Жаңалықтар

Кәсіпкерлік дамыса ауыл да дамиды

Аудан басшысы Аманғали Бердалин өзінің тұрғындар алдындағы есебінде алдымен өңірде атқарылған істермен таныстырды. Мәселен, былтыр Қайрақты елді мекеніндегі барлық үйлерге байланыс желісі тартылып, іске қосылды.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында шығарылған өнімдер арта түсті. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі ауылдық округтер әкімдерімен бірлесіп «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында сметалық құны 108,5 миллион теңге болатын 4 жоба ұйымдастырып, 4 субсидиялық, 4 кепілдік 8 бағыт несиелендірілді.
— Аудан экономикасына 6351,0 миллион теңге инвестиция бағытталды немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 116,5 пайызға орындалды. Салық базасын ұлғайту үшін жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда.
Ауданда инвестициялық белсенділік танытқан кәсіпкерлерді тарта отырып, бүгінгі күні Комсомол ауылының шығыс бағытында өндірістік және ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін нысандардың құрылысын салуға орын белгіленіп, инфрақұрылым жүргізу мақсатында қаржы қарастырылуда. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 4 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Жеке кәсіпкер С.Керуенбаев кемпинг нысанын салу үшін 20,0 миллион теңге несие алды. Мұндай қолдау көрген бірнеше кәсіпкер бар, — деді аудан әкімі.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы құрылымдарын әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ет экспортының әлеуетін дамыту міндеттері жүктеліп отыр. Бүгінгі күнге дейін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2011 жылдан бастап 1632 сиыр және 88 асылтұқымды бұқа алынды.
Ауыл шаруашылығында егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Егіншілікте әр гектарына 6,8 центнерден өнім алып, 82,8 мың тонна астық бастырылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында «Агробизнес — 2020» бағдарламасы бойынша үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. «Шыңғыс» шаруа қожалығы қымыз өңдеу цехының құрылысын қолға алды. «Әлихан» шаруа қожалығының жетекшісі Асылхан Ідірісов мал сою пунктін іске қоспақшы.
Басқұдық орта мектебіне 2,9 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылжұлдыз, Северный, Талдысай орта мектептері мен «Мөлдір бұлақ», «Нұрбөбек» балабақшаларына қосымша бу қазандықтарын орнатуға конкурс арқылы мердігерлер анықталып, жұмыстары аяқталды.
Ауданда кәсіпкерліктің кең өріс алуына несиелендіру мүмкіндіктері жол ашуда. Аудан басшысы өз сөзінде: «Біз өнімді өндірумен ғана шектелмей, оны ұқсатуды да қолға алуымыз қажет» деді.
Қаладан ауылға оралып, өз бизнесін дамытуды ұйғарушылар байқалуда. Бұл да көп жайды көрсетіп, Мемлекет басшысының ауылды дамыту жайындағы саясатына сай келіп тұр.
Село тұрғыны Ә.Елеусізов қаладағы баласының ауылға келіп, өз кәсібін жасағысы келетінін және несие алуға қолдау болса деген тілегін білдірсе, кәсіпкер А.Төлепов өткен жылы екі қабатты жиһаз салонын ашқанын, енді бизнесін кеңейте түсуге ниеті барлығын айтып, басшылық тарапынан көмек болса деген ойын жеткізді.
Есеп беру жиынына қатысқан облыс әкімінің орынбасары М.Жұмағазиев ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту жолындағы жұмыстардың жақсы нәтижесін айта келіп, жергілікті жерде мал бордақылау алаңдарын ашу және мал өнімдерін ұқсату жағына көбірек назар салуды тапсырды.

Егенберлі ӘБДІРАЕВ,
Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button