Жаңалықтар

Сот және бақ

Дөңгелек үстел

Ақтөбе облыстық сотында «Соттардың БАҚ-пен өзара ықпалдастық жұмысын жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мақсат — төртінші билік өкілдерінің ұстанымын ескере отырып, ортақ шешімге келу.
Жиында сот төрағасы Е.Айтжанов сот пен бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы байланысты айтты.
— Сот жүйесінің беделі халықтың оған деген көзқарасы, сенімі арқылы айқындалатындықтан, соттың жұмысы халық үшін қолжетімді болуы шарт. Соттарда өтіп жатқан іс-шаралар көп жағдайда БАҚ өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып келеді. Сот жүйесіндегі жаңалықтардың барлығы тілшілер қауымының арқасында халыққа түсіндіріліп жатады. Мәселен, биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап республика соттары сот реформасы аясында жүзеге асырылған жаңа форматтағы жұмысқа көшті. Жоғары кәсіби, білікті судьялардың корпусын құруға, сот жүйесін жаңғыртуға, инвестициялық даулар бойынша сот өндірісінің жаңа моделін құруға және судьяларға зейнетақы төлеуге қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ жаңа Азаматтық процестік Кодекс қабылданды. Аталған жаңалықтардың барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырды, — деді сот төрағасы.
Жиында соттың БАҚ-пен жұмысты үйлестіруші судьясы М.Жарқынбеков өткен жылғы облыс соттарының БАҚ-пен өзара ықпалдастық жұмысын қорытындыласа, сот жүйесі жөніндегі БАҚ-тағы жарияланымдар туралы «РИКА» медиа тобының бас редакторы М.Васильева баян етті. Ал республикалық «Заң» газетінің меншікті тілшісі Б.Жаншаева сот пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ықпалдастықты әрі қарай жақсарту жөнінде өз пікірін білдірді. Облыс соттарының жұмысында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу бойынша облыстық сот әкімшісінің басшысы Ә.Мәмбетов баяндама жасады. Сот төрелігін, жариялығын түсіндіруге бағытталған баспасөз хатшыларының жұмысы айтылды. Жиын соңында БАҚ-пен қарым қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар сот ұжымдары марапатталды. Бірінші орынға Ақтөбе қаласының №2 сотының ұжымы ие болса, екінші орынды облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты алды. Ал үшінші орынға Шалқар аудандық сотының ұжымы қол жеткізді. Облыстық сот төрағасының Құрмет грамотасымен Мәртөк аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Д.Бекмұхамбетова мен Байғанин аудандық сотының маманы Н.Қадіров марапатталды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button