Білім

Орыс тілінің мамандары неге тапшы?

2016-2017 оқу жылдары облыс мектептеріне орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін  53 мұғалім керек. Маман жетіспеушілігі — соңғы бес жылдан бері өзекті мәселе болып отыр. Осы мәселені шешуге ықпал ету мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде филология факультетінің ұйытқы болуымен пәндік олимпиада өтті.

Орыс тілі мен әдебиеті және орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен ұйымдастырылған байқауға 15 оқушы қатысты.

Жарыстың өтетіндігі туралы облыстағы барлық аудандарға хабарланған. Дегенмен, ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік қозғалысы шектетілгендіктен біраз аудандардан балалар келе алмапты. Сайыста Шалқар, Қобда, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар аудандарының және Ақтөбе қаласындағы  мектептердің 11-сынып оқушылары бақ сынасты.

2 турдан тұратын шара қорытындысында Ақтөбе қаласындағы №28 мектептің оқушысы  Наталья Якоб (орыс тілі мен әдебиеті пәні) пен Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектептің оқушысы Ақбалдан Оспанова (орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәні) жеңіске жетті. Жеңімпаздардың екеуі де мектеп бітірген соң аталған мамандықты таңдаса, онда оларға І оқу семестрінде оқу ақыларын төлеуде 75 пайыз жеңілдік беріледі. Сондай-ақ олимпиадада ІІ орын иегерлері (Гүлнат Нағашыбаева, Анастасия Ли) оқу ақысын төлеуде —  50 пайыз, ІІІ орын алғандар (Ақгүл Сисенбаева, Рүстем Қазмұхаммед)  — 25 пайыз  жеңілдіктерге ие болды.

Филология факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаровтың пікірінше, маман тапшылығы мәселесін шешуде талапкер — аудандық әкімдік  — университет арасында  үшжақты келісім болу керек.

Талапкердің міндеті — жоғары оқу орнын бітірген соң өз ауылында, ауданында жұмыс істеуі тиіс. Аудандық әкімдік сол студенттің оқу ақысын төлеуі қажет, ал университет — студентке сапалы білім беріп, білімді  маман етіп даярлауы тиіс. Бір ауданға бір баланы оқыту проблема да емес. Осы ұсыныс аудандық әкімдіктер тарапынан қолдау тапса, маман тапшылығы болмас еді, — дейді факультет деканы.

Қазір университеттің орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 4-курста 10 студент, орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 21 студент білім алып жатыр. Осы екі мамандық бойынша жалпы 17 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуда.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде оқып жатқан жастар маман тапшы мектептерге міндеттеліп жіберіледі. Дегенмен, мұнымен сұранысты өтей алмаймыз. Ал ақылы оқу бөлімдерінде білім алған жастарды ауылға мәжбүрлеп жібере алмаймыз. Біздің факультетте Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының балалары да оқып жатыр. Олар  өз өңірлеріне кетеді, — дейді Сабыржан Мұхтаров.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шамшат Жұбайдың айтуынша, келесі оқу жылында Ойыл ауданының мектептеріне орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 8 мұғалімі  қажет. Сондай-ақ, Байғанин мен Ырғыз  аудандарына —  7 мұғалімнен, Әйтеке би мен Темір аудандарына — 5 маманнан керек. Мұғалжар, Қарғалы, Алға, Шалқар аудандарында да сұраныс бар.   

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button