танытып жүрген бір азамат бар. Тілінен бал, көкірегінен күн шуағы төгіліп, жаны тек жақсылыққа ұмтылып, қанша адамға қуаныш сыйлап жүрген осы адамның еңбексүйгіштігін мен удан да бал жасап шығаратын бал арасына теңер едім. Ол — Ертай Ашықбаев бауырымыз. Ертайға рақмет. Ол біздерді, оқырманды, өлеңді, ақынды сүюге, ақынды түсінуге және баға­лауға үйретіп жатыр. Мұның өзі тәрбие…».

(«Күлігіне күміс жүген тақтырған», «Қазақ әдебиеті» газеті, 19 тамыз 2015 жыл).

ІНІЛЕР ІЗЕТІ

 Талғат ЕШЕНҰЛЫ, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

…«Қазақ әдебиетіне» өлеңі шыққанның немесе Абай ескерткішінің алдында өлең оқығанның бәрі ақын емес. Өлеңді сен зорлықпен меңгермеуің керек, өлең сені меңгеруі керек. Өлеңнің малайы болуға тиіссің. Сонда сен нағыз ақынсың — Ұлықбек, Есенғали, Ертай ағаларымыз тәрізді…».

(«Күнді көру үшін шам жағудың керегі жоқ», «Қазақ әдебиеті» газеті, 4 қазан 2013 жыл).

 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, жас ақын, сыншы:

…«Өзіңнің ақын, я ақын еместігіңді білу үшін жастарға қара. Егер олар сенің жазғандарыңды оқып жүрсе, ақынсың» — деген өз өлшемімен өзіне қарап көрейік. «Ду қол соққан дүрмектің өкілін» жастар оқиды. Күні кеше өзіміз де университет қабырғасынан шықтық. Біз ылғи да айтатын тізіміміздің ішінде міндетті түрде Ертай Ашықбаев жүрер еді…

…Ақтөбе жаққа кетпес бұрын Алматыға бауыр басқан ақынның жырларында Алматыға деген сағыныш ерекше байқалады. Шығармашылығының негізгі бір тақырыбы — осы…

«Алматы — Ақтөбе. Курстастарға» деген өлеңінде екі буынның келбеті бар. Екі бөлек мезгілдегі бір қаланың шағын портреті зерленіп, салтанат құрған. Ертай эстетикасы, көркемдік өлшемі қоғамдағы құбылыстарды басқа ақындардан өзгешелеу екшейді. Оның өлең жазудағы техникасы қатып қалған қалыпқа сыймайды. Ақындық түйсігі сезген жағдайлардың бәрін неғұрлым кеңінен қамтуға тырысатын қасиеті лириктерге тән сезімталдық пен философиялық бағытта «білімді» болуға талпынып жүрген ақындардың бар мүмкіндігінен асып түсіп жатады. Ақын философиясы белгілі бір заңдылықтарға бағынған емес. Оның сезім барометрі, қала жайындағы поэтикалық күші сірескен қағидаларды тас-талқан қиратады. Бір тармаққа бойын кернеген сезім қуатын еркін сыйдыра алады. «Екі жолдың арасын оқу» принципімен ақынның үш нүктелерін оқыңызшы. Оған әркім әртүрлі тәпсір жасап, көп жайтты қозғауы да мүмкін. Ақын оны оқырманның өз көрегендігіне қалдырады. «…Күзі….Мұңы…Қызы…Гүлі…» секілді сөздердің арасындағы сансыз сөйлемдердің ішінде Ашықбаев қана сезіне алатын, айта білетін ойлардың жатқанына бір сәт күмәнданбайсың…».

(«Ертайдың Алматысы», «Қазақ әдебиеті» газеті, 28 қараша 2014 жыл).

БАСЫЛЫМДАР БЕТТЕРІНЕН

 «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» газеті:

«Ақтөбеден Алматыға келген жұртты көрсек болды, Ашықбаевты сұрайтын әдетіміз бар. Ашықбаев біз үшін ғазиз дос, ізетті іні, жүрегі ыстық бауыр ғана емес, Ырғыз бен Шалқардың, Қобда мен Ойылдың киелі өңірін жайлаған байтақ елдің ақыны. Ертайдың есендігін сұрағанымыз бозторғайлы далаға қонған өлеңді, поэзияны сұрағанымыз болып шығады….»

(«Мен тәуелсіз өлеңдердің авторымын», 14 мамыр 2004 жыл).

 

«АНА ТІЛІ» газеті:

«Жұрт ойлайды, жақсы ақындардың барлығы Алматыда тұрады деп. Алматы ақындардың астанасы екені рас. Бірақ сол мықтылардың бәрі ауылдан келетіндіктен, олардың елде тұрақтап қалатындары да жеткілікті. Содан да Ақтөбе десе, есімізге Ертай Ашықбаев түседі.

Қазақ поэзиясының құнарлы топырағын «бісміллә» деп аттағаннан өз даусымен көрінген ақынның «Қос мең», «Жақсы баға», «Ұя» «Ашық сабақ», «Ғашықтар мектебі» деп жалғасатын жыр жинақтарының атауларынан-ақ қолтаңбасын бағамдай бастайсыз…».

(«Поэзия», 21 мамыр 2006 жыл).

 

«ҰЛАН» газеті:

«…Кейбіреулер атақты, танымал ақын не жазушы болу үшін Алматыда не Астанада тұру керек деп ойлайды. Ол ойының теріс екенін ақын Ертай Ашықбаев ағаларыңның өмір жолына қарап та аңғаруға болады.

Ертай Ахатұлы Ақтөбе облысының Темір ауданында Бабатай ауылында туған. Алматыда ҚазМУ-де білім алған жылдары болмаса, ылғи сыртта, Ақтөбе қаласында. Соған қарамай-ақ есімі еліміздің жұртшылығына кеңінен танымал. Өйткені үлкендерге жазған өлеңдері де, сендерге арналған өлеңдері де шетінен балдай шырын….».

(«Сырсандық», 11 сәуір 2006 жыл).

Ертай АШЫҚБАЕВ

 ЖАРЫССӨЗ

 Зор қоғамның, не беделді Кеңестің,

Төрағасы емеспін.

Олай-былай барған кезде, әрине,

Мәшинемен алып жүрмес мені ешкім.

 

Жазу, сызу — маған қонған бақ, талап,

Дерсіз, бәлкім: «ал, не жаздың, мақтан-ақ».

Әттең, әкем халық жауы болмапты,

Жазар едім бір поэма… ақтап ап…

 

Қозы бақтым. Үйрек бақтым. Қаз бақтым.

Ғашық болдым — тарттым сонда аздап мұң.

Диссиденттік маған қайдан бұйырсын —

Үкіметке қарсы өлең жазбаппын.

 

Жаза қояр дерек таппай мүлде мен

Қиналамын. Жиналыста үндемен.

Алматыдан кетіп қалғам ертерек —

Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен.

 

Брежнев, асыл задам, құрметтім,

Сізді… және Қонаевты үлгі еттім.

Өкілімін ду қол соққан дүрмектің,

Мен — күріштің қасындағы күрмекпін.

 

Жиналыста көбеңсиді көңілім,

Маған назар аудармайды көп інім.

…Жарыссөзде айта салар ерлігі

Емге де жоқ, ай-хай, менің өмірім.

 

СОЛДАТТЫҚ АЛЬБОМ. ВЕСПРЕМ ҚАЛАСЫ

 О, көп емес қалған мұрам ескіден,

Ең ескісі —

таңғы тыныс,

кешкі дем.

Мына сурет —

Венгрия,

Веспрем,

Жолдас болдық біз де талай естімен.

Кейде көңіл әл заманды аңсаса,

О, қонбайды,

қонбайды ғой ешбір ем,

Диагноз қою қайда тестімен?!

Веспрем шәр,

қандай адал кескін ең,

Орындаған бұйрықтарым,

о, қанша,

Оралмай ма алғыстарым естіген?

 

Шинель,

етік,

қару-жарақ —

көк мұздай,

Қомданамыз қонған құстай топ бұзбай,

Біздер бұрын жылынамыз,

от қызбай.

…Емес пе екен біздің қыпшақ тұқымы —

Әнеу жерде тұрған сұлу топ қызды-ай!

Ең қиыны мұндай шақта,

Жүректі

сақтап қалу мұң-шойтасқа соққызбай.

Қай көктемге арызыңды айтарсың,

Аялайды мейірімі жоқ күз қай?..

 

Өкпелетіп бүгін қазақ даласы,

Оянса да кейде жүрек жарасы,

Булықса да көйлегімнің жағасы,

О, өкпем жоқ,

Еуропа қаласы.

Алып кетті сенен қанша әсем сыр,

Әрбір үйдің әлпештеген баласы.

Әлі күнге,

беу,

жүр ме екен қалықтап,

Қыпшақ-қызды көру үшін анықтап,

Он сегіз бен жиырма жастың арасы?

…Қарашы!

ЖУРФАКТЫҢ СТУДЕНТТЕРІ

 (1980-жылдарғы суреттер)

 Аман жүрсе, ертеңгі кіл мықтылар,

Мол табысқа толады уыстары.

Әзірше қарапайым тірлік қылар,

Әзірше туыс бәрі.

 

Қатысады, әрине, дәріске де,

Тойлардан да қалмайды,

қала алмайды.

Ылғи үлес қосады вальске де,

Әр жаққа алаңдайды.

 

Ерте жатпақ ойда жоқ,

кеш тұрады,

Кеуделерге, о, қайтіп, саз қонады?

Бұларды баптамайды ешкім әлі,

Бапсыз піскен тамақ та аз болады.

 

Не десін,

түсінеді жатақхана,

Тақтайдай тегіс емес жол қашанда.

Әу баста қандай болды атақты аға?

Ұқсап бақ,

болмасаң да.

 

Мінеки,

ұқсамасаң тумағырлар,

Көріңдер, таң қалыңдар.

Беу, күндер, әрлі-берлі зуладыңдар,

Әрине, зарладыңдар.

 

Құлақ аспай болмайды зарға мына,

Қайда біздің деканат ұсынған із?

…Бұлар әлі түседі қармағыңа,

Баспасөз,

қысылмаңыз!

 

Министр де болады бұлар әлі,

Бұлар әлі өседі, түзеледі.

Бек тізімге енеді мұралары,

А, бәлкім,

күзеледі.

 

Ақылдары кіреді алқынғасын,

Азамат боп шығады дұрыс нағыз.

Ал әзірге жайнасын, жарқылдасын,

Мен солардың бірі едім,

…Ұрыспаңыз!

 

АЛМАТЫ – АҚТӨБЕ

 Курстастарға

 Сол кеткеннен, әйтеуір, шешпедім бел,

Көп сортақты біледі кешкенімді ел,

Біледі кейде жел боп ескенімді ел,

Енді сәл дес беріңдер.

…Алматыны… сол жылы… бұл менен де…

Алып қалып едіңдер… не істедіңдер?..

Күндіз кімдер жүреді біздей қалқып,

Біздей балқып жүреді кешке кімдер?

…Маң-маң басқан әнеу бір кербездердің

Көкейлерін неліктен теспедіңдер?

…Альбомда қандай сурет сақталыпты,

Түседі оңашада еске кімдер?

 

Мына жақта жүрегім жүз ұлыды,

Алматының тәтті еді… Күзі… Мұңы…

Көп еді аңқау аға, қызық іні,

Әрине, көркем еді… Қызы… Гүлі…

Алматының сол сәнін тартып алған —

Өмір деген ақылсыз бұзық ұры.

Солай ма, құрметті М.Талдыбаев,

Солай ма, қадірлі М.Ізімұлы?!

 

Ашылмайды, әйтеуір, күн қабағы,

Бұлақ бастан осылай бұлғанады,

Осылайша дүлдүл күн ұрланады.

Біз көрмеген біреулер тепсінеді,

Біз көрмеген біреулер бұлданады.

…Біздер кезген бақтарға кім барады?

Алматының мөп-мөлдір жылғалары

Жүрген жоқ па шілдеде құрғағалы?

Құм астында көміліп жатыр ма екен

Біздің шашпа қыздардың сырғалары?

…Сол кеткенде… сол жылы… бұл менен де…

Алып қалып едіңдер бұл қаланы…

 

Мұңайғаным болмаса күзде кей күн,

Мен сендерді аса көп іздемеймін.

Бір бөрікке сыймайтын бір басымда

Кесірлігі бар, сірә, жүз кедейдің,

…Ақтөбенің шаттығын үзбегей күн.

Мынау Күләй ханымның мойнындағы

Жоғалмайтын ақ моншақ тізбедеймін.

…Сондағы… алып қалған Алматыңыз…

Қайырлы бола берсін Сізге деймін.

 

БІР ӘҢГІМЕ

 Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,

Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.

Ойыл — мынау,

Қиыл — анау,

содан соң…

Алматыны көргім келді,

көрдім мен.

 

Ерте солып біздің жақта бүлдірген,

Бөлісуге жарамады құрбыммен.

Бақша — шағын,

көше — шолақ,

әрине,

Алматыда жүргім келді,

жүрдім мен.

 

Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,

Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.

Күндер болды көкірекке леп кірген,

Түндер болды аздап азап шектірген,

Шуақ анау,

көз жасымды кептірген.

Мен —

Ақтөбе өлкесінің өзені,

Алматыдан кеткім келді,

кеттім мен.

 

Алматыңыз сол еді,

Енді, міне, ертіп келіп көнені,

Аспан неге мазалайды,

о, мені,

Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді,

Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді?

Бір сынық мұң түрткілейді,

төнеді,

Мен білмеймін,

не сұрайды ол менен?

…Ай, жөн еді Алматыны көрмеген,

Алматыға бармағаным жөн еді..

 

ЕЛУ АЛТЫНШЫ ЖЫЛЫ ТУҒАНДАР

Жаңартыңдар жүректеріңді ескірген,

Жайнаңдар. Кәдімгідей тулаңдар.

Кем емессіңдер ешкімнен,

Уа,

елу алтыншы жылы туғандар!

 

Рас, өмір шаршатты,

Кезікті тірліктің түрлі лебі.

Көрдік қаншама бану-күнді, бал-шақты,

КазГУ-дің гүлдері үлбіреді.

 

Бай болдық қызыл-жасыл түрге енген,

Күн кештік маңдайымызды мұң тұтпай.

Уа,

мына Шаһизада кімнен кем,

Кімнен кем әйтпесе Мылтықбай?!

 

Кем емес. Артық.

Болдық. Толдық.

Ұштық аспанда қалқып,

Қондық.

 

Келіңіз. Қоныңыз қасымызға,

Демімізге ерімейді нендей сыз?!

«Біз сендердей жасымызда…»

Әрине,

сенбейсіз.

 

Әрине,

әңгімеміз тыңдалмайды,

Жаз өтті, гүл — ғайып; қыс келді, алма — ғайып.

Өмір, біз болмасақ, кімді алдайды?

Жарайды,

алданайық.

 

Алданайық. Көрсетейік ырза көрік,

Өткен-кеткен өкініштерді қазбаламаңдар, қумаңдар.

Жүрейік аңқау мырза болып,

Уа,

елу алтыншы жылы туғандар!

 

Гүл қашан солады, жауады қашан қар?

Оған көңіл бөлмеңдер.

Сөйтіп, ұзақ жасаңдар,

Мүмкін болса,

…өлмеңдер!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button