ЖаңалықтарМәдениет

Заманның заңғар тұлғасы

Әдеби кеш

Бейсенбі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Замана заңғары» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Шараға зиялы қауым өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер қатысты.
Кешті университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Сайра Әлпейісова алғысөзбен ашты.
— Бұл шара барлық өмірін мемлекетіміздің рухани дамуына арнаған аяулы аға Әбіш Кекілбаевты еске алу мақсатында өткізіліп отыр. Біз білетін Әбіш Кекілбаев алдымен дарынды жазушы, одан кейін қоғам қайраткері. Ол — иісі қазақтың мақтанышы, өнегесі, тау тұлғасы. Әбіш ағаның ақылды парасатты сөзі, іс-қимылы бәрімізге өнеге және аға бейнесі мәңгі есімізде сақталады, — деді С.Әлпейісова.
Бұдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, халық жазушысының дүниеден озуы қазақ әдебиеті үшін ғана емес, қазақ елі үшін ауыр қаза болғанын жеткізді. Ол өз сөзінде Әбіш Кекілбаевтың Ақтөбе өңіріне арнайы келіп, ағайынды Жұбановтардың мерейтойына арналған шараларға қатысқанын, сондай-ақ, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласын» ұзақ жылдар бойы зерттегенін, хан есімін ұлықтауға бағытталған жұмыстарға атсалысқанын айтты. Сөзінің соңында басқарма басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан шараны ұйымдастырушы университет басшылығына алғысын білдірді.
Кеш барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев баяндама жасап, Әбіш Кекілбаевтың берісі қазақ әдебиетінің, әрісі әлем әдебиеті классиктерінің санатында тұрған санаулы сөз саңлақтарының бірі екенін, оның туындылары өміршеңдігімен ерекшеленетінін жеткізді.
— Қалам Әбішті қайраткер атандырды, тек әдебиеттің ғана емес, мемлекет пен қоғамның қайраткері атанды. Қазақстанда қаламгерлер арасында алғаш болып Қазақстанның Еңбек Ері атағын иеленді. ХХ ғасырдың әлемдегі ең үздік 100 жазушысының қатарына енді. Әлем әдебиетінің белгілі сыншылары мен зерттеушілері Әбіш қаламынан шыққан толайым туындыларды аударып, оған «Қазақ әдебиетін аңыздық-тарихи монументальды романдар үлгісімен байытқан зор талант» деп баға берді. Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялатып, рухани және тарихи құндылықтарды қастерлеуге баулиды, — деді А.Мұсаев.
Бұдан кейін сөз алған университеттің білім мен тәрбиенің әлеуметтік және дүниетанымдық мәселелерін зерттеу орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Әбіш Кекілбаевтың саясаткер ретіндегі тұлғасы жайында сөз қозғады.
— Мен білген Әбекеңнің саясаткерлігі өзгелерден бөлектеу еді. Оның: «Саясатта да саяқ жүруге болады ғой деп есептеймін. Елбасылыққа, үкіметбасылыққа таласқан адамдарға, болмаса хал-қадірінше қоғамға көмектесу деген ой-мақсаты жоқ саясаткерлерге дуылдасып жүру шарт емес деп ойлаймын. Оның үстіне өтпелі кезеңнің айқыш-ұйқышы көп көзқарасының бәрі-бәрі көңілден шыға бермейді. Сондықтан оны көріп-біле тұра, біреуге обал-сауабымды арта салуға немесе өз алдыма қозғалыс ұйымдастырып, біреулердің обал-сауабын арқалауға құлықты емеспін» — деген сөзі бар. Осының барлығын ескерсек, Әбекең батыл сөйлеп, батыл жазатын адам екенін аңғарамыз, — деді Амангелді Айталы.
Кеште белгілі ардагер журналист Идош Асқар да талантты жазушы жайлы естеліктер айтып, ұлтжанды жазушының ұлттық менталитетті насихаттайтын туындыларындағы тамыры «қазағым» деп соққан кейіпкерлері бойындағы қайталанбас қасиеттері ұрпаққа үлгі болатынын жеткізді.
Шарада белгілі термеші Қоянбай Тобағабылов «Сағымқожаның термесін», Марат Әйтімов Әбіш Кекілбаевқа арналған Айбатыр Сейтақтың сөзіне жазылған Амангелді Сұлтанғалиевтің «Ғасыр кемеңгері» әнін, Орал Байсеңгір Мұқағали Мақатаевтың «Пай-пай, өмір» әнін орындады. Сондай-ақ, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильмдерден үзінділер көрсетілді.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button