Денсаулық

Жүрек және ауа райы

Алдағы күндерде ауа райы өзгеретінін жүрегі ауыратын адамдар көбіне дәл айтады. Тиісті құрал-жабдықтар арқылы анықталып, тіркелетін атмосфералық өзгерістерді сырқат адамдардың бірнеше күн бұрын сезетіндігі белгілі.

Ауа райы өзгерер алдындағы электр магнитті толқуларға ағза тітіркенгіш келеді. Ал электр магнитті толқу күн активтілігі жағдайына байланысты.

Мысалы, күн көзінде магнит дауылы жүріп тұрған күндерге қарағанда, басқа күндері сырқат адамдардан қан тамырының жарылуы аз байқалады. Ауа райы өзгерердің алдында жүрек-қан тамырлары ауыратын адамдардың 30-60 пайызының бастары ауырып, басы айналады, жүрегі шаншып ауырады.

Әдетте, күзді күндері, қыста және көктем кезінде миокард инфарктісімен ауыратындар көбейіп кетеді, қан қысымы жоғарылайды. Ал жаз айларында қан қысымының жоғарылауы, жүрек талмасы және миокард инфарктісі аз байқалады.

Сонымен, адам ағзасына ауа райы қалай әсер етеді?

Аса ыстық немесе тым суық температураның әсерінен ағза шамадан тыс ысып немесе суып кетеді. Суықта ағзадағы зат алмасуы едәуір артады, терінің жіңішке қан тамырлары тарылып, тері тоңазиды.

Керісінше, күн ыстық болса, тамыр соғуы жиілеп, артериядағы қан қысымы едәуір төмендейді. Жаздың күні ыстықтың бір қалыпты кездерінде, гипертонияның жеңілдеу түрімен ауыратын адамдардың хал-жағдайларының тәуір болатыны, міне, осыдан. Бірақ ыссы күндері жүрек қызметі нашарлап кетеді, өйткені энергияның көбісі ағзаның аса қызып кетуіне бөгет жасау үшін жұмсалады. Сол себепті бұл кезеңде қан қысымы жоғары адамдар сақ болғаны жөн.

Далада суық жел соғып тұратын күндерде гипертониямен ауыратын адамдардың қысылып қала беретіні, ал стенокардиямен ауыратындардың көкірек тұсы ауруы ұстап қалатындығы жиі байқалады. Барометрлік қысымның өзгеруі қанның оттегімен қанығу дәрежесіне әсер етеді.

Егер барометрлік қысым төмендейтін болса, онда ағзаға керекті оттегін алу үшін қан айналымы мен тыныс мүшелерінің қызметі күшейе түседі. Денсаулығы дұрыс адамдар бұл реакцияны сезбейді, ал сырқат адамдар кішігірім өрге шыққандай қиналып қалады. Барометрлік қысымның ауытқуы артериялық қан қысымына, тамыр соғысына әсер етеді.

Ауа райы құбылмалы болатын көктем және күз айларында сырқат адамдар  өз денсаулықтарына ерекше ұқыпты болуы керек. Өйткені ағза ауа райының күндік, сағаттық құбылыстарына дейін сезгіш келеді.

Осы тұста ауа райының өздігінен ешқандай дерт ала келмейтінін айта кеткеніміз жөн. Алайда  оның кейде ізі қалған ауруды қоздырып жіберуге себепші болатын кезі де болады.

Ал метеорологиялық құбылыстардың қолайсыз әсерлерінен қалай қорғануға болады? Ағзаның  жергілікті жағдайға бейімделуін күшейту үшін оны жаттықтырып, шынықтырудың мәні зор.

Далада, таза ауада аз жүретін адамдарға ауа райының қандай өзгерісі болса да дереу әсер  етеді. Дала ауасын «ұмытып» кеткен оларды  сыртта жүруге бірте-бірте дағдыландыру қажет.

Әдетте ағзаға жақсы әсер ететін климаттық факторлармен — ауамен, сумен шынығып, жаттыққан жақсы.  Жүрек-қан тамыр аурулары бар адамдар ағзаларымен сумен шынықтыратын болғанда, суды бірте-бірте салқындата, сақтықпен пайдалануы тиіс.  Ауа  ваннасын қабылдау өте пайдалы. Оны бастаған кезде ауаның жылылығы 20 градустан кем болмауы керек. Ауа ваннасын ауасы таза бөлме ішінде жыл бойы қабылдай беруге болады.

Жүрек-қан тамырлары ауыратын адамдар ауа құрамындағы химиялық өзгерістерді аса сезгіш келеді. Жаздыгүні қылқанды қалың орман ауасында скипидар мен озон төгіліп тұрады. Бұл өкпе, жүрегінде ақауы бар адамдарға ауыр тиеді. Сырқат адамдардың мұндай орманды жерлерде жаз емес, жаңағыдай ұшпалы заттары аз болатын қыс айларында тыныққаны пайдалы.

Қан тамырларын ширату, ағзада зат алмасуын жақсарту, жалпы шынығу үшін күн сәулесін орынды пайдалана білуі керек.

Суға шомылу,  ысқылану, душқа түсу ағзаны шынықтыру үшін қажет. Салқын су  ем-шаралары жүйке жүйесінің ауруларына қарсы қолданылады, бұлар ағзаның  сыртқы әсерге төзімділігін күшейте түседі.

Шынығудағы басты шарт — аздап көп мөлшерге бірте-бірте көшіп, соған дағдылану. Ем-шараның қандай әсер еткенін адамның  өзі де байқай алады. Бұл үшін ем-шарадан кейін жүрегі соғып, алқынды ма, жоқ па, осыны байқау да жеткілікті.

Дене шынықтырудың  маңызы ерекше, әсіресе, оның жаттығуларын далада жасаған жақсы. Дене шынықтыру тәсілдері жүйке жүйесінің жалпы қабілетін күшейтіп, ағзада зат алмасу үдерістерін арттырады,  сол кезде күш түскен бұлшық еттерде  артериядағы қан қысымын төмендететін заттар пайда болады.

Атеросклероз, гипертония сырқаттары бар адамдарға таза ауада жайлап қыдырыстап жүрген, дене шынықтырудың жеңіл түрлерін ақырындап істеген өте пайдалы. Жайлап  аяңдап жүрудің өзі ағзаны түгелдей жаттықтырып, ширатып тастайды. Сырқат адам  барып-қайтатын жерін, жүріс жылдамдығын өзінің шама-шарқына қарай белгілеп алғаны  жөн.

Гүлбану АЙБЕРГЕНОВА,

дәрігер.

«Денсаулық жолы» қарауылкелдіге қадам басты

Республикамызда жыл сайын «Денсаулық жолы» атты кең ауқымды акция өткізіліп келеді.  Оның мақсаты—ауыл тұрғындарына аса маңызды аурулардың алдын алуда жасалатын шаралар, оның пайда болу қаупін азайту жөнінде медициналық ақпараттық оқыту арқылы мағлұмат беру.

Биылғы акцияда диабеттің алдын алуға ерекше назар аударылды. Себебі, елімізде осындай дерт 162 мыңнан астам адамда кездеседі екен.

Қант диабеті — созылмалы ауру, қанда қант (глюкоза) деңгейінің көбеюінен пайда болатын дерт. Сонымен қатар қант диабетінің жүректің ишемиялық дерті мен инсульттің пайда болуын 24 есеге, қан тамыр қысымын 3 есеге, бүйрек ауруын 17 есеге, аяқ гангренасын 20 есеге арттыратын да қаупі бар.

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері бұл жолғы сапарын Байғанин ауданынан бастады. Аудан орталығы Қарауылкелдіде 83 адам тексерістен өтіп, 7 адамда қандағы қант мөлшері жоғары екені анықталды. Біршама ауыл тұрғындарына медициналық кеңестер ұсынылып, емханаларға жолдамалар берілді. Сонымен қатар тұрғындарға салауатты өмір салтын қалыптастыру аспектілері және зиянды заттардың алдын алу туралы жаңа технология әдістемесін қолдана отырып, семинар – тренинг өткізілді.

Орталық дәрігерлері Жарлы станциясындағы фельдшерлік пунктте болып, 42 адамды тексерістен өткізді. Бұнда 6 адамда қант диабеті бары анықталды. Сонымен қатар дәрігерлер осы ауылдағы мектепте болып, жоғары сыныптың 70-ке жуық оқушысының бойын, салмағын, денсаулығын бақылады.

Акция барысында Байғанин ауданының аудандық емхана меңгерушісі Нұркен Орынбасұлы сөз сөйлеп, осындай шараның маңызының зор екендігін айтты. Байғанин ауданында өткен «Денсаулық жолы» акциясында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері Р.Қабылова мен Ж.Сәтқұлова ауыл тұрғындарға қызмет көрсетті.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ.

Сайыс тақырыбы — салауатты болашақ

Ақтөбе қалалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында «Менің денсаулығым — менің болашағым» атты конкурс өтті. Салауатты өмір салтын қалыптастыруды, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға жұртшылық назарын аударуды мақсат еткен шараның алға қойған міндеті, салауатты өмірге арналған жұмыстарды жандандыруда шығармашылықпен айналысатын педагогикалық ұжымдарды анықтау болатын.

Сайысқа Ақтөбе қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 6-10-сынып оқушылары мен мектептен тыс ұйымдардың оқушылары қатысты. Жарысқа қатысушы оқушылар сайыс талабы бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыруда жасап жатқан жұмыстарының көрмесімен таныстырды. Салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі үгіт бригадалардың өзара тартысы, балғындардың алдын ала тақырыпқа сай дайындап келген төсбелгілерін қорғап шығуы, сайыстың көркін қыздыра түсті.

Ақтөбе қаласының білім бөлімі мен Ақтөбе қалалық  балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шарада үздік деп танылған оқушыларға жүлделі орындар беріліп, оқушыларды даярлаған мұғалімдерге Ақтөбе қаласы білім бөлімінің мақтау қағаздары ұсынылды. Конкурстың жоғары дәрежеде өтуіне зор үлесін қосқан шығармашылық орталық әдіскері Дәмеш Бақбергенованың жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сайыс соңында шараға қазылық еткен Ақтөбе қалалық білім бөлімі әдіскерлері мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері қатысушы балғындарға жылы лебіздерін білдіріп, дендеріне саулық тіледі.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button