Жаңалықтар

Көшелер сыр шертеді

Акция

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Менің көшемнің тарихы» атты акция өтті. Аталған шара «Атаулар сыр шертеді» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты — жастарды туған өлкесінің, елді мекендер мен көшелерінің тарихын тануына, облыстық топонимия кеңістігіне ғылыми негіз жасауына қатыстыру, жастардың туған өлкесі туралы танымын арттыру.
Акцияға қатысушылар алдымен «Ономастика — тіл білімінің ажырамас бөлігі» тақырыбындағы тілдерді дамыту басқармасының атқарған жұмыстары туралы бейнероликті тамашалады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева акцияның мақсатын түсіндіріп, алда атқарылатын шаруаларды айтып өтті.
Жоба аясындағы алғашқы акция Пацаев атындағы көшенің тарихына арналды. Жиында облыстық қоғамдық-саяси кеңес төрағасының орынбасары, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Еркін Құрманбек «Мәңгілік ел — мұратымыз» атты тақырыпта баяндама жасаса, жерлесіміз ғарышкер-ұшқыш В.Пацаевтың өмір жолы туралы облыстық планетарий директорының орынбасары Бибігүл Мұстафина әңгімеледі. «Атаулар сыр шертеді» жобасы туралы инновациялық технологиялар арқылы демократияны оқыту орталығының директоры Зәуреш Имжарова баяндады. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров жастарды тәрбиелеудегі жобаның рөлін айтты. Жалпы жобаға қатысушылар жыл сайын артып келеді. 2013 жылы 120 жас қатысса, 2015 жылы 203 студент пен мектеп оқушыларынан зерттеу жұмыстары түскен. Өткен жылы 86 жоба сарапқа салынып, ішінен үздіктері таңдап алынған. Ғалым жастардың жер-су аттарын, туған өлке тарихын зерттеуде ынталарының жоғары екенін айтты. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенті Бану Жұманазарова Ақтөбе көшелерінің тарихы туралы, Хазірет Меңдіғалиев атындағы көше туралы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Айбар Шаймуханов зерттеу жұмыстарын көпшілікке ұсынды. Жиын барысында қатысушылар Мәңгілік елдің өз Отанымыздан басталатынын айтып, отансүйгіштік, патриоттық тәрбие бағытында ой қозғап, пікірлерін ортаға салды.
Акцияның соңында жоба жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдеге ие болған Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Нұрболат Тілегенов пен Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушылары Данил Резяев және Диана Рогозниковаға облыс әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығы табыс етілді.
Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыруға зор үлес қосқаны үшін «Флот бауырластығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Марат Сердалиев, өңірдегі жер-су атауларын тарихи тұрғыдан реттеу ісінде жүйелі жұмысты ұйымдастырғаны үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Алмат Пангереев, ел үшін қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін туған жеріне жеткізіп, есімдерін ұлықтаған патриоттық тағылымы үшін «ҚР Ауғанстан ардагерлерінің одағы» қоғамдық ұйымы облыстық филиалының басшысы Гумер Галеев және қазақ тілін халықаралық деңгейде насихаттағаны үшін Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектеп-гимназияның мұғалімі Нұргүл Қадырова ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Жеңімпаздарды құттықтаған Гүлайым Төлебаева алдағы уақытта бұндай жоба облысқа шекаралас аудандардағы елді мекендер атауларының тарихын зерттеуге арналатынын айтты. Жоба қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button