ЖаңалықтарӘлеумет

«Үкімет азаматтар үшін» корпорациясы 522 қызмет түрін көрсетеді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде азаматтарға қолайлы жағдайлар жасау тапсырылған болатын. Соған байланысты наурыздың 1-інен бастап «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы өз жұмысын бастайды. Корпорация халыққа қызмет көрсету орталығының базасында қайта құрылып, төрт негізгі республикалық мемлекеттік кәсіпорынды біріктіреді. Олар: ХҚКО, «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» және «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық». Нәтижесінде, бұған дейін аталған кәсіпорындарға жүктелген барлық қызметтерді енді азаматтар бір жерден ғана алатын болады. Бұл әкімшілік кедергілерді жояды. Сондай-ақ сұрау салынатын құжаттар тізімін қысқартады.
Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарға 212 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылса, мемлекеттік корпорация бірінші кезеңде 522 қызмет түрін көрсететін болады. Ал екінші кезеңде 700-ден астам мемлекеттік қызмет көрсету жоспарланып отыр.
«Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы деген не, оның жұмысы қалай реттеледі? Тиісті орталықтар жаңа корпорацияға кіруге дайын ба? Біз бұл туралы білмек ниетпен құзырлы мекемелерге хабарласқан едік. Сонымен…

Былтыр 17 қарашада Елбасы «Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құруға және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
Мемлекеттік корпорация құру — көрсетілетін мемлекеттік қызметті дамытудың кезекті қадамы. Мемлекеттік корпорацияның ең басты тиімділігі — азаматтар барлық мемлекеттік қызметті бір жерден алатын болады.
Мемлекеттік корпорацияны құру үшін Канаданың Service Canada мен Австралияның Centrelink тәжірибесі негізге алынған.
Мемлекеттік корпорацияны құрудың негізгі мақсаты — мемлекеттік қызмет көрсету сапасын түбегейлі жақсарту және көрсету мерзімін қысқарту.
Барлық мемлекеттік қызметтер бойынша қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттары болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының оңтайлы жұмыстарын ескере отырып, мемлекеттік корпорацияға кедергісіз қызмет көрсету, бірыңғай электрондық кезек, «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының қызмет етуі, қабылдау жағдайының жайлылығы, соның ішінде, мүмкіншілігі шектеулі тұлғалардың үйіне шығуы арқылы мемлекеттік қызметті көрсету үшін ХҚКО-ның стандарттары пайдаланылатын болады.
Қызметтерді көрсетудің кез келген сатысында азаматтар өздерінің сұраныстарының ағымдық жағдайын қарау мүмкіндігіне ие болады.
Бизнес-үдерісті оңтайландыру барысында бір өтініші негізінде бірнеше мемлекеттік қызметтерді алу үшін жағдай жасалады. Болашақта сұраныстарды жолдаудың қажеті де болмайды.
Мемлекеттік қызметтің сапасын бақылайтын басты бағалаушы — тікелей тұтынушы. Онымен кері байланыс түрлі тәсілдермен қамтамасыз етіледі.
Корпорация күнделікті сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді.
Мемлекеттік корпорацияда жалпы 21 мыңнан астам адам еңбек ететін болады.
Біріктірілген төрт РМК үшін қосымша қаражат республикалық бюджеттен бөлінбейді. Сондай-ақ ақылы қызметтерді көрсету және болашақта шығындарды оңтайландыру есебінен республикалық бюджетке түсетін жүктеме жоспарлы түрде азаятын болады.
Қорыта айтқанда, жаңа корпорация шенеунік пен халықтың ара¬сын¬дағы тікелей байланысты мейілінше азайтады. Ал бұл өз кезегінде бюрократияны азайтуға, жемқорлықты болдырмауға сеп. Сондай-ақ, барлық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Айта кету керек, корпорация өтінімдерді қабылдап қана қоймай, сонымен қатар оларды өңдеу жұмыстарын да орындауға мүмкіндік береді.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің ақпарат қызметі.
Қайрат ОТАРОВ, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» Ақтөбе облыстық филиалы директоры:
— Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің провайдеріне айналатын «Үкімет — азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құру көзделген еді. Жаңа корпорация алдында жер қатынастары, жылжымайтын мүлік, әлеуметтік және зейнетақы төлемдері саласындағы жаңа қызметтер көрсету процестерін барынша оңтайландыру және автоматтандыру міндеті тұр.
Зейнетақы төлеу орталығы қазіргі атқарып жатқан жұмыстарын корпорация құрамына кіргенде де атқара береді деген ойдамын. Корпорация құрамында жұмыс істеуге дайынбыз. Қазір облыстық зейнетақы төлеу орталығының 12 ауданда 12 бөлімшесі бар. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында бір бөлімшесі мен екі операциялық бөлімі жұмыс істеп жатыр.
Қаңтардың 1-і күнгі мәлімет бойынша Ақтөбе облысы бойынша зейнетақы төлеу орталығында 205 410 клиент бар. Оның ішінде жасына байланысты зейнетақы алушылар — 82 114 адам. Қалғандары түрлі жәрдемақы алады.

Дархан ЖАЛИНОВ, «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы:
— Корпорацияның арқасында жеке және заңды тұлғаларға «бір терезе» қағидасы бойынша мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Осы уақытқа дейін түрлі қызметтер бойынша азаматтар әр мемлекеттік органға барған болса, алдағы уақытта тек бір ғана мекемеге — «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясына баратын болады. Қызметтерді екі тәсілмен алуға болады: біріншісі, электронды үкімет порталы, екіншісі, «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы.
Барлық мемлекеттік қызметтер оңтайландырылады, автоматтандырылады, сондай-ақ кешендік қызметтер қалыптастырылатын болады. Бұл ретте өтініш білдіруші бір өтінішпен бірқатар қызметтерді алу мүмкіндігіне ие болады.
Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК Ақтөбе облыстық филиалы жылжымайтын мүлік объектілеріне, техникалық паспорттарды дайындау, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын жеке тұлғалардың жылжымайтын мүлік объектілерін бағалау, жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының және жылжымалы мүлік кепілін тіркеу куәлігінің телнұсқаларын беру қызметтерімен айналысады.
Біздің филиал 2014 жылдың сәуірінен бастап барлық мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттік қызметтер мерзімі мемлекеттік стандарттармен белгіленген. 2014-2015 жылдары аралығындағы жұмыс қорытындысы бойынша филиал тарапынан мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінің бұзылу фактілері болған жоқ.
Біздің филиал жаңа корпорацияға бірігуге әзір.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button