Мереке

Дәрігер Айгүл

Дәрігер Айгүл Есерғожинаны тіпті өзге облыстардан арнайы іздеп келетіндер бар екен. «Мен тек қана сізге қараламын, мені тек қана сіз емдейсіз деп, табандап тұрып алатындар да бар», — деп күледі дәрігер. 8 наурыз мерекесі қарсаңында көпшіліктің сүйікті дәрігеріне айналған Айгүлмен пікірлескен едік.
Ол Ақтөбе облыстық ауруханасының ЛОР бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санаттағы дәрігер. Сонау тоқсаныншы жылдары ата-анасы Ресейден көшіп келгенде Айгүл жаңа мектеп бітірген бала еді. Ақтөбеде дәрігер мамандығы бойынша білім алды. Оқуды аяқтап, сүйікті мамандығы бойынша жұмысқа кіріседі. Қазір осы салада жүргеніне 20 жылдан асқан.
— Өз кәсібімді жақсы көремін. Алдыма көмек сұрап келіп тұрған адамды ешқашан қайтармауға тырысамын. Және науқас толық емделмейінше тыным таппаймын, кейін, ауруханадан шыққаннан кейін немесе стационарлық ем алып болғаннан кейін де ол адамға хабарласып, жағдайын сұрап тұруға тырысамын. Себебі әр дәрігер өзінің алдына келген науқас үшін жауапты, — дейді ол.
Таңғы сегізде жұмысқа келіп, ақ халатын иығына іліп, міндетіне кіріскеннен кешке дейін тыным таппайды. Облыстық аурухананың ЛОР бөлімінде 20 кереует бар. Құлағы, мұрны, тамағы ауырып келгендер осында қаралады.
— Мұнда қаралатындардың 50 пайызы — жоспарлы түрде емделіп жатқандар болса, 50 пайызы аяқ астынан қатты ауырып түскендер. Мұрын жолдарының қисаюы, құлақтың естімей қалуы, гайморит, яғни кеңсірік ауруы — жеңіл-желпі қарай салатын аурулар емес, әсіресе, мұрынға шыққан шиқан, жараларға жеңіл қарай салуға болмайды. Оларды бірден ауруханаға жатқызамыз. Себебі, мұрын, тамақ, құлақ жолдары баста орналасқандықтан, миға әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұрынға жара шыққан адамдарды, құлақ, мұрын, тамағы ауырып келген аяғы ауыр келіншектерді, қатты науқастанып келгендерді бірден ауруханаға жатқызамыз, — дейді дәрігер.
ЛОР бөлімшесіне түсетін науқастардың дені салқын тигеннен, инфекция түскеннен болады. Кейбірі интернеттен қарап, біреулерден естіген емдерін қабылдап, асқындырып алады. Соңында дәрігерден көмек сұрап келеді.
— Қазір адамдар қатал боп кеткен деген ойға келдім. Себебі, бұрын ер адамдар төбелессе, мұрындағы қанды тоқтату үшін мақта қойып, система салатын едік. Ал қазір кей жағдайда қан тоқтатудың ескі әдісі еш нәтиже бермей жатады — адамдардың бір-бірін аямай ұратындығы соншалықты, мұрын сүйегі сынып кетеді де, қан тоқтату үшін мойындағы ұйқы күре тамырын байлауға тура келетін жағдайлар болады. Биыл сондай жағдайда 2 адам, былтыр 2 адам түсті. Ер адамдар көп жағдайда мұрын ауруы енді басталып жатқанда түседі, ал әйелдер ауру әбден асқынып, шыдауға болмайтын жағдайға жеткенде келеді, әйелдер шыдамды келеді, бала, отбасы деп жүре беретін секілді, — дейді Айгүл.
Дәрігер күн сайын кемінде 1-2 ота жасайды. «Науқастардың жылдың әр маусымына байланысты қандай диагнозбен түсетінін шамамен біліп алдық», — деп күледі дәрігер. Вирусты инфекция аурулары асқынған кезде, әсіресе, қыс мезгілінде көмек сұрап келетіндер саны көп болады екен. Жазда тамағына балық сүйегі тұрып қалатындар, құлағына шыбын-шіркей кіріп кететіндер, ал қыста соғымның уақытында тамағына ет, сүйек тұрып қалып, жұтына алмай қалғандар көп келеді екен. Соңғы жылдары бірыңғай ұлттық тест кезінде келетіндер де көбейіпті. Неге дейсіз ғой?
— Былтыр жазда оқуға түсуге емтихандар тапсыратын уақыттан кейін бізге 4 жас жігіт келді. «Құлағымызға бірдеңе кіріп кетті» деп қояды. Дереу ауруханаға жатқызып, құлақтағы затты алдық. Үлкендігі 4 миллиметрдей болатын кішкентай ғана дөңгелек зат. «Бұл не?» десек, бастарын шайқайды. Кейін бақсақ, бұл тыңдайтын құрал екен. Оны құлақтың дабыл жарғағына жабыстырып қояды екен. Сөйтіп, ешқандай ұялы телефонды пайдаланбай-ақ, сырттағы адамның сөзін естіп отырады екен. Оны тек бір адам ғана мойындады. Алайда, бұл құралды құлақтың дабыл жарғағына өздері орналастыра алғанымен, қайтадан ала алмайды. Сондықтан бізге келеді. Құралды Қытайдан алып келіпті. Қазір жастар бәрін біледі ғой, инновациялық технологияларды шемішкіше шағады. Бізге осындай жағдайда түскендердің дені жігіттер, қыздар ондай қулыққа көп бармайтын сияқты, — дейді дәрігер.
Айгүл алдына келгенді емдеп қана қоймайды, бәрімен дос, сырлас боп кететін «қызық» кісі екен. Кімнің ауруханаға қандай жағдайда, не үшін түскеніне дейін біледі. «Жаңа жыл қарсаңында бір қыз түсті. Мерекелік шараларды өткізіп жүріп, нәр татпаған, кешке қолы босағанда тамаққа бас қойған ғой, асығып жегендікі болар, тамағына кәуаптың бір еті тұрып қалған, сол етті әрең алдық. Бір науқастың тамағына үш сантиметр сүйек тұрып қалған. Сексеуілден қонаққа келіп, тамағына 2,5 сантиметр балық сүйегі тұрып қалған науқастың да жағдайы жақсы боп кетті. Бір қызығы, маған келіп қаралған науқастардың таныс-тамырлары арада біраз уақыт өтпей, мені іздеп келеді. Тек қана сізге емделгіміз келеді деп тұрып алады. Ешкімді қайтармауға тырысамын», — дейді дәрігер.
Дәрігердің беделді болуы оның мықты маман екендігіне ғана емес, адамгершілігі мол жақсы адам болуына да байланысты. Айгүл сондай адам.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button