Жаңалықтар

95 Кандидаттың өтініштері қабылданды

Кеше облыстық әкімдік ғимаратында облыстық сайлау комиссиясының ұйытқы болуымен семинар-тренинг өтті. Жиынға саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаеваның айтуынша, жалпы облыс бойынша 95 кандидат сайлау комиссияларына өтініштерін тапсырған. Олардың 92-сі өзін-өзі ұсынған. Сондай-ақ «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалынан 2 адам, «Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық филиалынан 1 адам үміткер ретінде ұсынылыпты. 95 кандидаттың 4-еуі — облыстық мәслихатқа, 17-сі — қалалық мәслихатқа, 74-і аудандық мәслихатқа өтініш берген.
— Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының алдында тұрған міндет — сайлау науқанын Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңының талаптарына сәйкес өткізу.
Қазіргі уақытта атқарушы органдар 475 мыңнан асатын сайлаушылардың тізімін нақтылау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. 28 ақпан күні қала, аудан әкімдерінің қолы қойылған сайлаушылардың тізімі тиісті сайлау учаскелеріне тапсырылады, — деді Гүлнар Күнбаева.
Семинарда облыстық сайлау комиссиясының төрайымы жиналғандарға кандидаттарға қойылатын талаптар туралы жан-жақты түсіндірді.
— 20 қаңтардан бастап әрбір қазақстандық өзін түрлі деңгейдегі мәслихатқа депутат ретінде ұсынуға құқы бар. Талап бойынша үміткер — Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Үміткердің жасы 20-ға толған болуы керек. Сайлау жарнамасы — 114 295 теңге. Үміткердің қажетті құжаттары тіркеуден өткеннен кейін ғана сайлау жарнасы сұралады.
Сондай-ақ, үміткер сотталмаған болуы керек. Айта кету керек, әкімшілік құқықбұзушылықтар есепке алынбайды. Тағы бір басты талаптың бірі — үміткер мен оның жұбайы жыл басынан бастап табыс және мүліктері туралы декларация тапсырады. Үміткер меншігінде қандай мүлік бар екенін нақты көрсетуі тиіс , — деді Г.Күнбаева.
Сайлау науқанында 526 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарын сайлау үшін қазір 14 аумақтық және 204 округтік сайлау комиссиясы белсенді түрде жұмыс жасап жатыр. Сайлау күніне бір ай уақыт қалғанда учаскелік сайлау комиссиялары жұмысын бастайды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button