Ақ тілек арналады анамызға…
Мен анамды жақсы көремін. Анам маған барлығын үйретеді. Мен есеп шығара алмай жатсам, анам маған көмектесіп үйретіп жібереді. Ана маған өте қадірлі. Өмірдегі аналардың ішіндегі ең сұлуы менің анам.
Гүлдерай АМАНЖОЛ,
Сапақкөл орта мектебінің 1-сынып оқушысы.
Сарбие ауылы,
Ойыл ауданы.
Анам менің өте мейірімді жан. Анам мені еркелетеді және қамқор болады. Мен анашымды мақтан тұтамын. Анамның қолынан бәрі келеді. Анама тілерім — ешқандай ауырмай күлімдеп жүрсе екен. Анашым, ешқашан қартаймашы.
Аянат БЕКБОЛАТҚЫЗЫ,
Абай атындағы орта мектептің 1-сынып оқушысы.
Ақкөл ауылы,
Әйтеке би ауданы.
Ана деген ерекше сөз. Ана баласы үшін ең асыл, ең ыстық жан. Адамдар ең алдымен анаға қарыздар.
Шыр етіп жерге түскеннен бастап аналарымыз бізді мәпелеп, түн ұйқысын төрт бөліп өсірді. Жер бетінде аналар қайғы көрмесін. Аналарымыз ауырмай, жарқырап жүруін тілейміз.
Олжас АҚНҰРАШ,
Мұғалжар орта мектебінің 3-сынып оқушысы.
Мұғалжар ауданы.
Ананың жүрегі үнемі баласын ойлаумен жүреді. Ананың кең пейілі балаға деген мейірімнен, шуақтан тұрады.
Жылы жүрек жан ана,
Сендей болсын бар ана.
Күндей болып жарқырап,
Нұрыңды төкші балаңа.
Дилназ БЕРДІМҰРАТ,
Сартоғай негізгі мектебінің 4-сынып оқушысы.
Темір ауданы.
Әр бала дүниеге келгенде ана мейірімін сезеді. Ана мейіріміне ешбір байлық жетпейді. Ана баласы үшін отқа да, суға да түседі. Үлкен жаста болса да баласы анасы үшін әлі сәби тәрізді болады. Қай бала болсын, өз анасын қорғап, жақсы көреді. Бізді түн ұйқысын төрт бөліп өсірген анамыз біз жақсы болып өссек, әр кез қуанып жүреді.
Альбина САМАТҚЫЗЫ,
Т.Жүргенов атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.
Әйтеке би ауданы.
Жер бетіндегі ең әдемі сөз — Ана. Адам алғашқы сөзін осыдан бастайды.
Жер бетіндегі тілдердің бәрінен де ана тілі ерекше қастерлі.
Ананың қолы қасиетті, аялы қол, нені болса да атқара алады.
Ананың жүрегі ең сенімді және сезімтал жүрек, оның сүйіспеншілігі ешқашан сөнбейді.
Ананың көзінен ешуақытта ешнәрсе қалтарыс қалмайды.
Сенің жасың қаншада болса да, мейлі, бес жас болсын, мейлі, елу жас болсын, саған әрқашан да ана керек. Сенің анаңа деген сүйіспеншілігің неғұрлым зор болса, өмірің де соғұрлым шексіз, шалқар нұрға бөленеді.
Анам менің күндей,
Анам менің гүлдей.
Жақсылыққа жетелеп,
Өсіреді мәпелеп.
Ақнұр АМАНҒАЗЫ,
Сапақкөл орта мектебінің 5-сынып оқушысы.
Сарбие ауылы,
Ойыл ауданы.
Мен өз әжемді көрген емеспін. Бірақ әрдайым «әжем болғанда ғой» деп басқа балалар әжесімен жүргенде іштей қызыға қарайтынмын.
Үйде әжемнің үлкейтілген суретіне қарап отырып ойланамын.Әкемнің айтуынша, әжем нұрлы, жарқын жүзді, көпшіл кісі екен. Әжемнен он бала тараған, соның кенжесі менің әкем екен. Әжемнің суреті біздің үйдің төрінде ілулі тұр. Анам жыл сайын атам мен әжемнің аруағына Құран оқытып, олардың мәңгілік тұрақ тапқан жеріне апарып қайтады. «Әже, жатқан жерің жайлы болсын, бізді желеп-жебеп жүрші» деп еркелеп, өтінішімді айтып кетемін. Әжем менімен келіскендей суреттегідей күлімдеп қала береді. Еш қорқынышсыз бір әсер алып, жеңілденіп қайтамын.
Ал нағашы әжеме келетін болсам, оған жылда қыдырып барып қайтамыз. Қолы берекетті, үш сандығы бар нағашы әжем көрпені де тігіп, құрақты да құрайды. Үлкендер бізге бәрібір керек екен. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген осы шығар.
Жанар АБЫЛАЕВА,
№1 орта мектептің 5-сынып оқушысы.
Ембі қаласы.
Мына әлемдегі әрбір адам анадан жаралған. Жер бетіндегі аналардың тілегі бір. Олардың тілегі — ұрпағының аман-саулығы.
Ана баланы жарық дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп баптап, ақ сүтін беріп өсіреді. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Сол үшін барша адам өз анасын жақсы көреді. Ол балаға тәрбие беретін, жақсылықтың дәнін себетін, болашаққа жетелейтін абзал жан.
Жанымызда анамыз жүрсе, жүзінен жылу шашып тұрғандай болады. Перзент парызы анасын құрметтеу, қастерлеу, оны шексіз сүю. Барлық адамға анасы бәрінен қымбат. Біз үшін ана алақанынан, мейірімінен артық ештеңе жоқ. Біз анамызға жүзінен шаттық кетпесін деп тілейміз.
Ұлжан БӨЛЕКБАЙ,
Құмсай орта мектебінің 7-сынып оқушысы.
Мұғалжар ауданы.
Адам баласы үшін ең аяулы, ең қастерлі, қадірлі сөз — Ана.
Ана адамзат мекен ететін жер шарының әр түкпірінде, әр үйінде мейірім мен мерейдің, достық пен туыстықтың туын тіккен адам.
Біздің де анамызға деген ықыласымыз ұшан-теңіз.
Алуа НҰРЖАН,
Н.Крупская атындағы негізгі мектептің 7-сынып оқушысы.
Ащысай ауылы,
Мұғалжар ауданы.



