Жаңалықтар

Кәсіпкер сайлауға түседі

Кеше Ақтөбе қаласындағы №22 сайлау округі бойынша «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының екі үміткері сынға түсті.
Алдағы мәслихат сайлауына Благодар селолық округі бастауыш партия ұйымы екі үміткер ұсынған. Алайда бұл округтен тек біреуі ғана өтуі тиіс. Осыған орай округте праймериз (қазақ тілінде іріктеу деген мағына — авт. ), яғни ішкі партиялық сайлау ұйымдастырылды. Мұнда Кеңес Нокин ауылының тұрғыны Көркем Сәрсенова мен кәсіпкер Қайыржан Таңатаров сайлаушыларды өз бағдарламаларымен таныстырып, қатысушылар өздері таңдаған үміткерге дауыстарын берді. Нәтижесінде Қайыржан Таңатаров басым дауысқа ие болды. Ол енді 20 наурыз күні қалалық мәслихат депутаттығына сайлауға түседі.
«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахат Мырзалиннің айтуынша, қалалық мәслихат депутаттығына партиядан 23 үміткер ұсынылады. Бүгінге дейін 20 праймериз көшбасшысының есімдері белгілі болды.
Айта кету керек, 1 ақпаннан бастап «Нұр Отан» партиясынан облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттығына 201 үміткер іріктелген.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button