Бала — қылмыскер. Кінәлі кім?
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде жыл басынан бері 3 мыңға жуық жасөспірімдер қылмысы тіркелген. Оның ішінде мыңға тарта қылмыс ауыр және аса ауыр қылмыстар қатарына жатады. Атап айтқанда, бұның 42-сі — кісі өлтіру, 129-ы — қарақшылық шабуыл және 700-ге тарта тонау мен мыңға жуық ұрлық қылмыстары болып отыр. Осы қылмыстардың жартысына жуығын мектеп, гимназия, лицей оқушылары жасаған.
Ал Ақтөбеде өткен жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандардың қылмысы азайыпты. Десек те, ауыр және аса ауыр қылмыс жасау дерегі әлі де кездеседі. Осы жақында ғана кісі өлімімен аяқталған жасөспірімдер жанжалы ақтөбеліктерді қатты абыржытқаны рас. Балаларына жаны алаң ата-аналар ауылдан ат сабылтып келіп те кетті. Білім беру мекемелері де оқушыларының тәртібін қатаң бақылауға алды. Дереу ата-аналар жиналыстарын өткізіп, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырды. Оқу ғимараттарының жан-жағы бақылауға алынды. Оқушының үйдегі тірлігін бақылау мақсатында әлеуметтік мұғалімдер, сынып жетекшілері мен кураторлар үй-үйді аралауға кірісті. Облыстық білім басқармасының бастығынан бастап, мұғалімдер полиция қызметкерлерімен бірге рейдке шыға бастады. Дүрбелеңнен кейін талаптың күшейтілгендігі болмаса, мұның бәрі — бұрыннан қолданыста бар шаралар.
Біз жасөспірімдер қылмысының себептері және қылмыстың алдын алуға бағытталған әрекеттер жөнінде білмек ниетпен құзырлы мекеме өкілдерімен тілдескен едік. Сонымен…
Ата-анасы бақыламаған баланы көше тәрбиелейді
Аманғали Құдайбергенов, облыстық білім басқармасының бастығы:
— Облыста мектепішілік және ішкі істер бөлімі есебіне алынған 1358 жасөспірім бар. «Тәуекел тобындағы» балалармен жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Аталған топтағы оқушылармен әлеуметтік мұғалімдер (154), психологтар (444), сынып жетекшілері жеке жұмыс істейді. Мұны аз десеңіз, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Үйлестіру кеңесі бар. Кеңес отырысында құқық бұзушылық жиі болған аудандардың білім бөлімдерінің басшылары мен білім мекемелері директорларының есептері тыңдалады. Сонымен қатар облыс әкімі жанынан құрылған кәмелетке толмағандар ісі жөнінде арнайы комиссия да жасөспірімдер жағдайын назардан тыс қалдырмайды.
Бұдан екі жыл бұрын Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов халықтың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті күшейту жөнінде тапсырма берген болатын. Солардың бірі — білім беру ұйымдарына бекітілген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларын қосымша енгізу, штат бірліктерін арттыру. Қазір 46 мектеп инспекторы жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, мұның өзі аздық етіп отыр. Аудан, әсіресе, қала мектептері және кәсіптік лицейлер, колледждер қажеттілігін қоса есептегенде әлі де 100 маман керек.
Құқық бұзған балаларға достық көмек ұйымдастыру мақсатында «Қол ұшын бер…» шарасы биыл да жалғасты. «Жас туристер» станциясы, «Достық» демалыс лагерінде «Тәуекел тобындағы» 200 балаға арналып демалыс, спорттық-сауықтыру, профилактикалық шаралар өткізілді. Балалардың қауіпсіздігін қадағалау мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері шақырылды. Бұл игі істі жүзеге асыруда облыстық бюджеттен 5 млн. теңге жұмсалды.
Жалпы есепте тұрған оқушылардың 83,5 пайызы жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бағытындағы шараларға тартылды.
Салыстырмалы түрде алғанда, жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысы азайды. Оқушылар арасында құқық бұзушылықты болдырмау, балалардың өзін ұстау мәдениетін қалыптастыру мақсатында облыс мектептерінде 368 «Тәртіп сақшылары» отряды (мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар) жұмыс жасаған болатын. Тәртіп сақшылары бірқатар оқушылардың өз тәртібін қайта қарауына және қоғамдық ортадағы жасөспірімдердің жауапкершілігінің өсуіне ықпал етті.
Жастардың көпшілігі — дүниенің құндылығы ақша деп түсінеді. Төбелес, жанжалдардың да басты себебі — осы.
Күні кеше түнде полиция қызметкерлерімен бірге рейд жүргіздік. Тексеру барысында Шанхай шағын ауданында «мәжіліс» өткізіп жатқан бір топ бала ұсталды. Олардың ұсталуына тұрғындар көмектесті. Себебі, олар полицияға балалардың бас қосатын жерін хабарлады. Беймезгіл уақытта жастардың не істеп жүргені Зауыт бөлімшесінде тексеріліп жатыр.
Қоғам қасіретін тек қана білім беру мекемелері немесе құқық қорғау органдарының өкілдері ауыздықтай алмайды. Мұны бірлесіп шешу керек. Себебі, балалардың барлығы бірдей отбасында жақсы тәлім-тәрбие алып жатқан жоқ. Жауапкершілігі жоқ шеше мен маскүнем әкелер қатары азаймай отыр. Балалардың қылмыскер болуына мұның да әсері бар. Ата-анасы бақыламаған балаларды көше мен кино тәрбиелейді. Өзіндік көзқарасы қалыптасып үлгермеген бала қан төгіс, атыс-шабыс көріністерге толы кинодан көргенін істеуге, сондағы кейіпкерлерге ұқсауға тырысып бағады. Сондықтан, баланың болашағын ата-анасы сәби шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ойлауы керек. Бесік жыры, ана әлдиі, әке мейірімі — мұның бәрі сайып келгенде, нәрестенің азамат болып қалыптасуының негізі. Батыстың киносы біздің болмысымызға жат, таным, түсінігімізге қайшы. Сол себепті ата-ана баласын телеарна бағдарламасын талғаммен көруге тәрбиелегендері жөн. Отбасында дұрыс тәрбие алмаса, оның үстіне, бала оқып жатқан оқу орны оның не істеп жүргенін бақыламаса, онда баланың теріс жолға түсіп кетпесіне кім кепіл?
Адам баласында қорқу немесе сыйлау қасиетінің бірі болмаса, жүгенсіз кетті деген — осы. Осы екі қасиеттің екеуінен де ада адамның болашағынан үміт жоқ деуге де болады. Сондықтан, кеш болмай тұрғанда, баланы қазірден бастап имандылыққа тәрбиелеу керек. Ислам дінін көбірек насихаттап, ислам дінінің қағидаларын бала санасына сіңіру қажет.
Біздің халықтың психологиясы қызық: «Ол әлі бала ғой. Көп нәрсені түсінбейді» деп балаға немқұрайды қараймыз. Міне, осының өзі дұрыс емес. Баламен тең дәрежеде сөйлескеніміз жөн. Сонымен қатар балаға кішкене кезінен бастап құқықтары мен міндеттері туралы айтқан дұрыс.
Қазір біз бұрыннан бар бала бақылау жұмысының жандануына күш салып жатырмыз. Әр білім беру мекемесінің бұл мақсаттағы өз жүйесі бар. Бала оқуға келмесе, дереу хабарласып, себебін сұрау міндет. Келмеу себебін сұрап қана қоймай, оның сөзінің растығын тексеру қолға алынып жатыр. Кешегі оқиғаға қатысқан бір оқушының бірнеше күн сабаққа бармағаны анықталды. Бақыламағанның салдары, міне, осы.
Айта кету керек, қазір колледждер мен лицейлердегі оқушылардың ата-анасы немесе баланың қалада тұратын туысы мен оқу орны өзара келісім-шарт жасап жатыр. Бұл да — құқық бұзушылықтың алдын алудың бір жолы.
Біз мүмкіндігіміз жеткенше, қылмысты болдырмау үшін қарманып жатырмыз.
Қит етсе мұғалімдерді кінәлайды…
Қасымбек Алдияров, Ақтөбе политехникалық колледжінің директоры:
— Жақында болған жасөспірімдер жанжалына байланысты кейбір БАҚ арқылы жалған ақпарат тарады. Бұл біз үшін өте ауыр тиді. Ең бастысы, алыстағы ата-ананың мазасы кетті: «Баламыз қандай оқу орнында оқып жатыр?!» — деп үрейленгендер де жоқ емес.
Ақтөбе политехникалық колледжі жай ғана оқу орны емес, еліміз бойынша алдыңғы лектегі білім беру мекемесі. Біздің колледжде ақылы оқуға қабылдау да конкурс негізінде өтеді. Ата-аналардың көпшілігі балаларының осында оқығанын қалайды. Балалардың да осында оқуға ықыластары ерекше. Себебі, мұнда тәртіп бар. Мұғалімдер баламен жұмыс жасайды.
Біз қазір Ұлыбританиядағы колледждермен байланыс жасап жатырмыз. Озат оқушылар мен білікті мұғалімдерді сонда тәжірибе алмасуға жіберу жоспарда бар.
Сондықтан, жалған әңгіменің тарауы — біздің оқу орнының беделіне әжептәуір нұқсан келтірді.
Қазір оқиғаға байланысты іс тергеліп жатыр. Біз өзіміздің оқу орнын қорғап қалу үшін ақталып жатқанымыз жоқ. Дегенмен, бізге мәлімі — басты кінәлі біздің оқушылар емес. Оқиға колледждің ғимаратында немесе ауласында болған жоқ. Қала көшесінде болды. Және бұл төбелеске қаладағы кейбір білім беру мекемелерінің де балалары қатысқан. Қайтыс болған оқушы — Тынышбаев атындағы Көлік академиясының көлік және коммуникация колледжінде оқыған. Ал күдікті — Батыс Қазақстан гуманитарлық заң колледжінің оқушысы. Ал пышақталған бала — біздің оқушы. Оны аялдамада тұрған жерінде біреулер сыртынан көрсеткен. Қосақ арасында кеткендігі болмаса, ол өте тәртіпті, үздік оқушы. Қазір, шүкір, жағдайы жақсы.
Расын айтқанда, балалардың төбелесі қазір таңсық болмай бара жатыр. Ол келеңсіздік тек қана бүгін пайда болған жоқ. Бұрыннан бар. Бір ғана Ақтөбе қаласындағы проблема емес, елімізге тән. Өршитін мезгілі — күз. Себебі, бұл кезде сабақ басталады. Яғни, оқу орындарына жаңадан оқушылар қабылданады. Біз қанша жасырғымыз келгенімізбен, бәрібір баршаға аян: жоғары курс студенттері төменгі курстың балаларына қысым көрсетеді. Олардың түсінігі бір арнада тоғысқанша, бірнеше рет төбелесіп алатыны да рас. Ең жаманы, жанжалды көрсе де, үлкен кісілер тоқтатуға әрекет етпейді. Тіпті, оларға дем беріп, (ақыры қалай болар екен?» деп) қызықтайтындар да жетерлік.
Жалпы, жасөспірімдер қылмысының көбеюуінің себебі көп. Бұл жерде тек қана мұғалім кінәлі деуге болмайды. Жасөспірімдердің қатыгездігіне, меніңше, ата-ана да айыпты. Тіпті, кейбір ата-аналардың өзін тәрбиелеу керек. Көпшілік ата-ана баласының тамағы тоқ, киімінің бүтіндігіне ғана мән береді. Соған тоқмейілсейді. Балаға рухани азық бермейді. Балалар кітап оқымайды. Оқушылар батыс киноларының кейіпкерлеріне еліктейді, соларды үлгі тұтады.
Тағы бір мәселе — оқу орындарының айналасында дүкен, сыраханалар көп. Оларда, әрине, арақ-шарап, темекі мен насыбай сатылып жатыр. Осы әрекеттер баланы қылмысқа итермлейді. Сауда жасап жатқандар — балалар емес, үлкен кісілер. Олар өзінің балаларындай балаларға сатып жатыр. Бұдан кейін не деуге болады? Проблеманы шешу үшін осының бәрін тоқтатауымыз керек. Қай жерлерде жиі-жиі төбелес болса, сол жерге көбірек полиция пунктін қойып, бейнебақылау орнатқан жөн.
Тағы бір айту керек жайт, түнгі клубтардың да жұмысын реттейтін кез келді. Олар күн сайын жұмыс жасайды. Бұл да жасөспірімдердің, жастардың тәртібінің сұйылуына белгілі бір деңгейде ықпал етеді. Мұның бәрі қылмыстың алдын алу үшін керек.
Біз де шамамыз келгенше әрекет етіп жатырмыз. Мұғалімдер кезектесіп айналаны бақылауды қолға алды. Әлсін-әлсін подъездерді тексереді. Колледждің сыртын түсіру үшін бейнебақылау орнату жоспарланып отыр.
Біздің колледждің жатақханасы жоқ. Ауылдан келген оқушылар туыстарының үйлерінде немесе пәтер жалдап тұрады. Кураторлар балалардың үйдегі тірліктерін бақылауға алды. Оқушылардың ата-аналарымен, туыстарымен колледждің арасында келісім-шарт жасалып жатыр. Мұндағы мақсат — баланың ағайын-туысы да жауапкершілікті сезінуі тиіс.
Соңғы екі апта бойы құқық қорғау органдарының өкілдерін шақырып, кездесу ұйымдастырылды.
Айта кету керек, инспектор мектепке қана емес, колледждерге де қажет. Себебі, мектептің оқушылары бізге келіп жатыр ғой. Олардың арасында да қиын балалар бар. Қазіргі тенденцияға қарасаңыз, 9-сыныпты бітірген оқушылардың жартысынан көбі мектепте білім алуды жалғастырмайды. Олардың арасында мұғалімдердің мәжбүрлеуімен кетіп жатқандардың да бары рас. Себебі, мектептің білім көрсеткіші — ҰБТ-ға байланысты. Сондықтан үлгерімі нашар оқушыларды мектеп басшылығы колледждерге жіберуге тырысады. Біз балалардан қашып жатқан жоқпыз. Өйткені олармен де біреу жұмыс істеуі керек қой. Сондықтан, колледж, кәсіптік-лицейлерге де инспекторлық штат бөлінуі тиіс.
Полицияға дер кезінде хабарланбады
Есен Есмаханов, Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасының бастығы:
— Жақында болған жасөспірімдер қақтығысына байланысты құзырлы органдарды кінәлаудың қажеті шамалы. Полиция кез келген уақытта кез келген жағдайға дайын. Қайғылы жағдайға душар еткен қылмыстың алдын алуға — уақытында хабарланбауы себеп болды.
Әрбір оқу орнының маңында оқушы, студенттер топтасып жүреіні белгілі. Сондықтан сырт көзге олардың қандай мақсатта жүргенін аңғару мүмкін емес. Және олардың бәрінен бірдей сезіктену әбестік. Әрі топтасқандардың арасынан төбелес ұйымдастырушы, дау-жанжал туғызушыларды түртпектеп іздесек, олардың ар-ождан, адамгершілік құқықтарын аяқ асты етпейміз бе?
Қақтығыс қалтарыс жерде болды. Осы арада біздің қалалық білім бөлімімен тығыз байланысымыз туралы айтпасқа болмас. Мектепке келмей қалған оқушы туралы ақпарат бізге жедел беріледі. Соған байланысты тексеру жұмыстарына да дереу кірісеміз.
Білуімізше, кәсіптік білім беретін оқу орындарында (24 колледж) 4 мыңнан астам оқушы дәріс алады екен. Олардың 1300-і ғана жатақханамен қамтылған. Қалғандарының қайда тұратыныдығын оқу орындары да, біз де нақты білмейміз. Бақылау аз. Жастардың бос уақытының тиімді өткізу ісі жетілдірілмеген. Демек, бос жүрген бала не қылмыс жасайды, не оның өзіне қарсы қылмыс жасалады. Мысалы, жақында ғана Ақтөбе қаласына Мәртөк ауданынан жеке көлігімен келген кәмелетке толмаған 3 жасөспірімді тінту барысында шолақ мылтық табылды. Олардың ойында не болғанын кім білсін?
Қазір біз қылмыстың алдын алу мақсатында арнаулы білім беретін мекемелерден сырттан келіп оқып жатқан балалардың тізімі мен мекен-жайын алдық. Сол бойынша жасөспірімдердің сабақтан тыс уақытындағы тірлігін тексеруге кірістік.
Заң бойынша, білім мекемесі мен арақ-шарап сатылатын сауда нүктелерінің қашықтығы 100 метрден кем болмауы тиіс. Егер ондай болмаған жағдайда, жақын маңдағы дүкендерде құрамында спирт бар өнімдер сатылмауы керек. Дегенмен, қаладағы барлық дүкендерде бірдей бұл талап орындалып жатқан жоқ. Сондықтан, расында жасөспірімдер қылмысының алдын аламыз десек, онда заң талабының жүзеге асуына да көңіл бөлген жөн.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.




Біз оқушыларды тәрбиелеуші тек мұғалім ғана емес екендігін түсінбей бұл істе оң үдеріс туғыза алмаймыз.Әрбір жасөспірім тұлғаның мұғалімнен де өткен,күштірек байқаусыз тәрбиешісі бар:
Бірінші. Қ О Ғ А М
Екінші. Х А Л Ы Қ
Үшінші. ОТБАСЫ
Төртінші . Т І Л І
Бесінші. Т А Б И Ғ А Т
Сондықтан, бастықтар, өз жұмыстарында бұған комплексті келмесе ,әзір нәтиже болмақ емес.
Бостан бос тек 1-2-3-4-5 деп тізе бероеміз. Сұраған да қасқа мұғалімдерді шырылдатамыз. Ата-ана рахат. Түнгі сағат үште сынып жетекшіге телефон шалып балам қайда деп дікілдейді. Ұстаз туралы жалынды сөз айтып, жалақысын жыртыққа жамау жасап қойған «ұстаз көрген ұлағатты» депутаттар не бетіңіз бар екен?