МерекеМәдениет

Арулар, асыл жарлар…

Мұқағали Мақатаев
АРУЛАР

Арулар — асыл жандар!
Шуақ боп шашылғандар,
Қуат боп тасынғандар,
Құшақ боп ашылғандар,
Арулар — асыл жандар!
Арулар — асыл жарлар!
Арулар — әрбір үйдің шаңырағы,
Әрбір үйге от болып жағылады.
Әрбір үйде таң болып атты-дағы,
Әрбір үйге сәуле боп жамырады.
Жимайды-ау бір шашылған шуақтарын,
Саясына келеді-ау, шуақтағың.
Жамандыққа қиярсың қалай ғана,
Жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын.
Арулар — асыл жарлар, сағыныштар,
Өтініштер, құшақтар, жалыныштар…
Жек көрсе олар жүрегін мұз жасайды,
Жақсы көрсе балқытып, жанына ұстар.
Арулар — аяулылар, ардақтылар,
Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.
Арулар — тіршілікке күре тамыр,
Өмірді бір-біріне жалғап тұрар.

Төлеген Айбергенов
АНАҒА

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.
Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп, булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.
Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.

Қадыр Мырзалиев
ххх

Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе –
Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,
Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!

Сағи Жиенбаев
АНА ҚОЛЫ

Атырдық таңды көз ілмей,
Арылдық біраз кірбіңнен.
Сонау бір —
Сәби кезімдей,
Қолыңнан ұстап тұрдым мен.

Көрінді жүдеу маған ол,
Қалды ма келіп құрғыр жас.
Қолыңның үсті —
Кара жол,
Қиыр да шиыр,
Қым-қиғаш.

Қиялмен жүріп сан жылым,
Қолыңа —
көптен қарағам.
Мен жүрген жолдың барлығы
Қолыңда тұр ғой,
Жан анам.

Бәрі тұр —
Қайда барғаным,
Түскенім қандай қыспаққа.
Осы ғой мені,
Ардағым,
Жеткізген мына ұшпаққа.

Жатыр ғой талай жол артта,
Тұрады бәрі жаңғырып…
Оралдың бір күн
Орақтан
Саусағың басын алдырып.

Көруге батпай қолыңды,
Көзімнен жасым тұрды ыршып.
Онсыз да жарым көңілді
Оңдырмай соқты бұл қырсық.

Сауылмай қалды сиыр да,
Жағылмай қалды жерошақ.
Үйіріліп ұшты құйындар,
Сыпырып күлді жел асап.

Қабағы түннің салбырап,
Дүние кенет қушиып,
Жанарда тұрды жаудырап
Жалғыз-ақ ұрттам тіршілік…

Менің де
сәби көңілім
Сезді ғой —
соның тұсында
Тұрғанын барлық өмірім
Бір ғана саусақ ұшында.

Жұматай Жақыпбаев
АҚЫНДАР

Мен білмеймін момын ба еді, өр ме еді,
Нәзік пе еді, алып па еді кеуделі, —
Адамзаттың ең алғашқы ақыны
Ең алғашқы жырды жазған жердегі?

Әлденеден әуенденіп сыр, мұңы,
Аяқ асты тарғылданып нұрлы үні,
Адамзатқа ең алғашқы жырды айтқан
Қай ендіктің, қай құрлықтың тұрғыны?

Өзге жұрттан көрінді ме ол бөтен,
Бақыт тілеп, шаттық тілеп елге тең?
Мұз ба, тас па, қола ма әлде дәуірі,
Алғашқы ақын қай дәуірлік болды екен?

Туса да ол қандай кезде, қай елде,
Болса да оның жағдайы өзге, жайы өзге,
Адамзаттың ең алғашқы ақыны
Тұңғыш жырын жазған шығар әйелге.

Планетаның көші-қоны түзеліп,
Жүректердің тоңы жібіп, мұзы еріп,
Жер бетінде күндердің бір күнінде
Дүниеде біткен кезде біз өліп,

Адам біткен уайым-қайғысыз жатса ойнап,
Олар-дағы ақылды алып, жақсы ойды ап,
Машиналар осы біздің өлеңнен
Әлдеқайда артық өнер тапса ойлап,

Жырдың өзін азап қой деп жан шегер,
Осы өнерден аулақ қашса барша ел,
Жер бетінде күндердің бір күнінде
Ақын адам керек болмай қалса егер,

Ұмытып та бара жатқан ол да атын,
Қаламын да жиі алмайтын қолға тым,
Сол кезде де жер бетінде қалса егер,
Қалса егер де жалғыз ақын, соңғы ақын.

«Керегі жоқ, керегі жоқ» дегенмен,
Ол қоштасып бара жатып өлеңмен,
Сол соңғы ақын ең соңғы сол өлеңін
Әйелдерге арнарына сенем мен.

Жүрсін Ерман
ӘЙЕЛГЕ ОДА

Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Әйелге барып дәлелде!

Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем
Сүйкімді болсаң шынымен
Әйелің сүйсін алдымен!

Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең – әйел деп сүрін
Халыққа сыйлы болмайсың
Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың
Әйелдің тілін таппасаң!

Ананың сорып емшегін
Басылған талай кемсеңің.
Бәдік боп өмір кешесің
Бермесе әйел жень-шенін.

Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың
Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?
Сол үшін түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді
Әйелің өлсін деп қарға!

Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін – сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың
Әйелің сорлы болса егер!

Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!

Мейірхан Ақдәулетұлы
ӘЙЕЛ

Ұлы суретшінің көрмедегі «Жалаңаш әйел» атты картинасының жанында біреулер ыржыңдасып тұр.
Мейлі…

Әлің жетсе,
жанарыңды ала қаш —
Әйел! Әйел…
Әйел тұттай жалаңаш!
Әйел емес,
күллі әлем тұр алдымда
күнәсі мен қасиеті аралас.

Әлде қатер,
әлде ләззат,
әлде мұң?
Жыр оқуға
жетпей қалды дәрменім.
Жүдемедім жалған сопы жүзденіп —
күнәһарға құны тиын сәлденің:

Шарап бар ма?
У қоссаң да,
құй бәрін —
Алты құрлық,
төрт мұхитты сыйладым!
Арыстанның өзі-ақ едім…
ал, мұны
Алаңғасар Сезім, саған қимадым.

Безеу бетін боятқандай қынамен,
әсіреқызыл ұрғашыңа ұнап ем.
Әйел емес —
Қарсы алдымда қас қақпай,
Қасиетті һәм күнәһәр тұр Әлем.

Жүрегімді жарар болды-ау жасын ән…
Әлем — Әйел!
Құзырыңа бас ұрам,
Қасиетіңді кие тұтып,
күнәңді
өз күнәмдай жанұшырып жасырам.

…Не жайсаңы ішімде өлді арманның!
Жалғыз мұң бар —
Жан біткеннен қалған мұң:
«Әйел!» — десем, ән салатын Мылқаудың,
«Әлем!» — десем, көзі соқыр…
Таңғалдым!

Есенғали Раушанов
ЖЕТІ ҚАЗЫНА

Бұл
тізімде о басында
Әйел тұрды ел есінде.
Сол алғашқы Жобасында
Мін жоқ еді-ау, көресің бе?
Бұзды
кейін оңбағандар,
Дауысқа caп, қысып көпті.
Әйел халқын қолдағандар
Ақын болып, ішіп кетті.
Хақ тізімді жыртыпты олар,
Бүлік салды шал қағынған.
Ит бар, құс бар, мылтық та бар,
Өй, айналдым талғамыңнан.
Бір-ақ дауыс, заты, біреу
Салды-ау деймін артық шарды.
Ауру еді ол ақылы кем,
He манағы тантық шал-ды.
Содан бері ауыш көрсе,
Қан жылайды жұрттың көңілі.
Біздің шалдар дауыс
берсе,
Heгe қорқам — ұқтың ба енді.
Ғадет қой бұл
қанға сіңген,
Арласам да көптің арын.
Тізім көрсем, Алла, ішімнен
Біреу кем-ау деп тұрамын.
Неше батыр, шешен, ер де
Қашты аулаққа, ара тұрмай,
Әйел-қазына десе егер де,
Сақау болып қалатындай.
Күтеді әлем назын әман,
Дүние назбен толар байып.
Биік нең бар қазынадан,
Болса әйел оған лайық.
Оған лайық шың ба мықты,
Төмен тіпті қай тағың да.
Білем ғой мен бұл халықты,
Мен білмесем, айтамын ба.
Ал доғардым, күлме, құрбым,
Салдым шідер сөзге, міне.
Бәрін айтсам білгенімнің,
Жақтырмайды өздері де.
Көштім алға, көштім кері,
Керуенімді тартып керім.
…Білетінім — ес кіргелі
Бір қазынам артық менің.
Ертай АШЫҚБАЕВ
ЕРКЕКТЕРГЕ ЕСКЕРТУ

Бір әйелге басыбайлы иесің,
Жан қинамай күн кешкенді сүйесің.
Бағады әйел бақырауық балаңды,
Тазартады қазаныңның күйесін.

Сүю, күю — секілді енді жалған сыр,
Болмағандай әлгі бір қыз арманшыл.
Орнағандай осы бақыт бір күнде —
Әйелі бар еркек кісі талғамшыл.

Ішсе еркек… сөйлеп маза кетірді,
Ішпей келсе… сылтау тауып жекірді.
Еркек кейде құтырған аң,
Ал, әйел
Зоопарктің күтушісі секілді.

Әйел — сезім,
Ыстық қызыл шоқтан да.
Әйел — төзім,
Бар құрайды жоқтан да.
Әйелі бар еркек кісі бақытты —
Көп қарғаның ішіндегі тоқ қарға.

Еркек, бірақ сондай қауым, сенімсіз,
(Лебізіме зер салыңыз менің, Сіз).
Той-топырда көзі жалт-жұлт етеді,
Ал үйінде, неге тұйық, неге үнсіз?

Әйел, бірақ, барлығына шыдайды,
Үй-ішіне нұр төгеді шырайлы.
Жыласа да кісілерге былайғы
Білдірместен құпиялап жылайды.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
ҚЫЗЫЛ АЛМА. ӘЙЕЛ

Әйел деген — әу бастан-ақ ажарлы ән,
Жүрек — оның мекендейтін тұрағы.
Жеміс-жидек ішінде мен базардан,
Қызыл алма алғым келіп тұрады.

Абай жазған Масғұт сүйген алма бұл,
Ұрғашыға көрсететін сүйкімді.
Менен бұрын алардай бір оңбағыр,
Талай түндер бұзды күдік ұйқымды.

Әлсіз ғана сәл сүрінсе шер төкпек,
Хас мықтының даңқын көкке жаяды ел.
Қуанышты бөлісетін еркек көп,
Ал, қайғыны бөлісетін тек әйел.

— Мына бір сөз кетпеген жөн құлақтан,
Әлмисақтан мәлім жай бұл ғаламға.
Әйел бізді қудырған да жұмақтан
Түбімізге жеткен-дағы сол алма.

Бұл шіркіндер сан жақсыны алдады,
Сенемін деп қалма кейін өкініп,—
деді ағам қып-қызыл бір алманы
Басытқы ғып қарш-қарш шайнап отырып.

Аға ақылы маған тіпті батты ауыр,
Мезі болдым ақыл айтқыш бұл елден.
Өзімнің де басым бар ғой тәп-тәуір
Неге өзгенің айтқанымен жүрем мен?..

Уәж айтайын (мысалға мен жүйрікпін),
Өңкей еркек су құйғандай бақшаға.
Сен аңсаған байлық пенен биліктің
Сұлуларсыз құны қанша жақсы аға?!

Бақтың құнын біліп бастан көшкесін,
Көңіл жасып, сәтімде бір ашынған.
Табан асты кілт бұрылды көп досым
Кілең әйел табылды кеп қасымнан.

Атқа мінсем анталайды жан-жағым,
Осыменен нешінші рет алдандым.
…Айналамда сенетін жан қалмады,
— Әй, ақсақал, әкел қызыл алмаңды!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button