«Ән айту — әңгіме айту» деген сөз…

Ақтөбеде гитараның дауысын қазақыландырған ұстаз бен шәкірттің кеші өтті. Өздері айтпақшы, іріктелген поэзияны түсіне алатын, тыңдай алатын «іріктелген» көрерменімен сахнада отырып «әңгіме айтқан» екеудің кеші басқа кештерден өзгерек болды.
Иә, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентай ән айтуды жай ғана ән айту деп есептемейді, оның айтуынша, ән айту сахнада отырып әңгіме айту деген сөз.
— Менің кештерімде кейде 10 адам, 20 адам келген кездер болды. Бірақ сонда да сол азғантай ғана көрерменге кешімді жоғары деңгейде өткізуге тырыстым. Себебі, менің әндерімнің барлығы іріктелген поэзиядан тұрады. Ән сөздеріне қатты мән беремін. «Қастары желбіреген» деген қазіргі әндердің сөздерін түсінбеймін де, қабылдамаймын да. Себебі, өзімнің талғамы биік тыңдарманыммен ондай түсініксіз сөздермен сөйлесе алмаймын. Ән айту — әңгіме айту деген сөз. Ал талғамы, таным көкжиегі кең, білімді адаммен әңгіме айту үшін сапалы сөз, терең білім қажет. Сондықтан мен залда отырған іріктелген көрерменім үшін іріктелген поэзияны ғана пайдаланамын, — дейді ол.
Десек те, Қадырғали Көбентай өзін кәсіби әнші деп те, әуесқой әнші деп те есептемейді екен. «Актермін» дейді. Ол Семейде туған. Ауылындағы Бейісхан Бекбаев деген мықты күйші, әнші драмаға, домбыраға әуестеніп жүрген кішкентай Қадырғалидің бойындағы талантты байқап, гитараға да баулиды. Қорабай Есеновтен кейінгі мықты гитарашы Мақсұтхан Диқанбаевты үлгі тұтқан бала Қадырғали кейін гитараға біржола бет бұрғанын айтады. Оның актерлігін, «Тамаша», «Шаншар», «Терісқақпай» сынды әзіл-сықақ театрларының сахналарына шыққанын осы театрлардың көрермендері жақсы білетін шығар. Қазір де тек гитараны құшақтап жүрген жоқ, талай фильмдерге де түсіп жүр екен. Жақында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмге түсіпті. Оның алдында да талай киноларда ойнаған.
Алайда қазіргі көрерменнің кейбірі оны мықты гитарашы деп қана біледі. Шәкірті Ершат Қайырхан екеуінің мықтылығы… гитара тартқандығы емес, гитараны үйренген адамның барлығы да тарта алады. Олардың мықтылығы — гитараны бізге түсінікті тілде, біздің ана тілімізде «сөйлеткенінде». «Гитараны қазақша сөйлету» дегенді ол былай түсіндірді:
— Бізге кезінде гитараны Европадан келген аспап деп үйретті. Бірақ, зерттей келе қарасақ, гитараның түп-төркіні түу арабтарда жатыр екен. Кейін ситар деген атпен Еуропаға жетіп, гитара деген атпен бізге келген. Ал гитараның түп атасы — біздің жетіген. 12 шекті гитара болады, ал жетігенде 24, тіпті 48 шек болады. Айырмашылығы, біреуін құшақтап отырып, екіншісін алдыңа қойып отырып тартасың. Біз гитараның шегін темірден емес, нейлоннан жасап, жетігеннің үніне жақындаттық. Сосын оны қазақша «сөйлеттік». Қалайша дейсіз бе? Кеңес үкіметі кезінде қазақтың музыкасын ұлттық гармониямен ойнауға да тыйым салған ғой, себебі ұлттық музыка — идеологияның нағыз өзі. Сондықтан сол қылышынан қаны тамған замандарда ұлттық бояуы аңқып тұрған әндерді, тіпті ноталарды, қазақы аккордтарды да «соттаған». Келденбай Өлмесеков деген этнограф ағамыз сондай сотталған 100 әнді, ноталарды тапқан, кейін ол кісі қайтыс болды. Міне, сондай тыйым салынған қазақы аккордтар нағыз қазақы гармонияның өзі. Біз сол гармонияны қайтадан «тұтқыннан босаттық». Мысалы, мен гитара тартқанда ми мажордан бірден ми минорға өтіп кетемін. Ресейде оқыған бір мықты музыкант: «Ми мажордан бірден ми минорға өтуге болмайды, музыка ғылымында оған түбегейлі тыйым салынған», — деп кесіп айтты. Неге болмайды екен? Кезінде біреу солай айтты екен деп, неге мен оған бағынуым керек дедім де, барлық заңдылықты бұздым. Соның арқасында гитара қазақша «сөйлеп кетті», — дейді Қ.Көбентай. Оның айтуынша, қазақ композиторларының ішінде Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларында ғана ұлттық гармония бар.
Ол әндерін өзі жазады. Кештерінде іріктелген поэзиядан монолог оқиды. Біраз пікірлестік. Қ.Көбентайдың қазіргі қазақ эстрадасына да, әзіл-сықақ театрларына да көңілі толмайды екен. Актерлер ән салса, әншілерге шаң қаптырып кетеді дейді. Алайда, оның пікірінше, әншілердің талғамсыз болуы көрерменнің сауатсыздығынан. Сондықтан көрерменді бала кезден тәрбиелеу керек, ол үшін бесікте жатқаннан бастап қазаққа қазақтың ұлттық күйлерін, әндерін тыңдату керек дейді ол. Гитараға қазақы гармонияны енгізу ұлттық музыка саласындағы үлкен жаңалық екеніне күмәні жоқ, ал оны зерттеп, патент алу үшін әлі де біраз еңбектену керектігін айтады.
Қадырғали Көбентай — жалғыз шәкірті бар ұстаз. Шәкірті екеуі сахнаға гитарамен шығады. Екі гитараның бірінің бұрауы төмен, екіншісінікі жоғары, бірінің дауысы баритон, екіншісінікі тенор. Екі гитара, екі дауыс, оның үстіне іріктелген поэзия көрерменін ерекше бір күйге бөлейді. Ершат Қайырхан — кәсіби маман. Қадырғали Көбентайдың жоғарыда айтқан ұстазы Бейісхан Бекбаев Ершаттың әкесі. Ершаттың әкесі Қ.Көбентайдың ұстазы болғандықтан, ұстаз алдындағы парызын орындау үшін оның ұлын баулып жүрген шығар деген ой болды менде де:
— Мәселе парызда емес. Мәселе Ершаттың талантты екендігінде. Мен шәкірт тәрбиелеймін деп ойлағаным жоқ. Бір күні әкесі Ершаттың тығылып гитара тартатынын, соның ішінде менің әндерімді айтатынын жеткізді. Алғашқыда басқа топпен сахнаға шығып жүрді, филармонияда жұмыс істеді. Кейін қасыма алдым. Өзі күйші, гитараны менен он есе жақсы тартады. Гитарамен күй ойнағаны шебер. Өзі де күй шығарады. Кәсіби маман, сондықтан оған тек тұлға ретінде қалыптасуына ғана ықпал еткім келді. Өнертану ғылымына қарай ыңғайлап жүрмін, — дейді ұстазы.
Ершат бала кезде Секен Тұрысбековтің күйлерін жиі тыңдағанын айтады. Қазір гитарамен осы күйшінің шығармаларын шебер орындайды. Өзі де «Секен Тұрысбек» аталатын, басқа да күйлердің авторы. Ершат қазір гитараны тығылып тартатын бала емес, қанаттанды, нағыз қас бүркіттің өзі. Жеке-дара шапса да, бәйгенің алдын бермес мықтының өзі. «Қадырғали Көбентайдың көлеңкесінде қалып қоймайсыз ба?» деген сұрағымызға екіұштылау жауап берді:
— Байқасаңыз, Қадырғали ағамыз екеуміздің дауысымыз да, гитарамыздың бұрауы да екі түрлі. Біз сахнада бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Екеуміздің сахнадағы жүгіміз бөлек. Сондықтан ағамның көлеңкесінде қалып қою мүмкін емес, — дейді. Ұстаз да қазір бүркітін қаршығаға да, басқаға да салып жүргенін айтады: «Бізде нағыз мықты гитарашы жігіттер бар, бірақ Ершаттың тартысы бөлек — қазақы тартыс, Ершатты ерекшелендіретін осы», — дейді ұстазы.
Гитарашылар болашақта көрерменнің, әсіресе, жас көрерменнің ыңғайына қарай дискотекалық концерт ұйымдастырмақ ниетте екен. Екі сағаттық бағдарламада нағыз биге ыңғайлы ырғақты әндер, шығармалар ойналады дейді. Әзірге тыңдарманын гитараның «қазақша» тілімен тербетіп жүргендер енді билетсе, таңғалмаңыз. Ал Қадырғали Көбентай 50 жасқа толған тойына орай гитарада ойналатын шығармалардан гөрі монологы көп кеш өткізуді жоспарлап отыр.
… Ақтөбедегі кеш әдемі өтті.
Кештің өтуіне Табылды Досымов атындағы қоғамдық қордың құрылтайшысы, өнер жанашыры Бижан Қалмағамбетов демеушілік көрсетті.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.








