Денсаулық

Памперсті пайдалана білеміз бе?

Бүгінде нәрестелерге арналған памперсті пайдаланбайтын ана аз. Аталған жөргек түрінің қарапайым жөргектен біршама артықшылығы бар. Мәселен, нәресте терісі тым нәзік болғандықтан, азғантай ылғалдың өзі оны тітіркендіреді. Ал памперс бала терісін тітіркенуден сақтап, қалыпты ұстауға жақсы көмектеседі. Алайда, кейбір аналар памперстің пайдасы мен зиянын ажырата білмейді. Сонымен…

Жалпы, памперстің ылғал сорғыш бөлігі целлюлозадан және желатин тәрізді полиакрилат шариктерден жасалады. Полиакрилат өз салмағынан елу есе ауыр ылғалды сіңіріп және  ұстап тұра алады. Оның үстіне бүгінде «тыныс алатын», яғни ауа өткізетін памперстер шығарыла бастады. Олардың сыртқы қабаты ұсақ саңылаулардан тұрады, ал материалы мақта, матаға ұқсас. Осы арқылы бала терісіне ауа жетіп тұрады да, ылғал бу іште тұрып қалмайды. Алайда, дәрігерлер памперсті дұрыс пайдалана білу қажет екенін айтады.

— Жалпы, сәбилерді бір жас алты айлығында түбекке  отырғызу керек. Бұған дейін памперсті пайдаланған жөн. Алайда, дәрігер ретінде біз памперсті далаға шыққанда немесе қонаққа, тағы басқа жерлерге барғанда ғана  кигізуге кеңес береміз. Оның ішінде ер балаларға памперсті жиі кигізбеген жөн. Бұл сәбидің жетілуіне зиянын тигізуі мүмкін.

Сондай-ақ памперстің «Хагес» деген түрін пайдаланған абзал. Бұл сәби денесіне ауа жіберіп тұрады. Ал сапасы нашар жөргектер түрлі аллергиялық аурулар тудыруы мүмкін. Мәселен, біздің емханаға осындай жағдаймен  келетін аналар көп. Сондай-ақ памперс киген баланың ұйқысы  тыныш болады, — деді №4 қалалық емхананың бала дәрігері Ахметова Риза.

Көптеген аналарда  сәбиге памперс кигізу өте зиян деген түсінік басым. Алайда, барлық мәселе оны  дұрыс пайдалана білуде.

Біріншіден, памперс терінің құрғақтығын қарапайым жөргектен гөрі жақсы сақтайды. Соның арқасында жөргек дерматиті бүгінде сирек кездеседі. Памперс кигенде бала терісінің рН деңгейі де қалыпты болады. Екіншіден, баланың түбекке отыру мезгілі оның памперс киген-кимегеніне байланысты емес. Бұл ата-анаға байланысты жағдай. Демек, балаға түбекке отыруды дер кезінде үйрете білу қажет. Үшіншіден, үнемдеу мақсатында памперсті тиісті уақыттан ұзақ кигізуге болмайды. Бұндай жағдайда оның барлық артықшылықтары жойылады. Төртіншіден, сәби үнемі памперс киіп жүруге тиісті емес. Оны ауыстырғанда демалуға мүмкіндік беріңіз.

Памперс қанша қымбат болса да, оны пайдаланғанда бірқатар ережелерді сақтау керек. Баланы бір памперсте 6 сағаттан артық ұстамаңыз. Оны 4 сағат сайын ауыстырып тұрған дұрыс. Баланың күні бойы бір памперспен жүруіне мүлде жол бермеген жөн. Сондай-ақ баланы памперске үйретпеген абзал. Егер бала ояу болса, памперс кигізбей терісін демалдырыңыз. Жаңадан шыққан памперстерді де абайлап пайдаланыңыз. Оны ұзақ уақыт кигізбеңіз, өйткені аллергия тудыруы мүмкін.

Сондай-ақ көптеген жөргектердің ішкі бетінде арнайы алоэ бальзамының сызықшалары болады. Жөргек бала терісіне тиген кезде оған бальзам сіңіп, жұқа ғана сенімді қорғаныс жасайды. Бұл терінің тітіркенуіне жол бермейді. Бальзам негізінен  вазелин мен стеарил спирті  және басқа да қосымша заттардан тұрады. Бұл  бала үшін мүлде зиянсыз. Бұны бала дәрігерлері жүргізген көптеген зерттеулер дәлелдеп берген. Олардың аллергия тудыру мүмкіншілігі өте төмен.

Сәбиді серуендету керек

Сәбиді таза ауаға шығарудың да өз тәртібі бар. Мәселен, дәрігерлер сәбидің серуендеу ұзақтығы оның туған кездегі салмағына байланысты екенін айтады. Егер сәби 4-5 келі салмақпен туылса, күніне 2-3 сағат серуендетуге болады. Ал 3,5 келі салмақпен туғандарды ауа температурасы 16 градустан жоғары болған кезде ғана далаға шығарған дұрыс.

Сәбиді бір-екі  айдан кейін күніне бес минут таза ауаға шығарып тұру керек. Далаға шығару уақытын күніге 1-2 минуттан  ұзартып отырған жөн. Жазғы күндері баланы түскі сағат 10.00-11.00 аралығында сыртқа шығарған пайдалы. Бұл уақытта күннің қызуы төмен, әрі ауа да таза болады. Ал күн қызғанда сәбиді үйде ұстаған абзал.  Ең бастысы, баланы  ылғал және желді күндері шығармаған жөн. Қыста күн шығып тұрған уақытта, әсіресе, түс мезгілінде серуендеткен дұрыс. Қалалық жерде тұрса, арбамен серуендеткен өте жақсы, — деді  №4 қалалық емхананың бала дәрігері Ахметова Риза.

Жалпы, жазда сәбиді далаға шығарған өте пайдалы. Тура түскен күн сәулесі бала терісінде Д дәруменінің түзілуіне көмектеседі екен.  Алайда күн көзіне біртіндеп үйреткен дұрыс. Шамадан тыс күн көзінде болу теріні күйдіріп жібереді.

Баланы қалай тамақтандырасыз?

Баланы бірінші айында ана сүтімен қоректендіру өте маңызды. Ана сүтінің құрамында нәрестеге керекті деген көптеген дәрумендер және қалыпты өсуіне септігін тигізер басқа да қажетті қосымшалар бар. Баланы мейлінше алты айға дейін емізген жөн. Себебі, табиғи жолмен тамақтанған сәбилер арасында ішек-қуыс жолдары, қан аздық, рахит, өкпе қабынуы, тұмау, ас қорыту жүйесінің бұзылуы сияқты аурулар сирек кездесетіні анықталған.

Ана сүтімен қоректеніп жүрген сәбиге қосымша тамақтарды тек 6 айдан бастап қана беру керек. Егерде тамақ беруді ерте бастасаңыз, балаңыздың асқазаны бұзылады. Дегенмен қайнаған су беруді ерте кезден бастаған жөн.

Егерде ананың сүті құнарсыз болып, сәбидің қарны тоймаса, онда 4 айынан бастап қосымша тамақтарға үйретуге болады. Ал сәбиге 5 айынан бастап жеміс-жидек шырынын бір шай қасықтан асырмай ішкізе бастаған жөн. Шырынның мөлшерін күн сайын аз-аздан өсіріп отырасыз. Сондай-ақ дүкендер мен дәріханаларда сатылатын дайын пюрелерді де қолдануға болады. Бірақ олардың  дайындалған уақытына мән берген абзал. Сақталу мерзімі алты айдан асқан  пюрені алмаған жөн. Өйткені оған консерванттар қосылғандықтан балаға диатез, аллергия шығуы мүмкін.

Көптеген ата-аналар 1 жасқа дейінгі баласына жарма ұнтағынан жасалған ботқа береді. Ал бір жасқа толмаған балаға жарма ботқасын беруге болмайды. Себебі жарма ауыр қорытылатын болғандықтан, оның глютеині мен гликогендері ішектердің шырышты қабатын зақымдайды. Бүлдіршініңіз 6 айға толғанда күріштен, жүгеріден, сұлыдан, қарақұмықтан ботқа беруіңізге болады. Бұл ботқаларды сүтке пісірген абзал. Бірақ дәмін келтіремін деп, көп қант салмаңыз. Қант баланың денсаулығына өте зиян. Жалпы, сәбиге құрамында қанты көп тағамдарды беруге әуес болмаңыз.

Сәбиді тамақтандырған соң бірден  ұйқыға жатқызбай,  біраз уақыттан кейін барып бесікке бөлеген жөн.

Өмірге келген әр нәресте — жарқын болашағымыздың айнасы. Сондықтан әр ата-ана сәбиінің  денсаулығы мен тәрбиесіне ерекше мән беріп, қадағалап отырғаны абзал.

А.НИЯЗМАҒАМБЕТОВА,

облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері, акушер-гинеколог.

Сәбиіңді жаттықтыр!

Сәбиге жаттығуды дұрыс жасай білу оның  дұрыс жетілуіне септігін тигізеді. Төменде 6-7 айлық сәбиге арналған жаттығу ұсынылып отыр.

Қолды алға қарай бүгу

Нәрестені шалқасынан жатқызады. Қолына сақина тәрізді ойыншық ұстатады. Нәрестенің қолындағы дөңгелек ойыншықтан ұстай отырып, оның қолдарын жоғары көтересіз, сонан кейін шынтағы үстелге тиетіндей етіп қоя бересіз. Бұны нәрестеге сақина ұстатпай-ақ, қолдарының ұшынан ұстап жасатуға да болады.

Аяқтарын көтеру

Бастапқы қалып — нәрестені шалқасынан жатқызады. Нәрестенің аяқтарын бүгіп, санын ішіне тигізеді. Содан кейін бұрынғы қалпына әкеледі. Жаттығуды 4-5 рет қайталаған жөн.

Нәрестені отырғызу

Нәрестені шалқасынан жатқызып, оң қолыңызбен бір аяғын, сол қолыңызбен бір қолын ұстап отыруына әрекет жасаңыз. Содан кейін абайлап қайта жатқызасыз. Енді сол қолыңызбен оң жақ аяғын, оң қолыңызбен сол аяғын ұстап, осыны қайталайсыз. Нәрестені қайта жатқызған кезде басын байқаңыз. Бұл жаттығу 4-5 рет қайталанады.

Нәрестені етпетінен жатқызу

Нәрестені оң қолын оң қолыңызбен ұстап, қырыннан жатқанша тартады. Әрі қарай баланың өзі етпетінен жатуға әрекет етеді. Екінші жағына қарай аунатқан кезде жаттығуды нәрестенің сол қолынан ұстап жасайды. Жаттығу 2-3 рет қайталанады.

Кеудесін көтеру

Сол қолыңызбен сирақтарын тізе тұсынан ұстап, оң жақ қолыңызды жауырынына жіберіп, аяқтары мен кеудесін жоғары қарай көтересіз. Ал басы үстелде болуы керек. Бұны екі рет қайталайсыз.

Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

6 Comments

  1. Мақалаңызға рахмет!!! Бірақ памперс кигізудің пайдасынан зияны көп болар деген ойдамын. Жас аналарға айтатыным бала тәрбиесі мен гигенасына мән бергеніңіз жөн. Бүгінгі бала ертеңгі болашағымыз. Соны ұмытпайық.

  2. Памперстің зияны.
    Памперстің балаға өте зиян екенін бәрі біледі. Зиянды заттар суперадсорбент, полиакрилатнатрий, трибутилен деген у түрлерін химиктер, химияны оқыған 9 класты бітірген білімді адамдардың бәрі білмеуі мүмкін емес? Сонда баланы қорғаушы, қамқорлаушы қызыметіндегілер қайда қарап отыр, неге жас аналар памперс кигізіп балаларын қорлайды?
    Памперстің негізгі қабаты жұқа пластикадан тұрады. Сырты «суперадсорбентамен» қапталған. Сұйықты сорып алып, «жоқ қылатын» құрал осы. Бұның құрамында «полиакрилатнатрий» бар. Бұл затты 1985 жылдан бастап, медицина саласында қолдануға әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған. Әсіресе, сәбидің жыныс мүшесін болашақта белсіздікке ұшырататын зат – «трибутилен» дейтін пәле. Бұл химикат адамның иммундық қабілетінде орасан әлсіретеді.
    Соңғы жылдары мектеп жасындағы оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасын жиі қайталануының дендеп кетуінің бір ұшығы памперстің кесапатында жатыр. Себебіне үңілсек: «памперс» киіп ержеткен бала қай кезде, қай жерде, қандай күйде болғанына қарамастан(ұйықтап жатып та) дәретінке отырып қояды. Өйткені, ол балада дәретін уақыт пен орынға қарай реттеп, ұстап жүру қабілеті жойылған. Яғни, рефлекс әлсіз немесе қалыптаспай қалған. Сәби кезінде орнықпай қалған рефлекстің зардабын есейгенде тартпақ. Қысқасы, «памперстің» салдарынан дәрет сындыру рефлексі жойылып, Энурез, яғни шыжың дертіне ұшыраған жасөспірім ақыры өзін-өзі мерт етіп тынады. Шыжың дерті балабақшаны қойып, мектептің жоғарғы сынып оқушылары арасында да көптеп кездеседі. Әрі жыл сайын көбейу үстінде. Дәретіне ие болмаудың ақыры қасіретті жағдайға әкеліп соғады. Ондай жағдайға ұшыраған баланың ішкі күйзелісін әдетте әркім түсіне бермейді.

    Ақтөбе медицина колледжінің оқытушысы, дәрігер Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ.

    1. Памперстің пайдасын памперс сатушылар ғана көреді. Ол сатушы адам педиатр не медбике болуы да мүмкін.
      Мысалға: Арақ, шарап, сыра, темекі, қор қор, насыбай т.б. зиян екенін адамдар біліді, бірақ олар зиян болса да дүкенде, базарда толып тұр ғой.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button