Жаңалықтар

Үшқұдыққа газ кіргізіледі

Брифинг

«Ақтөбе ақпарат» орталығында Алға ауданының әкімі Мавр Абдуллин өткен жылғы ауданның әлеуметтік экономикалық дамуын қорытындылап, алда атқарылатын міндеттер жөнінде брифинг өткізді.
Ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсуі мен жан-жақты дамуы үшін бірқатар шаруалар атқарылған. Өткен жылы ауданның негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі — 10 миллиард 300 миллион теңге болса, өнеркәсіп саласына 5 миллиард 800 миллион теңге жұмсалып, жоспар 97,5 пайызға орындалыпты. Үдемелі-индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында «Молочные истории» ЖШС-сы құны 2100,0 миллион теңге болатын ет өңдеу кешенін іске қосқан. Серіктестікке «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында барлық инфрақұрылым желілері жүргізіліп берілген. Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша соңғы жылдары «Сыбаға», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары арқылы несие алып, шаруасын дөңгелентіп отырған азаматтардың қатары артқан. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 51 миллион теңге болатын алты жоба жүзеге асқан. Сондай-ақ қалаға жақын болғандықтан ауданның 32 елді мекенінің 15-і Ақтөбе агломерациясының құрамына еніп отыр.
Аудан әкімі елді мекендерді ауызсу және көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша да қыруар жұмыс жүргізілгенін айтты. Мәселен, өңірдегі 32 елді мекеннің 15-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылса, аудан халқының 86 пайыздан астамы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен жасалған меморандум негізінде Үшқұдық ауылына газ кіргізілмек.
Сонымен бірге ауданда 1373 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл 60 миллион теңгеге 8 пәтерлік үй бой көтереді.
Брифингте аудан әкімі жастарды жұмыспен қамту және денсаулық, білім саласы бойынша да атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жиын соңында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Қазіргі таңда аудандағы болашағы бұлыңғыр екі ауылдың бірі — Ақсазды. Ауылда жиырма бес үй бар. Осыдан бес жыл бұрын орта мектеп жабылып қалған. Ауыл тұрғындарының балалары алты шақырым жердегі Нұрбұлақ ауылына қатынап оқиды. Қысты күндері жол жабылып, оқушылардың сабақтан қалып қоятын кездері жиі болады. Сонымен бірге ауылда көгілдір отын жоқ. Тұрғындар бірнеше рет аудан әкімдігіне арызданыпты.
— Ақсазды ауылының жағдайымен жақсы таныспын. Боранды күндері қиындық туғанымен, жол уақытында аршылып тұрады. Ауылдағы кәсіпкердің бірі осы жолға бекітіліп қойылған. Ал көгілдір отын мәселесіне келсек, аудан орталықтарының өзіне газ жүргізілмей отырғанда жиырма бес үй үшін газ құбыры тартылмайды. Егер ауыл тұрғындары өз бетімен Нұрбұлаққа көшемін десе, жер беру секілді мәселелерді шешіп береміз. Ал үйді көшіруге мемлекеттен қаржы бөлінбейді, — деді аудан басшысы.
Сондай-ақ жиында Алға химия зауытының орнына қатысты мәселе айтылды. Мавр Ерғалиұлы өндіріс орнының аумағы денсаулыққа қауіп төндірмейтінін, эколог мамандардың арнайы тексергенін айтты. Қазіргі күні зауыт аумағы жеке кәсіпкерлерге бөлініп берілген. Күн жылынған кезде тиісті мекемелерге тапсырма беріліп, тазарту жұмыстары жүргізілмек. Ал аудан орталығынан шығатын жағымсыз иістің зауытқа қатысы жоқ. Бұл — кәріз суының иісі. Орталықтағы кәріз құбырларын жаңарту үшін мемлекеттен 580 миллион теңге қаржы сұралыпты. Қаржы қай күні бөлінсе, әкімдік сол күні жұмысты бастап кетуге әзір. Журналистер әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударған аудан әкімінің орынбасары Бақберген Жұмабаевтың әдепсіз қылығына қатысты да сұрақ қойды. Мавр Абдуллин бейнекөріністің осыдан екі-үш жыл бұрын орын алғанын, орынбасарына қатаң сөгіс бергенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button