Тарих

Аршып алар бір ақиқат

Үш жүздің басы қосылған, хан Тәукенің өзі келіп жиын өткізетін атақты Қарақұм құрылтайында бүтін қолдың бас сардары сайланған Бөкенбай батыр Қараұлы 1710-1711 жылдары Құрдым жерінен бастауын алған қазақ-жоңғар шайқасында жеңіске жеткен.  Аңырақай шайқасында тұтас Кіші жүз әскерінің қолбасшысы болған. Ел тұтастығының бейбіт өмірі үшін хан Әбілқайырдың саясатын қолдап, үш жүздің ішкі-сыртқы саяси қарым-қатынастарына ұйытқы болған ол еліміздің осы дәуірге жетуіне себепкер. Бес қаруын белінен шешпей, жорық үстінде жанын пида етті. Заманында дүйім қазақ елі түгілі, төрткүл жоңғар, қалмақ, башқұрт, қарақалпақ, Ресей мемлекеттеріне ара-ағайындық қайраткерлігімен белгілі  Бөкенбай батыр Қараұлы туралы әдеби шығармалар, зерттеулермен қатар, соңғы оншақты жылдан бері тарихшылар З.Байдосов, Ә.Мұқтар, Н.Жетпісбай, С.Байжиен, т.б. ғылыми-зерттеулері мен тиянақты пікірлері үздіксіз жарияланып жүр.

Керісінше, ертеректегі Кеңес-Қазақ, Қазақ ССР энциклопедияларында, соңғы уақытта ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология  және Ә.Марғұлан атындағы археология  институттары ұсынған «Ұлттық энциклопедия» (1999 ж.) мен «Қазақстан  тарихының көне замандардан бүгінге дейінгі» академиялық бес томдық («Атамұра» баспасы, 2002 ж. Алматы) тарихнамаларында шындықтан  ауытқып, Бөкенбай батыр Қараұлының қолбасшылығы мен саяси қайраткерлік еңбектерін басқа атақты Бөгенбай, Бөкенбай батырларымызға теліп жіберіп, қазіргі ұрпақты адастыруға жол берілгендігі өкінішті.

ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. орыс тарихшылары арасында Бөкенбай батыр Қараұлының қайраткерлік өмірі жөнінде қалам ұшын сияға батырмағаны жоқ. Олардың бәріне тоқталмастан, тек солардың ішінен Кіші жүз жеріне табанын тигізіп, Бөкенбаймен жүзбе-жүз кездесіп, нешелеген ажалдардан аман қалған сапарының оңға басуына батырдан себепкерлік көрген Ресей елшісі А.И.Тевкелевтің және сәл кейінірек дастарқандас болған суретші Джон Кэстльдің күнделіктері арқылы Бөкенбай батырдың қайраткерлік дәрежесін нақты бағамдауға болады.

2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасымен ғылыми ізденістер негізінде «Дайк -Пресс» баспасынан басылып шыққан «История Казахстана в русских источниках ХVІІІ веков» атты көп томдық шығармалардың ІІІ томында «Доношение переводчика Коллегии иностранных дел А.И.Тевкелева в Коллегию иностранных дел о принятии российского подданства казахами Младшего и Среднего жузов от 5 января 1732 г.» атты Ресей елшісі А.И.Тевкелевтің қазақ елінің Кіші жүз Ордасының табалдырығын 1731 жылдың 2 қазан күнінен бастап аттағаннан 1733 жылдың 14 қаңтар аралығындағы Уфа қаласына жеткенге дейінгі жазба күнделігінің бүгінгі заман тұрғысынан баға берілген соңғы түйіндемелерінде табын Бөкенбай батыр ғұмырнамасы төмендегідей жазылады:

«Бөкенбай Қараұлы (ХVІІ ғасырдың  үшінші бөлігі – 1741-42 ж.ж.) – Жоңғар хандығының басқыншылығына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақ батыры, қолбасшы. Кіші жүздің Жетірудан тараған Табын руынан шыққан, ХVІІІ ғасырдың 20-шы жылдарының ортасына дейін Арал өңірінде өмір сүрген, соңғы 20 жыл Қазақстанның солтүстік батысында, қазіргі Батыс Қазақстанмен жартылай Ақтөбе облысының төңірегінде тұрған. Жас кезінен қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресіне белсенді араласқан. Сол ұрыстарда аз уақыт ішінде төрт ағасынан айырылған. Батылдығы мен ерлігі арқасында жас кезінде-ақ руластарынан «батыр» деген атақ алып, шамамен ХVІІІ ғасырдың басында Кіші жүздің табын руының басшысы болып сайланды.

1710 жылы Кіші жүз бен Орта жүздің атақты өкілдерімен бірге Қарақұмда құрылтайға қатысып, онда жоңғарларға қарсы күресте бөлек-бөлек күресіп жүрген қазақ жасақтарының басын қосу жөнінде ұсынысын айтады. Сол құрылтайда ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ ЖАСАҒЫНЫҢ ҚОЛБАСШЫСЫ болып сайланады. Кейінгі жиырма жыл бойы Әбілқайыр ханмен бірге үздіксіз ірі әскери күштерге басшылық жасап, от пен оқтың ортасында жоңғарларға қарсы соғысты. 1726 жылы Әбілқайыр хан мен Сәмекенің Еділ қалмақтарына қарсы күрестеріне белсене қатысты. Содан кейін жылдан астам (1728 жылдың ортасына дейін) қалмақ ханзадасы Церен Дондуктың ордасында аманат ретінде қалды. Нәтижелі қолбасшылық қызметі мен ерекше ақылдылығының арқасында, ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарының басында қазақтар арасында және қазақ елінен тыс жерлерде де үлкен саяси беделге ие болып, атағы шықты. Бұл кезде Бөкенбай мен оның туыстарының қол астында (басшылығында) Кіші жүздің 7000-нан астам отбасысы болды. Сонымен қатар, ол бірқатар атақты башқұрт батырларымен достық қарым-қатынас ұстанды. Әбілқайыр ханның жақын қызметтес әрі қаруластарының бірі болды. Сондықтанда, Кіші жүз басшысының (ханының), қазақ  елінің Ресейдің қол астына өтуі туралы бастамасын қолдады. 1731 жылдың 10 қараша күнгі ру басшылары кеңесінде бірінші болып Ресей елшілігінің келісім-шартына қол қойып, бірінші болып Ресейдің қол астына өтеді.

Атақты батырдың дара тұлғасы Кіші жүздің қазақтарының тарихи естелігінде терең із қалдырды. Халық оның есімімен Ырғыз  ауданындағы биік, төбесі сүйір шоқыны атап, мәңгіге естелік қылып қалдырған».

Ал, Джон Кэстльдің 1736 жылғы «Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы» еңбегінде бас-аяғы үш-төрт жылдан кейінгі Кіші жүздегі қалыптасқан саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалмен бірге Әбілқайыр хан және оның төңірегі, олардың ой-пікірлері, мақсат-мүдделері, Бөкенбай, Жәнібек сияқты батырлар мен ру басыларының қазақ қоғамындағы алар орындары зерттелінген. Кэстль күнделігінің 41-бетінде: «Шілденің бірі күні хан  менің келу құрметіме үш орданың  (жүздің) ығай мен сығайын шақырып, үлкен қонақасы жасады», – десе, 38-ші парағында: «Осы айдың (маусымның) жиырма бесі күні мен ханның бауыры Нияз сұлтанмен басқа ордаға жүріп кеттім. Бұл жерде біз ханмен және ханның Бөкенбай батыр және Ақмолай батыр есімді ру ақсақалдарымен бірге тамақтандық», – деген жолдар бар.

Облыс әкімі Е.Сағындықов пен М.Ақдәулетұлының «Ұлтты рухани дегдарлық құтқарады» атты әңгіме-сұхбатында  Елеусін Наурызбайұлы: «Он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегіндегі сұлтандар мен хандардың өзара текетіресін айқын байқаған Әйтеке бидің 1711 жылғы Қарақұм құрылтайында «сұлтандарға ермеңдер,басшыны қарадан сайлаңдар» деген идеяны ұсынуы, сол құрылтайда бір мәмілеге келе алмай отырған жұртты намысқа, бірлік пен күреске қарадан шыққан табын Бөкенбайдың шақыруы және қалмақтарға тұңғыш тойтарыс беруі – тарихи факт. Әрине, Әйтеке іспеттес, Бөкенбай іспеттес билер мен батырлардың, Әбілқайыр ханның жауға тойтарыс беріп қана қоймай, жалпы ұлттық әскери күштің бас қолбасшысы ретінде бірнеше рет ұлы жеңіске жетуі ұлттық элитаның арқасы», – деп, әңгіменің бір өзегі еткен.

Енді соңғы жылдардағы тарихи шығармаларға тоқтала кетсек.

Қоғам қайраткері, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер» атты әдеби-тарихнама туындысында Бөкенбай батырдың қолбасшылығы мен қайраткерлігі және бүтін қазақ елінің тарихындағы абырой-беделі көрегендікпен сомдалған.

Тарихты зерттеуші Қ.Ахметов 1999 жылы Омбы қаласында басылып шыққан «Ұлы даланың Ұлытауы» атты еңбегінде белгілі ақын Жөкей Шаңғытбайұлының «Табын Бөкенбай» дастанынан үзінділер келтіріп, 1711 жылғы қазақ-жоңғар соғысының қәзіргі Ырғыз ауданындағы Құрдым жерінде болғанын нақтылады. Осы дастан негізінде орта жүздің қолын бастап келген Төлек батырдың аты жарыққа шығарылып, Ұлытауда ескерткіші орнатылды. Өкінішке орай Жөкей Шаңғытбайұлының «Табын Бөкенбай батыр» дастанын орталық сирек қолжазбалар қорынан да, жергілікті жерден іздестірулер де әзірге нәтижесіз.

Тарихшы Тұрсын Сұлтановтың «Қазақ хандығының тарихы» (Санк-Петербург, 2002 ж.) көркем бейнелі тарихнамасының 93-бетінде: «Бірнеше майданда соғыс жүргізу үшін қазақтың күші жетіспеді, сол дүрбелең кезеңнің оқиғаларына белсене қатысқан Бөкенбай батырдың айтуынша, тазыдан қашқан қояндай мал-жанды тастай қашып, бас сауғалайтын күндер туды», – деген үзінділер келтіріледі.

Құсыман Игісін «Ұлы Дала» атты тарихи-ғибраттық шежіресінде («Фолиант» баспасы. 2002 ж. Астана.): «Алты алашты тағы да үрей буған сияқты, әр түрлі әңгімелер айтылады. Алайда көпшілік қауым құрылтайда жоңғармен қасық қаны қалғанша соғысуды қолдайды. Бас қолбасшы болып Бөкенбай батыр сайланды. Қазақ Ордасының тарихында тұңғыш рет ұлыс тағдыры ханға емес, сұлтанға емес, қара қылыш батырға тапсырылды» ( 35-бетте), – деген жолдарды келтіреді.

Аманбай Құнтөлеуов «Аталар әруағы» кітабында: «В.Н.Татищев «Орта жүзде Арғын Жәнібек пен Найман Шүрек, Кіші жүзде Табын Бөкенбай ханнан да өткен беделді» деп жазады», – деген үзінділер көзге шалынады.

«Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін )» атты бес томдық кітаптың 3-томында («Атамұра» баспасы, 2002 ж.) «Қарақұмдағы съезд» қазақтардың әйгілі батыры және ақсақалы Бөгенбай (нақтысы Бөкенбай) Қарақұмдағы сеймде халықты қалмақтарға шабуыл жасауға көндірді. Бөгенбай қазақтардың жетекшісі болып сайланды, ал хан билігі Әбілқайырға берілді», – делінсе, «Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының Ресей бодандығын қабылдауы» атты тарауында «Башқұрттар, соның ішінде кейіннен Ресейге адалдығы үшін тархан атағы берілген Таймас Шаймов табын руының даңқты батыры Бөкенбайдың, оның күйеу баласы Есет батыр мен немере інісі Құдайменді (нақтылысы Құдайназар) мырзаның уәдесін алуды ұсынды… Бірінші болып бодандыққа Әбілқайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр, Құдайменде (нақтысы Құдайназар) мырза қосылды», – деген сараң да тайғанақ үзінділер келтіріледі.

Қаламгер-зерттеуші А.Көптілеуұлы «Әбілқайыр хан» атты ғылыми-зерттеу кітабында («Дәуір» баспасы, 2008 ж. Алматы) «Арал Қарақұмындағы көктемгі құрылтайда 1718 жылы Әбілқайыр Кіші жүзге хан сайланды» және «Бөкенбай батыр Кіші жүз ханының бас сардары» атты тарауларында Бөкенбай батырдың бүтін қазақ елін соңынан ерте білетін шешендігі, Қарақұмдағы қазақ-жоңғар соғысындағы (қазіргі Ырғыз ауданы) қолбасшылығы мен Қазақ-Ресей арақатынасындағы жалпы ұлттық деңгейдегі саясаткерлігі жөнінде деректер мен мәліметтер келтірген.

«Қазақ тарихынан» (Шежірелер, жазбалар, пікірлер, зерттеулер. Құрастырған Нұрипа Құлмағанбетова, Алматы, 2004. «Жалын» баспасы) туындысында: «Халық жиналысында  Тевкелев Орта және Кіші ордалар халқы қатты құрметтейтін ықпалды батыр Бөгенбай ықыласына ие болды. Осы батыр және Әбілқайыр хандармен бірге Тевкелев Ресей пайдасына дәлелді мақтау сөздерін аямай тоқтаусыз сөйлеп, …Ресейге қосылуды жақтаушылар қатарына бірауыздан қосылды», – деген жолдарды келтіріледі.

Жоғарыдағы тарихи зерттеулер мен баспасөз бетіндегі жарияланымдарға қарамастан, ресми-халықтық тұрғыда аталмағандықтан бір туар дара тұлға табын Бөкенбай батырдың есімі төрткүл қазақ елі түгілі,  жазбаша тарихта қоныс еткен Батыс өңірінің өзінде де ауызға алына бермейді. Тіптен, энциклопедияларда «халық батыры Қараұлы Бөкенбай батыр атымен» аталатын «Бөкенбай шоқысының» өзі де тарихымызда жиі ауызға алына бермейді. Тіпті Ақшаұлы Бөгенбай батырмен шатыстырушылық қалың көпшілік түгілі, көзі қарақтылардың арасында да жиі кездеседі.

«Қарақұм шайқасына» дейін де, кейін де асқан батырлығымен, қолбасшылығымен, саяси қайраткерлігімен ел бірлігіне есепсіз үлес қосып, Аңырақай шайқасында Кіші жүздің қолын басқарған, Қарақұм құрылтайында бас қолбасшылыққа сайланып, Кіші жүз бен Орта жүздің әскеріне алдын-ала алты ай бойы Нарқызыл, Айырқызыл, Есеншағыл, Жаманшыңның құм шағылдарында ұрыс тәсілі мен қару- жарақтарын дайындатқызып, нәтижесінде жан алып-жан беріскен Қарақұм шайқасында 190 метрлік биік шоқы төбесінде тұрып, 80 мың жауынгерге басшылық етіп, жеңіске жеткізген Бөкенбай қолбасшының бүгінде өзі жоқ та, жүз шақырым маңайдан мен мұндалап батырдың атындағы тек «шоқысы» тұр.

Тарих ғылымының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар табын Бөкенбай туралы «Елдестірмек елшіден» атты мақаласының («Ана тілі» газетінің 2008 жылғы №11 саны) соңғы түйінді сөзіндегі: «Бөкенбай батыр денесі Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Шалқар жол қатынасы бойындағы биік шоқыда жерленген. Кейін ол,»Бөкенбай шоқысы» аталып кетті», – деуінің де  негізі бар екенін пайымдауға болады. Ырғыз жерінің «Қара батыр алабында» белгісіз күйде батырдың әкесі Қара батырдың да қорымы жатыр (Ә.Кекілбаевтың «Үркер» тарихнамасында). «Анасы да сонда бірге жерленген» дейді жергілікті көнекөз қариялар.

Қандайда бір ғұламалар сыңаржақтықпен ұлттық-тұтастық мүддені жершілдік танымдарға айырбастаса да, Бөкенбай батырға хан да, қара да, жат та, жақын да арқа сүйеген-ді. Ол бөліп алатын бір аймақтың батыры емес. Бүтін қазақ елі мен жерін қорғап, барша қазақ жасағының басшысы болған-ды. Бөкенбай батырдың қолдауымен Маңтөбеде жүзеге асырылған Қазақ-Ресей тамырластығы 278 жылдан бері бейбіт келісіммен сабақтасуда. Сондықтан да Бөкенбайға қазақ халқының осы дәуірге жету жолындағы батыр ғана емес, көрнекті қолбасшы, саяси тұлға ретінде қарап, талапай-талқыға түскен тағдырын аршып алып, бірегей ірі тұлға ретінде жарық сахнаға шығарып, қалың елімен қауыштыру ел ағалары мен зиялы қауымының борышы мен міндеті деуге болады.

Ералы Тұрабаев.

Басқа жаңалықтар

6 Comments

  1. Жалпы мақаланың тарихи тоғысу, тақырыптық, стильдік, сөз шеберлігі немесе зердерлігі жағынан алып қарасақ та, оқырман көңіліне қонымды, ой-санасына ойлау салатындай керемет мақала.

  2. Бірдекіл-деріміздін улыларды озімізден емес озгеден іздейтініміз бар. Шындыгын да откенімізге ой жіберсек, аскери согыс гылымы басшылыгы мен женімпаздыгы жонінде торткул еуропа тарихына аты калган Наполеон, Суворов, Кутузовтар калдыра алмаган Улы Даланы урпактарына Абілкайыр, Бокенбай, Есеттер калдырган жок па? Казіргі урпак откен улыларымызды сондай денгейде багалауга тиістіміз -ау

  3. Ия, «Каракум шайкасына» дейінде, кейінде аскан ерлігімен, акылдылыгымен, ел бірлігіне есепсіз улес косып, уш жузге белгілі болып, ел баскарган хандарга айтканын тындаткан, Аныракай шайкасында Кіші жуздін, Каракум, Буланты шайкасында уш жуздін аскерінін бас колбасшылыгына сайланып, букіл Кіші жузбен Орта жуздін аскеріне жан алып, жан берген Каракум шайкасында 190 метрлік биік шокы тобесінде турып 80мын жауынгерге басшылык етіп женістерге жеткізген табын Бокенбай батырдын уш жуз жылдан бері озі жокта жуз шакырым манайдан мен мундалап батырдын атындагы тек «шокысы » тур. Тусынан отіп бара жатканында, тобеннен карап «Мені еске алып, ак танау тулпарыма мінгізіп, колыма найзамды устатып, жонгар шабуылдарын женгізіп, мына даланын сендерге калуына себепкер екенімді урпакка елге жеткізіп, корсетіндерші»-деп сес корсетіп тургандай елес береді. Осы елес кашан манынан узап кеткенше, енсені басып, кеудені котерітпейді. Мумкін елестейтін батырдын рухы болар. Ойткені бул шокынын тобесінде турып хан Абілкайыр, колбасшы Бокенбай, батыр Есет бабаларымыз жонгар шабуылын калай женудін тасілдерін талай талкылаган болар.   

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button