Ауыл

Ауыл шаруашылығының тұрақты даму жолы — кооперация

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА вице-президенті, академик

 Қазіргі уақытта дүниежүзі жаһандық қаржылық, экономикалық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Соған қарамастан, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бері дербес даму жолына түсіп, әлемдік қауымдастық алдында өз орнын айқындап, дағдарыстар толқынын еңсеріп келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен республикамызда ауқымы кең ұтымды жобалар мен инновациялық бағдарламалар тиімді жүзеге асырылуда.

Еліміз 2010 жылдан бастап үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Бүгінгі таңда Қазақстан Давос экономикалық форумының жаһандық бәсекеге қабілеттілік Индексінде 42-орынға және бизнес үшін ең қолайлы елдердің рейтингісі бойынша 41-орынға жайғасты. Алайда, экономикамыздың ауыл шаруашылығы секторының жаңаша бағытта дамуына агроөндірістік кешеннің ғылыммен тығыз байланыста болмауы, жекеменшік ұсақ шаруалардың әлсіздігі, инновацияға бейімделмеген ауыл кәсіпкерлері мен фермерлері үшін қажетті ресурстардың жетіспеушілігі едәуір кедергі келтіруде. Осы факторлардың салдарынан, әсіресе ұсақ тауарлы өндіріс орындарында инновациялық технологияларды енгізуде көптеген қиындықтар кездесуде.

Құрылым өзгеруі керек

Ауыл шаруашылығы бүгінгі таңда біз ойлағандай қарқынмен дамып келе жатқан жоқ. Бұл ауылдық жерлердегі жұмыс жасайтын нарықтық субъектілердің құрылымына байланысты. Қазір елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 191,5 мыңнан астам агроқұрылымдар мен 1,6 миллион үй шаруашылықтары айналысады. Агроқұрылымдардың 185,5 мыңы немесе 95,8%-ы — шаруа қожалықтары. Бұл шаруа қожалықтарының көбінің даму қарқыны үдемелі инновацияға негізделген жұмыстар атқаруға жеткіліксіз. Сондықтан бүгінгі күні ауыл шаруашылығындағы шағын өндірістің сақтап қалынуы — өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда жалпы өнімнің 31%-ы шаруа қожалықтарының үлесінде және олардың 40 пайызының жерлері 10 гектардан аспайды. Мұндай шағын қожалықтардың өндіріп отырған тауарларының бәсекеге қабілеттілігі төмен, инновациялық технологияларды қолдануға, адам денсаулығына қауіпсіз азық-түлік өндіруге, жоғары білікті мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндіктері жоқ.

Мысалы, шаруа қожалықтарын алып қарасақ, 66%-ының ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлері 50 гектарға дейін және 83%-ының егістік алқаптары 50 гектардан аспайды. Мал шаруашылығы өнімділігінің төмендігінің басты себебі — олардың 72%-ы үй шаруашылығында шоғырланған. Сондықтан бүгінгі күні бізге өндіріске алдыңғы қатарлы агротехникалық шаралар кешенін қолдануға қабілетті, ірі тауарлы аграрлық құрылымдар қажет. Осындай кәсіпорындарда ғана инновациялық технологиялар мен ғылыми жобалардың нәтижелерін енгізуге және жаңа форматтағы мамандарды сонда жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бар. Мұның бәрі өндіріс, білім және ғылым интеграциясы жағдайында ғана жүзеге асырылмақ.

2015 жылы қазан айының соңында ауыл шаруашылығындағы шағын өндіріс мәселелерін шешуге арналған «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы Заң қабылданды. Ауыл шаруашылық кооперативтерін құрудың маңыздылығын шетелдік тәжірибелер дәлелдейді. Мысалы, АҚШ-та 1950 жылдан 2006 жылға дейінгі аралықта шағын шаруа қожалықтарының саны 3 есеге азайған, ал орта шаруа қожалық иелері 2 есеге өскен. Ауқымды мемлекеттік қолдауға қарамастан осы аралықта орташа есеппен жылына 200 мыңға жуық шағын шаруа қожалықтары жұмысын тоқтатқан. Себебі бұған дейін 70%-ға дейінгі шығынды мемлекет қаражаттандырып отырған. Америкалық ғалымдардың болжауынша, осы көрсеткіш одан әрі жалғасатын болса, жақын аралықта елдегі фермерлік шаруашылықтардың саны 1,2 миллионнан аспауы мүмкін. Оның ішінде, 50 мың ірі шаруа бірлестіктер (жалпы фермерлер көлемінің 5%-ы) ауыл шаруашылығы өнімдерінің төрттен үш бөлігін өндіріп, Америка Құрама Штаттарының халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.

Канада елінің жағдайын алып қарасақ, онда ірі шаруа қожалықтарын шоғырландырудың жалпы үлесі 70%-дан астам болғандықтан, ірі фермерлік қожалықтардың тәжірибесіне деген қызығушылық артуда.

Ұлыбританияның аграрлық секторында мал азығын дайындайтын орындарда, тыңайтқыштар өндіретін зауыттарда және өзге де агрөөндіріс кешенінде ауыл шаруашылығы техникасын бірлесе пайдалану тәжірибесі жолға қойылған.

Швеция, Дания, Норвегия, Финляндияда ауыл шаруашылығы мен экономиканың басқа да секторлары арасындағы тұрақты байланыстарды басшылыққа ала отырып, сату және қызмет көрсету кәсіпорындары, өңдеулердің кең желісі жұмыс жасайды. Мұндағы жүйе арқылы ауылшаруашылық ұжымдары 80%-ға дейін фермерлік өнімдерді өндіреді.

Жапонияда ауылшаруашылық тауарларды өндірушілерге жеткізу, өнімдерді өндіру мен сату, сондай-ақ несиелендіру кооперативтері —  ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың басты мақсаты.

Шетел тәжірибелері негізінде шоғырландыру ауыл шаруашылығының барлық салаларында маңызды жұмыс жасайтынын дәлелдеп көрсетті. Шоғырландырудың жоғарыда аталған принциптері еңбекті ынталандыру, табысты әділетті бөлу, өнеркәсіптікте туындайтын қарама-қайшылықтарды азайту секілді бірқатар артықшылықтарға негізделген. Бұған қоса шоғырландыру үрдісінің құрамына тасымалдау, сақтау, өткізу және өндірістік қызмет көрсетумен айналысатын бөлімшелер енуі қажет. Осылайша, кооперация үдерісін кең ауқымда түсінуге болады. Бұл, біздің пайымдауымызша, тауар     өндірушілердің экономикалық тұрғыдағы өзара тығыз ынтымақтастығы мен бірігу үлгісі болып табылады. Нәтижесінде, екі немесе одан да көп адам қамтылған фермерлік және жеке шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірігуі ірі тауар өндіруші корпоративтік ауылшаруашылық кәсіпорын мекемелері мен олардың бірлескен ұйымдық үлгілерін мойындауға алып келеді. Олар жалпы экономикалық тиімділік үшін бірігеді, сондай-ақ өндірістік циклдың барлық кезеңдерін шикізаттан бастап нарыққа дайын өнімді шығарудың жолдарын толығымен қарастыруы қажет. Ең бастысы, кооперативке қатысушылар экономикалық тұрғыдан дербес болуы, өзінің өндірістік құралдарының иесі болуы, өзі өндірген өнімге иелік етуі және әрбір кооператив мүшесінің жер пайымен қосқан үлесіне сай алынған пайданы өзара бөлісуі тиіс. Яғни, интеграция және кооперация үдерісін дамыту шаруашылыққа инновациялық технологияларды ендіруге, жекелеген өнімдерге деген сұраныстың ұлғайып, сапаның артуына мүмкіндік береді. Кооперативтер кұру арқылы өндірілетін өнім түрлерін арттыруға (диверсификация) жағдай туғызады. Әрбір шаруашылық өзінің өнім өндіру қызметі аясында жерді өңдеу, бағымындағы малдарға жағдай жасау, өнімдері қайта өңдеу,  техникамен қамтамасыз ету, өнімдері сатып-сатып алу  тәрізді біршама операциялар жүргізеді. Осы ресурстарды біріктіру мен бірлесе жұмыс жасау арқылы өндірістен алынатын кірісті бірнеше есеге ұлғайтуға болады.

Ғылыми-техникалық даму өндірістің әрдайым жаңғырып тұруын қажет ететіні белгілі. Ұсақ фермерлердің жаңа технологиялар мен заманауи техникаларды пайдалануға жағдайы толық жете бермейді. Осының салдарынан ірі және ұсақ  кәсіпорындар арасындағы өнім өндіру көрсеткішінің едәуір алшақтығы байқалуда. Үдеріске қатысушылардың мүмкіндігіне сай кооперацияның  «тікелей» (вертикалды) және «көлбеу» (горизонталды) саналатын екі түрі бар. Көлбеу кооперация — қызметіне қарай немесе белгілі бір өнімді өндіруге маманданған ауылшаруашылық кәсіпорындарының бірігуі арқылы жасалады. Сондықтан олардың құқықтық мәртебесі мен экономикалық дербестігі сақталады.

Кооперативтердің тікелей үлгісі — өнім өндіруші шаруашылық субъектілердің тек қана бірігуі емес, сонымен қатар, олардың өндірген өнімдерін сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және тұтынушыға жеткізу. Осыған орай, кірістің аз ғана бөлігі жалпы басқаруға беріледі. Аталған үлгі маркетингтік қызметтің кең дамуына, республикадағы жекелеген аймақтардың сыртқы және ішкі нарығын бақылауға айтарлықтай мүмкіндік береді. Ол халық шаруашылығының басқа да салаларында агроөндірістік интеграцияны дамытуға, өндіріске ғылыми-техникалық жетістіктерді ендіруге, сонымен қатар жер, еңбек және материалдық ресурстар, тауар айналымындағы шығындарды төмендетудің тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Осы форма республиканың жеке аймақтарында ішкі және сыртқы нарықты зерделеуде маркетингтік қызметті кеңінен дамыту үшін ерекше ықпалға ие.

Кооперативтік шаруашылықты құрудың негізгі шарты —  оны ұйымдастыру үшін біріктірілген кәсіпорындардың және шаруашылықтардың мүдделерін сақтау. Қызметтің мақсаты мен сипатына байланысты кооперацияның төмендегі түрлерін анықтауға болады: тұтынушылық, өндірістік, кәсіпшілік, жабдықтау, өткізу, несиелік, тұрғын үй және т.б. Қазақстанда ұсақ тауарлы шаруашылықты кооперациялау жұмысы бірнеше жылдардан бері жүргізіліп келеді. Алайда ұсақ шаруа қожалықтары өз еріктерімен кооперативке бірігуге ынталары жоқ. Ал ынталандыратын экономикалық және басқа да механизмдердің күші жоқтығынан ауылдықтар жарнаны бөліп беруге келіспейді. Елімізде кооперация өз деңгейінде дамымай отырғандықтан, нәтижелі қызмет етумен олардың қалыптасуына жағдай жасауда және ауылда кооперацияны дамытуда қолданыстағы заң барлық кедергілерді жоюы тиіс.

Бүгінгі таңда елімізде өндірілген өнімді қаражаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерін үнемді пайдалануға, аграрлық кешеннің жұмысын жақсартуға үлес қосады. Өндіріске жаңа технологиялар мен инфрақұрылымды енгізу ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыруға ықпал етеді. Бұл жерде біз ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудың негізі кооперацияда екенін түсінуіміз керек. Осы орайда, Елбасы ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай жасап, ірілендірудің алғышарттарын қалыптастыру талабын қойып отыр. Осы талаптарды орындаудың басты жолы – ұсақ шаруаларды кооперацияға біріктіріп, кластерлік бағыттарды дамыту. Аграрлық секторды жаңғырту және алдыңғы қатардағы озат агротехникалық шараларды өндiрiсте тиімді қолдану үшін ірі тауарлы кәсiпорындар қажет. Қазіргі кезде Қазақстанда кооператив құрамына кірген шаруа қожалықтарының үлесі 1,5 пайыздан аспайды. Экономикалық ынтымақтастықтың және даму ұйымының мәліметтері бойынша дамыған елдерде бұл көрсеткіштер өте жоғары.

Дүниежүзінде кооператив қозғалысы ауылшаруашылық өндiрiстің 100%-ын, тамақ өндіру өнеркәсiбінiң 45-50%-ын қамтиды. Еуропа елдерінде ауылшаруашылық кооперативтері азық-түлiк өнiмдерінің 60%-на дейiн өндіреді. АҚШ-та кооперативтер ауылшаруашылық өнімінің 30%-ын нарыққа шығарады. Жапонияда ауылшаруашылық кооперативі өндірген өнімнің 90%-ын өңделіп, нарыққа сатылады және олар фермерлерге ауыл шаруашылығына керекті техникалар мен қондырғылардың 80%-ын қамтамасыз етіп отырады. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, кооперацияның агроөндірістік кешенінде зор рөл атқаратынын айта кету керек. Ауылдық жерде тұратын халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауылшаруашылық жерлерін тиімді және құнарлығын сақтауға, адам капиталын жоғарылатуға, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға ерекше ықпал етеді. Осы бағытта біздің ғалымдар кооперативтің түрлері мен формаларын негіздеуге, оның жұмысы мен кірісін құрылтайшылар арасында әділ бөлуді реттейтін заңдық құжаттарын дайындауға, кооперативтің тиімді жұмысына қажетті инновациялық технологияларды әзірлеп, оны өндіріске енгізуге қызмет көрсетіп келеді.

Ұсақ шаруашылық құрылымдары өздерінің өндіріп отырған өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, инновация енгізіп, халық денсаулығына қауіпсіз тұтыну тауарлары мен жоғары білікті мамандардың қызметін пайдалану мәселесін жеке-дара шеше алмайды. Ауыл шаруашылығы әлі де инвестиция тарту үшін тиімсіз сала болып тұр. Оған тартылған жалпы инвестицияның үлесі 2,3 пайыздан аспайды. Бұл жерде мемлекеттің қолдауы қажет. Салыстырмалы түрде алғанда, Еуропа мен Американың дамыған елдерін санамағанда Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Беларусь елінің ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауы 17%, Ресейде 7% болса, Қазақстандағы мемлекеттік қолдаудың көрсеткіші 5%-дан аспай отыр. Еуропаға қарағанда, біздің елімізде өндірілетін өнімге кететін шығын 3 есе көп. Сол себепті, жаһандық дағдарыс заманында қол қусырып, қарап отыру жарамайды. Алдымыздағы стратегиялық міндет – Қазақстан шикізат өндіруші ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығында өңделген қосымша құны жоғары тауарларды экспорттаушы ел ретінде бәсекеге қабілетті мемлекет болуын қамтамасыз ету. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл шаруашылығы білімі және өндірісі инновацияларының ұйытқысы ретінде тың бастамаларға көшбасшы болып келеді.

Ақтөбе — аграрлық сала дамыған аймақ

Жаңа бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы алда атқарылар іс-шараларды зор өндірістік әлеуеті, әлеуметтік инфрақұрылымы,  аграрлық саласы дамыған экономикалық жағынан толыққанды аймақ саналатын Ақтөбе облысында қолға алып отыр. Бұл өңір — Елбасымыздың алға қойған  міндеттерін шешу үшін үлкен мүмкіндіктерге ие, аграрлық сектордың индустриалды-инновациялық дамуының негізінде  экпорттық өнімдердің көлемін арттырып, тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын республикамыздағы ірі облыстардың бірі. Облыс басшысы Бердібек Машбекұлы Сапарбаев мемлекет қойып отырған талап-міндеттер үдесінен шығып, аймақтың инновациялық-индустриялық бағытта жаңаша дамуына ерекше көңіл бөлуде. Ең соңғы есеп бойынша облыста өнеркәсіп өнімі мен инвестиция тарту, құрылыс ауқымы төмендегенімен, ауыл шаруашылығы саласында едәуір өсім бар. Ресми дерек бойынша осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 18,8 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өсім сүт, ет және жұмыртқа өндірісінде тіркелген. Бұл негізінен өңірде ауыл шаруашылығымен қатар өнімді жұмыс істей бастаған шағын және орта бизнестің өркендеуімен тығыз байланысты. Облыс басшысының айтуынша биыл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 5,2 миллиард теңге субсидия бөлу қарастырылған. Шағын ферма салу пилоттық жобасына 2,3 миллиард теңге бөлу қарастырылуда. Ал «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 4,1 миллиард теңге берілмек.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, биыл 553,3 мың гектарға дәнді, майлы дақылдар, мал азығы мен көкөніс егіледі. Суармалы жер көлемі 12 мың гектардан 18,6 мың гектарға дейін ұлғаяды. Аталған іс-шаралардың барлығы да өндіріс пен ғылымды, тәжірибе мен технологияларды үйлестіру арқылы тиімді жүзеге асырылатыны белгілі. Бұл ретте Ақтөбе облысы ілгері қадамдар жасап келеді. Бүгінгі күні Қазақстаннан тыс жерлерде де өте жоғары сұранысқа ие Ақтөбе бидайы жоғары құрамдағы ақуыз және ұлпасымен ерекшеленеді. Әйтсе де, жаңа технологиялардың көмегімен жергілікті шаруалар ғалымдармен бірлесіп бидай сапасын арттыруды көздейді.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды фактор болып табылады. Өңірдің топырақ-климаттық жағдайлары мал шаруашылығы мен өсімдік өнімдерінің барлық түрін өсіру үшін қолайлы. Ақтөбе облысындағы егіншіліктің негізі — астық өнімдерін өндіру. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторы болып табылады. Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығының дамуына өзінің маңызды ұсыныстарымен шығып отырған Қазақ ұлттық аграрлық университеті — 85 жылдық даму тарихы бар еліміздегі іргелі оқу орны. Университетке 2001 жылы Елбасы Жарлығымен Ұлттық мәртебе беріліп, 2010 жылы инновациялық-бағдарланған жоғары оқу орны мәртебесіне ие болды.

Бүгінгі уақытта Ақтөбе облысы мен университет  аграрлық білім мен ғылымды дамытуда сәтті әріптестік жүргізіп келеді. Ықпалдасу бағыттары бойынша қазіргі кезде біздің ғалымдарымыз ауыл кәсіпкерлеріне ауыл шаруашылығының барлық бағыттар бойынша кеңес беру қызметтерін ұсынуда. Атап айтқанда, дақылдардың сорттары, оларды өңдеу, егіс айналымы туралы; өсімдік және мал аурулары, зиянкестермен күрес; ресурс үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселелері; жылыжайларды тиімді пайдалану; жем дайындау және оны ұтымды пайдалану, кооперативтік негізде үй қажеттіліктері үшін жемшөп өндірісін дамыту; ветеринарлық қызметтер; мал тұқымы мен оларды жасанды ұрықтандыру жұмыстарын ұйымдастыру; жайылымдарды дұрыс пайдалану мен тамшылатып суару; маркетингтік қызметтер ұсына алады. Осы орайда, өзара ынтымақтастық бағыты мемлекет қойған міндеттерді шешуді жеделдетіп, әлемдік нарықтағы экономиканың агарлық секторындағы тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік беретінін сеніммен айта аламын.

Аталған бағыттағы ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында университетіміз өңірдегі көшбасшы жоғары оқу орындары — С.Бәйішев атындағы  Ақтөбе университеті, Қазақ-орыс халықаралық университеті, Ақтөбе  ауылшаруашылық колледжі және өзге де кәсіптік лицейлер мен «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы», шаруашылық бағыттағы ғылыми-зерттеу орталықтары  мамандарымен бірлесе отырып облыстың агроөндірістік кешенінде кооперацияны дамыту бойынша, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және өзге де салаларда қордаланып қалған мәселелерді шешуге ықпал етпек.

Бүгінгідей жаһандану үрдісі қарқын алған заманда инновациялық ғылым-білімге деген сұраныс артып келе жатқанын көріп отырмыз. Жаңа заман әр салада жаңашыл ізденістерді талап етуде. Ауылшаруашылық саласындағы ескі тәсілдердің орнын баса бастаған нанотехнологияның өзі бүгінде күнделікті тұрмысымызға енуде. Елімізде қабылданған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ғылыми-техникалық серпіліске жол аша бастады. Өндірісте жаңа технологияларды игеру — бүгінгі күннің басты талабы. Қазақстанның аграрлық саласының сыртқа өнім шығару мүмкіндігі мол. Өндіріс пен ғылымды байланыстыру мәселесінде де әлеуетіміз баршылық. Экспортты күшейту үшін бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет екенін әр ауыл шаруашылығында жұмыс жасайтын кәсіпкер түсінуі тиіс. Осы орайда ғылым, білім, өндіріс интеграциясын күшейту арқылы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіре отырып ел экономикасын инновациялық бағытта өркендету қадамын жетілдіре түсу басты принципке айналуы тиіс.

 Суреттерді түсірген Мамыржан Ботабеков.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button