Жаңалықтар

Ахтанов театры артистерінің өміріне қауіп жоқ

Ақтөбеде 31 қаңтар күні 11-ші және 12-шағын аудандардың қиылысында болған жол апаты салдарынан Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының 8 қызметкері, оның ішінде 14 жастағы қыз бала түрлі жарақат алды деген хабар тараған болатын.
Артистердің ұжымдастарының бірінің айтуынша, жол-көлік оқиғасы жергілікті уақыт бойынша сағат 20.15-те болған. Театр қызметкерлері қойылымнан кейін УАЗ автомобилімен үйлеріне қайтып бара жатады. «Дастан» ауданында УАЗ көлігі ВАЗ-2109 автомобилімен үлкен жылдамдықта соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, көліктегі екі адам далаға ұшып кетіпті.
Ахтанов театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан:
— Хабарды ести сала, қалалық «Жедел жәрдем» ауруханасына барып, мән-жайды анықтадық. Орыс труппасының актрисасы Руфина Ибрагимова травматология бөлімінде жатыр, бұғанасына зақым келген, гипс салып қойыпты, жақында ота жасалады. Ал нейрохирургия бөлімінде жатқан актриса, режиссер Татьяна Доценконың омыртқасы кішкене ойысқан, сынудан, жарылудан аман екен. Бірер күнде ауруханадан шығады. Ал Виктория Пятованың көлікке мінгенде қасында болған 14 жасар қызының миы шайқалған, облыстық балалар ауруханасында жатыр.
Көлік апатына түскен қызметкерлерге театрдың әкімшілігі, кәсіподақ ұйымы қаржылай көмек көрсетеді, — деді.
Сондай-ақ осы хабарды естіген Мәдениет және спорт министрі Арыстанғали Мұхамедиұлы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың және театрдың атына: «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Т.Ахтанов атындағы облыстық театры артистерінің жол апатына ұшырағанын естіп, оларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізетінін» айтып хат жолдапты. Театр директоры министрге хат жазып, артистерге көмек сұрайтыны туралы да айтты.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button