Білім

«Болашақ» бағдарламасы: Құжаттар қабылдау басталады

Сәуірдің 11-інен бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға құжаттар қабылдау басталады. 

Сейсенбі күні облыстық әкімдік  ғимаратында өткен жиында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бас менеджері Бағила Жаппарова конурстық іріктеудің жаңа қағидалары, оқуға түсу шарттары мен санаттарға қойылатын талаптар туралы жан-жақты түсіндірді.

Құжаттар қабылдау үш кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең: 11 сәуір-13 мамыр; екінші кезең: 13 маусым-29 шілде; үшінші кезең: 15 тамыз-30 қыркүйек.

Биылдан бастап «Болашақ» ережелеріне бірнеше өзгеріс енгізілді. Ақпараттық топтың біздің өңірге жұмыс сапарының мақсаты — осы ерекшеліктерді жан-жақты түсіндіру.

—  Мемлекет басшысы жүктеген Ұлт жоспарын  жүзеге асыру мақсатында инженерлік-техникалық мамандықтарға көбірек көңіл бөлініп отыр. Сол себепті инженерлік-техникалық мамандарға жаңа магистратура ашылды. Бұрын бұл санат бойынша тек қана тағылымдамадан өтуге болатын еді.

Сонымен қатар «Болашаққа» түсу талаптары да күшейтіліп отыр. Ағылшын тілін білу деңгейі (IELTS 5 деңгейі) көтерілді, — деді бас менеджер.

Құжат қабылдауда да өзгерістер бар. Құжаттарды нотариалды куәландыру міндет емес, түпнұсқаларымен бірге көшірмелерін тапсыруға болады. Сондай-ақ, соңғы екі жылдың зейнетақы төлемдері туралы анықтама қажет.

Үміткерлер «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға құжаттарды электронды үкімет веб-порталы,«Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы (бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталығы), сондай-ақ өз қолымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына тапсыруға болады, — деді Бағила Жаппарова.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 700 стипендия бөлiнiп отыр.

Конкурс талаптары туралы www.bolashak.gov.kz сайтынан жан-жақты ақпарат алуыңызға болады.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button