Басты жаңалықтар

Он сегізінші туынды – Ақ төбе!

Кеше облыстық сәндік-қолданбалы және көркемөнер музейінде суретші Әсия Ойнарованың «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылған көрмесінің жабылуы болды.

Бұл – Әсияның екінші жеке көрмесі. Өз туындыларын балық сүйектері мен қылқандарынан құрастыратын Әсияның бірінші  көрмесі үстіміздегі жылдың басында табыспен өткен еді.

Облысымыздағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Ақтөбенің» 85 жылдығына орай көрме ұйымдастыру жөніндегі ұсыныс суретшіге «Шамшырақ – Ақтөбе» ЖШС тарапынан айтылған еді. Бұл ұсынысты қуана құптаған Әсия аз уақыт ішінде, «Ақтөбенің» 85 жылдық тарихының басты белестерін көрсететін, сондай-ақ, газет бетінде жиі көтерілетін мәселелерге қатысты бірнеше туынды әзірлеп шықты.

Бұрын да жазғанымыздай, қыркүйектің 2-сі күні ашылған көрмеге ол 17 туындысын қойған еді.

Ал жабылу рәсімінде Әсия, өзі уәде еткендей, көпшілікке он сегізінші туындысын – «Ақ төбе мен даналық символы» аталатын мүсінді ұсынды. Аппақ төбенің асты-үсті ақ қызғалдақтар, бидай дәні, бүркіт ұясы, ұлттық тоғызқұмалақ ойыны, ұлттық оюлар және үкі құсы бейнелерімен әшекейленген, балық сүйектерінен құрастырылған бұл мүсін жөнінде автор:

– Өнер туындысы ретінде бұл, бәлкім, аса сәтті дүние бола қоймас. Бірақ менің мақсатым – басқа: адамдар назарын табиғатқа аудару, адам үшін әлемдегі басты байлық – табиғат екенін жеткізу, – дейді.

Жабылу рәсіміне өнер сүйер қауым өкілдері, жас суретшілер, БАҚ өкілдері қатысты. Облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қыдырғали Ермұханов, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы суретшіге шығармашылық табыстар тілеп, гүл шоқтарын ұсынды.

Әсия өзінің осы көрмеге қойған туындыларының бірін – Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арналған картинасын облыс әкіміне сыйламақ ниетін жария етсе, ал жоғарыда айтылған «Ақ төбе мен даналық символы» мүсінін «Шамшырақ – Ақтөбе» ЖШС-нің директоры, белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлына сыйға тартты.

– Менің өнеріме, талпыныс-талабыма үлкен жанашырлықпен қарап, қолдау көрсеткені үшін, Мейірхан Ақдәулетұлына ризашылығымды білдіремін. Өнерге жанашыр, тілектес жандардың қатары көбейе берсе деп тілеймін, – деді Әсия Ойнарова.

Көрмеден алған әсерін баяндай келе, «Томирис» журналының дизайнері Светлана Николаева:

– Әсияның туындылары – өмірге деген құштарлыққа, таусылмас үмітке толы жарқын туындылар. Мен оның шығармалары тек Ақтөбеде ғана емес, Астана, Алматы сынды үлкен қалаларда да өнер сүйер қауым назарына ұсынылады деп ойлаймын, – деген еді.

Біз Әсияның көрмесін тамашалағандардың қай-қайсысы да осы пікірге қол қоятынына сенімдіміз.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button