ҚұқықӘлеумет

Заң және уақыт талабы

100 нақты қадам

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 11-ші қадам еліміздің сот жүйесін реформалауды қамтыған. Ұлт жоспарына сәйкес, елдегі заң үстемдігін қамтамасыз етіп, сот саласында туындап отырған мәселелерді шешудің негізгі қадамы ретінде азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету — басты талаптардың бірі. Осыған байланысты қазір сот төрелігін жүргізудің 5 сатылы жүйесі, яғни бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау, 3 сатылы жүйеге, яғни бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыға көшіп отыр. Үш сатылы сот төрелігі азаматтардың сот төрелігіне жүгіну уақытын ыңғайлауға және қысқартуға тиімді.
Ұлт жоспарында көрсетілген шараларды жүзеге асыру мақсатында биыл қаңтар айында өзгерістер енгізілген және әлемдік стандартқа сәйкестердірілген Азаматтық процестік Кодекс қолданысқа енгізілді. Жаңа заңның қабылдануы — заман талабы. Бұл кодексте өркениет шеңберіндегі негізгі құқықтық институттар сақталған және сот билігін үздік әлемдік стандартқа негіздейтін жаңа сипат енгізілген. Кодексте азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері мен қағидалары жаңаша сипатталған. Заңның басты мақсаты — демократиялық принциптерге негізделіп сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жариялық пен заңдылықты, іске қатысушы тараптардың ары мен намысын құрметтеу, тараптардың құқықтарының тепе-теңдігін сақтау.
Жаңа заңда істі сот талқылауына дайындау мерзімі 15 күнге ұзартылған. Кейбір күрделі даулар бойынша бір айға дейін ұзартуға мүмкіндік берген. Істі сот талқылауына дайындау кезеңіне азаматтарға тиімді жаңашылдықтар енгізілген, олар, талап қоюшы мәлімдеген талаптарға жазбаша пікірді сот белгілеген мерзімде ұсынуды жауапкерге міндеттеу, судья тараптарға олардың процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіре отырып, ұсынылған процестік құжаттар және тараптар өзара даулайтын мән-жайлар бойынша түсіндірмелер беруді ұсыну, тараптарға дәлелдемелерді сот белгілеген мерзімде уақтылы ұсынбаған жағдайда процесті негізсіз созудың Кодексте белгіленген құқықтық салдарын түсіндіру қарастырылған. Сонымен қатар, тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалардың істі сот талқылауына дайындау, сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алу фактілерін және талап қоюдың ескіру мерзімдерін зерттеу кезінде жасаған өкімдік әрекеттерін процестік тұрғыда бекіту мақсатында істі сот талқылауына дайындауды жүргізудің нәтижелері бойынша алдын ала сот отырысы жүргізіледі. Заңның бұл жаңалығы, азаматтардың даулы мәселесін ыңғайластыру мақсатында реттелген. Азаматтық процестік Кодексінің 171-бабының талабына сәйкес, егер жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда, сотты дәлелдемелерді зерттеу міндетінен босата отырып, Азаматтық процестік Кодексінің 172-бабының 7-тармағына сәйкес алдын ала тыңдау өткізу кезінде судья талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауға мүмкіндік туғызған. Бұл біріншіден тараптардың заңды мүдделерін сот төрелігінде тиімді қорғау болса, екіншіден істің сотта жедел қаралып процесуалдық шешімнің тиімділігін арттырады.
Жаңа кодексте дауларды сотқа дейін және сот отырысы кезінде татуластыру рәсімінің қағидалары жеке тарау ретінде берілген. Бұл тараудың жаңашылдығы судья тараптардың татуласуы үшін заң шеңберінде барлық шараларды қолдануға және дауды процестің барлық сатыларында реттеуде тараптарға жәрдемдесуге мүмкіндігі бар.
Дауды медиациялық және партисипативтік тәртіпте реттеу мәселесі аталған Заңның 17-тарауының 179-шы және 181-баптарында қарастырылған. Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
Азаматтық процестік Кодекстегі жаңалықтар уақыт талабына сәйкес сотқа жүгінуші тараптардың мүдделері мен қолжетімділігін ыңғайлауға бағытталған.

Аманғали ҚАРЖАУОВ,
Темір аудандық сотының төрағасы.
Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button