Көкшетау концертіне келіңіздер!

Бүгін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда сағат 16.00-де Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық және «Гәкку» би ансамбльдерінің, жеке солистерінің концерті болады.
Бұл шара Ақтөбе және Ақмола облыстық филармониялары басшыларының өзара шығармашылық тығыз байланыс орнатуды көздеген гастрольдік алмасу түрінде ұйымдастырылып отыр. Осы шараның жалғасы ретінде мамыр айында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары Көкшетау облысына барып, концерт беруі жоспарланды.
Бүгінгі концерттің бағдарламасында әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық артисі А.Жұбановтың шығармалары бар. Сол сияқты және басқа да қазақтың, орыстың, әлем композиторларының шығармалары орындалады.
Біржан сал «Жер шоқтығы — Көкшетау» деп әнге қосқан, Сәкен Сейфуллин ақын «Сексен көл Көкшетаудың саясында» деп жырлаған сұлу Көкше елінен келген «Айнакөл» фольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі — Руслан Қойшыбаев), «Гакку» би ансамблі (көркемдік жетекшісі — Гүлмира Ордабаева) мен жеке орындаушылардың концертінен қалып қоймаңыздар!
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



