Мағжан поэзиясы – мәңгілік мұра
«Бір ел – бір кітап». Республикалық көлемдегі бұл акция Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР кітапханашылар Ассоциациясының ұсынысы бойынша биыл үшінші жыл қатарынан өткізілді. Абайдың қара сөздерімен басталған шара, былтыр Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романын ел болып оқумен жалғасқанын көпшілік ұмыта қоймаған болар. Еліміз бойынша өткізілген, аталған акция – биыл Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» атты махаббат жырларына арналды.
Қыркүйектің 21-25-і күндері шараға облыстық кітапханалардың барлығы ат салысып, оқырмандар арасында ақынның шығармаларын насихаттау бағытында түрлі шаралар өткізілді.
Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындысын оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау. Сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелікке тәрбиелеу.
Мағжан – сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері, өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем жазады.
Акцияның алғашқы ашылу салтанаты С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өтті. Мұнда «Мағжан поэзиясы – мәңгілік мұра» атты оқырмандар конференциясы өткізілді. Аталған шарада Ә. Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқытушысы Г. Жиенқұлова, №21 орта мектептің қазақ әдебиеті пәнінің үздік оқытушысы Р. Баекешова, Ақтөбе политехникалық колледж оқытушысы Г. Алашбаевалар Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» жинағы хақында әңгіме өрбітті. Олар Абайдан кейінгі дәуірдің атақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясында орнының ала бөтендігіне тоқталды.
Оқырмандар конференциясына қатысушылардың құрметіне Облыстық халық шығармашылық үйінің термешісі, Түркияда өткен өнер фестивалінің лауреаты К.Серікбаева М. Мақатаевтың «Болашаққа өсиет» әнін тарту етті.
Конференция аясында Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Асқақ рух ақыны» атты поэзия кеші өтті. Кеш барысында ақын өлеңдерін кітапхана оқырмандары жатқа айтты.
М. Жұмабаевтың «Жан сөзі» кітабы бойынша №3 кәсіптік-техникалық лицейде білім тану сабағы өткізілді. Білім тану сабағында сыршыл ақынның дүниеге келуі, туған жері туралы айта келіп, ұлтымыздың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың поэзиядағы рөлі туралы әңгіме өрбіді.
№23 мектеп-лицейдің және №30 мектептің жоғары класс оқушыларының қатысуымен М.Жұмабаевтың «Жан сөзі» кітабы бойынша «Өшпес ақын сәулеті» атты ауызша журнал өткізілді. №23 мектеп директорының орынбасары З.Шевчук пен кітапханашы
Е. Галиулина қатысып, өз ойларын ортаға салды. Оқушылар «Бесік жыры», «Алатау», «Мой народ» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. «Айбарлы асқақ ақиық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жазушының шығармаларымен қатар, ол туралы жазылған өзге жазушылардың естеліктері, басылымдар беттерінде жарияланған материалдар да қойылды. Көрмеге арналып картотека толтырылды.
Апталық «Мағжанның сөзі» атты пікірсайыспен қорытындыланды. Облыстық бас кітапханада өткен шараның құрметті қонақтары белгілі ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Е. Ашықбаев, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент Ғ. Ниязова, С. Бәйішев атындағы университеттің оқытушысы, филология ғылымының докторы С.Исакова, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, әдіскер ұстаз З. Бралова, Ә. Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы Н. Аманова қатысып, өз ойларын ортаға салды. Кітап көрмелеріне шолу және слайд-шоу көрсетілді.
***
«Мағжан сөзі – үлбіреген нәзік әуез». Н. Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында өткен әдеби қонақжай кеші осылай аталды. Шараға «Дарын» мектебінің оқушылары мен ұстаздары қатысты. «Сезімдік лириканың бас ақыны» атты кітап көрмесіне шолу және слайд-шоу көрсетілді. «Жүрек қобызын шерткен ақын» атты дөңгелек үстел басында, аталған білім шаңырағының оқушылары Мағжанның азаматтық-философиялық лирикасындағы әйелдер тақырыбына талдау жасады. Сондай-ақ «Мұрасы бұлақ сынды таудан аққан» тақырыбындағы поэзия кеші өтті.
Ал облыстық С. Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Мағжан Жұмабаев – поэзияның хас шебері» атты Мағжан оқулары өтті. «Қазақтың жыр жұлдызы Мағжан Жұмабаев» атты буклет құрастырылып, оқырмандарға таратылды.
Ақтөбе қалалық кітапханалары, оның ішінде №9 Пригородный елді мекеніндегі кітапханада «Әсемділікке құмар ақын» атты жыр сағаты, №12 Қызылжар кітапханасында «Жауһар жырдың ақыны» әдеби кеш, №6 Қарғалы модельдік кітапханасында «Сүй жан сәулем» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.
«Ұлттың ұлы ұстазы». №8 Құрайлы елді мекеніндегі кітапханада өткен ауызша журнал осылай аталды. Ал №10 Сазды кітапханасында «Мағжанның – мәңгілік мұралары» атты тақырыптық кеш өтті.
Алға ауданының Бестамақ ауылдық кітапханасында «Мағжан – сыршыл ақын» атты шара өтті.
Қарақұдық ауылдық кітапханасында «Мағжан – ұлы ақын» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Самбай ауылдық кітапханасында акцияның екінші күні «Ақын өлсе, артында жыры қалар» атты әдеби кеш өткізілді.
Байғанин аудандық орталық және оған қарасты барлық кітапханада «Мағжан мұрасы – ұрпақ санасында» атты акцияның ашылу салтанаты болды. Аудандық кітапхана
Т. Жармағамбетов атындағы орта мектеппен бірлесіп, жасөспірімдер арасында «Арыстанмын, айбатыма кім шыдар» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өткізді.
Алтай, Сағыз модельді, Жем, Ебейті селолық кітапханаларында жасөспірімдермен «Мағжан – ақынның ақыны», Жарқамыс модельді, Қаражар селолық кітапханаларында «Мағжан – поэзияның хас шебері» поэзия кештері өтті. Балалар кітапханасында «Мағжан танымында – қазақ әлемі» тарихи-тағылымдық кеш ұйымдастырылып, «Алаштың ұлы тұлғасы» тақырыбында аудан кітапханаларында акция салтанатты түрде жабылды. Шараға ат салысқан оқырмандар марапатталды.
Хромтау аудандық және оған қарасты барлық кітапханаларда «Мағжанның мәңгілік мұралары» тақырыбында кітап көрмелері безендіріліп, шолу жасалынды. Аудандық кітапхананың оқу залында «Сағындырған сұлу жыр» атты әдеби кеш өтті. «Жүрек сөзінің жыршысы» тақырыбында әдеби-танымдық сағаты өткізілді.
Ауылдық кітапханаларда «Ақынның кестелі өлең өрнегі» тақырыбында әдеби кеш өткізіліп, ақынның өлеңдері мәнерлеп оқылды.
Ембі қалалық балалар кітапханасында «Мағжан – жыр жұлдызы» атты ауызша журнал, «Мағжан – қазақ поэзиясының алыбы» тақырыбында әдеби кеш, Мағжан лирикасына арналған оқушылар шығармашылығына байқау ұйымдастырылды.
Әйтеке би аудандық кітапханасында акция «Мөлдір сезім, биік парасат тұлғасы» атты әдеби кешпен ашылды. «Мағжан тілі – халықтың үні» атты слайд-шоу жүргізілді. Слайд- шоуда Мағжанның өмірі, өлеңдері, дастандары, әңгімелері көрсетілді. Оған арналған ескерткіштер, көшелер жайында таныстырылды. Шара аудандық кітапхананың оқу залында «Жан толқытар жыр, әдемілік нұр – Мағжан сөзі» атты кітап премьерасымен жабылды.
Шалқар аудандық кітапханасында «Қазақтың ұлттық ақыны» тақырыбымен шараның ашылу салтанаты болды. Тоғыз ауыл кітапханасында «Мағжан сөзі – үлбірген нәзік әуез» атты әдеби-насихат кеші өткізілді.
Қобда аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Мағжан мұрасы ұрпақ санасында» поэзия кешін ұйымдастырып, «Өмірі өлеңге айналған ақын» әдеби- танымдық сағатын өткізді.
Осылайша өз мәресіне жеткен М. Жұмабаевтың «Жан сөзі» акциясы ақын мәртебесін өсіріп, аруағын ардақтаудың өнегесі болды.
Қ.РАЙМБАЕВА,
С. Бәйішев атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапханасының әдіскері.



