АуылЖаңалықтар

Асхаттың «Айназы» әр ауылға керек!

Ауданның қай ауылына да қоғамдық моншаның қажеттігі әкімдердің есепті кездесулерінде жиі көтерілетін мәселе. Бұған дейін көп жерде әркім әліне қарай салған моншаларды тұтынып келген көптоғайлықтардың тілегі биыл қабыл болды.
Әуелден әртүрлі кәсіппен машықтанған кәсіпкер Асхат Ниязов қоғамдық монша құрылысын былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы бастады. Осы бағдарлама арқылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» алған 3 миллион теңге Асхаттың ойын жүзеге асыруына жетпей қалды. Не істемек керек? Әуелден бірбеткей жігіт алған бетінен қайтпады. Алты пайыздық жеңілдікпен қаржы берген бағдарламаның міндетін орындап құтылу үшін бес адамдық «бірдеңе» сала салуға намысы жібермеді. Қосымша қорын қосты. Онда да түбі жеткізер түрі көрінбейді. Шегінбеді. «Шешінген судан тайынбастың» жігерімен кіріскен шаруаның қазіргі жемісі мынау!
Асхаттың «Айназы» ауылды айтпағанда қазір кез келген ауданда жоқ. Ойылдағы бұған дейінгі мақтап жүрген моншаларымыз мұның қасында «жіп есе алмай» ойнап қалды.
Он адамдық жалпы залы бар моншада WіFі мен бассейн де бар. Демалып отырғанда интернет қарап, теледидар көруге болады. Осы қызметтің барлығына бір адам сағатына 300 теңге ғана төлейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл моншадан айналымға келмейтін кейбір шағын моншасымақтарға барғандай не істеп, не қойғаныңды білмей, алқынып, «діңкең құрып» емес, тазарып, демалып шығасың! Ал бассейнде балаларды қорғайтын арнаулы күртешелер бар. VIP залдағы қызмет қымбаттау. Қымбаттау дегенде қаладағыдай емес. 600 теңге. Бұл — ауыл тұрғындарының қай-қайсысына да бір апта үшін қолайлы баға. Әзірге Асхат моншаны сенбі, жексенбі күндері ғана жағып тұр. Тұтынушылар қалыптасқаннан кейін халыққа жұма күні де қызмет ететін болады.
Көптоғайдағы осындай моншаның бой көтеруіне жоғарыдағы бағдарламаның тигізген ықпалы да көп. Яғни сол бағдарламаның екінші бағытымен «Жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды дамыту» үшін 3 млн. теңге жұмсалды. Ол қаражатқа моншаға электр желісі мен су құбыры тартылып, кәріз жүйесі жасалды. Айналасы абаттандырылды. Нәтижесінде ауылдың төрт адамы тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Сыртқы сәулеті мен ішкі дәулеті жарасқан монша қызметін жаңа жылда бастады.
Негізгі мамандығы мұғалім болса да, уақыт ағымына ілескен жас кәсіпкер Асхаттың басы толған «идея». Қиялы ұшқыр, қолы епті жігіттің ойымен салынған монша қазір ауылдағы ең сәулетті ғимарат болып тұр. Ішкі дизайнын ойластырған да өзі. Қабырғаларын қазақтың оюларымен өрнектеген оның ендігі мақсаты — ауылда темір өңдеу цехын іске қосу. Ол үшін несие алып, құрылысын бастады. Келешекте темірден түйілген қақпа, қоршау сияқты бұйымдар алдымен ауылдастарының үйлеріне сән береді. Қалыптасқан ұғымға сүйенсек, «театр киім ілгіштен басталады». Демек, Асхаттың ауылдастарына үлгі көрсетіп қана қоймай, ауыл көшесінің ажарына да үлесін қосатын күні алыс емес…

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button