Жаңалықтар

2005 жылы жер кезегінде тұрғандарға учаске бөлу қарастырылып жатыр

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын Студенттер сарайында қала тұрғындарымен кездесті. Бұл — қала басшысының жоспарланған жеті есептік кездесуінің алтыншысы.
Жиында Бекбол Сағын шаһардың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы жан-жақты баяндады.
Былтыр қала бойынша жалпы құны 3,3 миллиард теңге болатын 5 жаңа өнеркәсіп нысаны пайдалануға берілді. Нәтижесінде 400 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған нысандарды іске қосудың арқасында құрылыс индустриясы, металлургия, тамақ өнімдері өндірісі саласындағы тауарлардың саны артты.
Биыл да Индустрияландыру картасы бойынша 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Есепті мерзім ішінде мемлекеттік тұрғын үй құрылысы аясында бюджет қаражаты есебінен «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 5 үйдің құрылысы аяқталды. Соның арқасында 981 отбасы қоныстойын тойлады.
— Қала әкімдігі жер қатынастарын реттеу жөнінде нақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Бау-бақша ұжымдарына жүргізілген түгендеу барысында пайдаланылмаған немесе мақсаты бойынша пайдаланылмаған 848 жер учаскесі анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, — деді қала басшысы. Оның айтуынша, 2003 жылдан бастап 2015 жылдың 1 қазанына дейін 100 156 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекте тұр. Қазір 2005 жылы жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскелерін бөлу қарастырылып жатыр.
Жиын барысында қала әкіміне тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарды қойды. Сауалдардың барлығы — жеке мәселе. Сөз алғандардың басым бөлігі баспана мәселесін көтерді. Кейбір тұрғындар пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларының жұмысына көңілдері толмайтынын айтты.
— Бесінші қабатта тұрамын. Ең жоғарғы қабатта тұратындардың «бас ауруы» — төбеден аққан судың пәтерді бүлдіруі, бөлменің дымқылдануы. Бұл үшін төменгі қабаттағылар бас ауыртқысы жоқ. Үйіміз ескі. Терможаңарту бағдарламасы бойынша шатырды бүтіндегіміз келеді. Дегенмен, тұрғындардың бәрі келіспейді. Подъездің іші лас, тіпті кейде үй жануарларының өлекселері де жатады. Біздің үй «Жақсылық» пәтер иелері кооперативіне қарайды. Дегенмен, одан қайран жоқ, — деді Есет батыр көшесі, 160-үйдің тұрғыны Бәтима Мұңайтбасова. Оның сауалына қала әкімі былай деп жауап берді:
— Шатырдан су ақса, бұл сол үйдің жоғарғы қабатында тұратын тұрғындардың ғана мәселесі емес, жалпы тұрғындардың мәселесі. Өйткені төбеден аққан су жоғарғы қабаттағы пәтерлерді ғана емес, тұтастай алғанда үйдің қабырғаларын, іргетасын бүлдіреді. Сол себепті, терможаңарту бағдарламасын тиімді пайдалана білген дұрыс.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша үйді жөндеу — тұрғындардың міндеті. Дегенмен, жыл сайын тұрғын үй қорының жағдайы нашарлап барады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту» бағдарламасының аясында тұрғын үй қорын сақтап қалу мақсатында көп шаруа тындырылып жатыр. Мысалы, биылғы жылдың өзінде 15 көп қабатты тұрғын үй жөнделді.
Терможаңарту бағдарламасының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында баламасы жоқ.
Қалада 1615 көп қабатты тұрғын үй бар. 698 үйге 114 пәтер иелері кооперативтері қызмет көрсетеді. Ақпанның 15-інен сәуірдің 1-іне дейінгі аралықта пәтер иелері кооперативтері төрағалары тұрғындар алдында есеп беру кездесулерін өткізеді. Пәтер иелері кооперативтері төрағалары талап-тілектеріңізді орындамаса, ұйымдастырушылық қабілеті төмен болса, оны сайламау — тұрғындардың еркіндегі іс. Сондықтан тұрғын үйдің қандай болмағы тұрғындардың өздеріне байланысты, — деді қала әкімі.
Жиын барысында сөз алған «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы көп қабатты үйдің тұрғыны аталған үй былтыр пайдалануға берілгенін, дегенмен, көп ұзамай пәтердің іші дымқыл тартып, қабырғалары бүлінгенін, үйді салған «Сәулет құрылыс» мекемесі екі жылға кепілдік бергенімен, нақты ешнәрсе тындырмағанын айтты. Қала басшысы Бекбол Сағын Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Асылбек Әлімбаевқа дереу комиссия құрып, мәселені шешуді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Бекбол Сағын елдің бірлігі бекем болғанда ғана қиындықтардың бәрі еңсерілетінін айтты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button