5 минутта студент атанған актер

«Хабар» агенттігі 2013 жылы ұйымдастырған «Жігіт сұлтаны» телевизиялық байқауында бас жүлдені жеңіп алған ақтөбелік Олжас Ибраевтың мамандығы — актер. Бүгінге дейін бірнеше киноға түсіп үлгерген, тележүргізушілік қыры тағы бар жігіт қазіргі таңда елордада жемісті еңбек етіп жүр. Хромтау ауданының тумасы редакциямызға арнайы келіп, өмірі мен өнері жайлы былай деп сыр бөлісті:
Әуелгі баспалдағым — техникалық колледж
Хромтау ауданына қарасты Құдықсай ауылында туып-өстім. Кейін отбасымызбен аудан орталығына көшіп келдік. Әкем Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді, анам — медицина саласының қызметкері. Үйдің үлкенімін, соңымнан ерген інім мен қарындасым бар.
Мектепте оқу үлгерімім жақсы болды, тарих пәні тереңдетіліп оқытылатын сыныпта білім алдым. Бірақ, өскенде өнер адамы боламын деп мүлде ойламаппын. 9-сыныпты бітірген соң Хромтаудағы тау-кен техникалық колледжінің электр механигі мамандығына түстім. Бұл, бір жағынан, әке-шешемнің қалауы болса, сондай-ақ, өзім де осы кәсіпті игеруді жөн санадым.
…Оқу орнында жаңа орта, басқа мұғалімдер, көптеген достар таптым. Ә дегеннен-ақ қоғамдық өмірге белсене араласып кеттім. Соны колледж басшылығы да қолдаған болуы керек, түрлі жарыстарға қатыстырды, КВН ойындарында өнер көрсетуімізге сеп болды. Кейін әзіл-қалжыңды ту еткен жастардың додасына қала, облыстың атынан бақ сынайтын дәрежеге жеттік. Сөйтіп, қыз-қыз қайнаған шығармашылықтың бел ортасынан қалай табылғанымды өзім де байқамай қалдым. Үлкен өмірге аяқ басар сәт туып, жоғары білім аламын деп шешкенде осының барлығы әсер етті деп ойлаймын.
Ылғи айтып жүремін, бүгінге дейін азды-көпті жетістіктерге жетсем, ол — әуелі Алла, екінші ата-анам, сосын ұстаздарымның ерен еңбегінің нәтижесі. Осы орайда мектеп, колледждегі Бағдаш Молдашева, Қопабай Есжанов, Гүлмира Кеукенова, Ольга Кагирова, Сайтми Калаев есімді аға-апайларыма алғысымды білдірсем деймін. Оларды мен ешқашан ұмытпаймын.
Университетке құжатсыз қабылдандым
2010 жылы орта оқу орнын тәмамдап, қолыма дипломымды алдым. Ендігі мақсат — еліміздегі орталық қалалардың біріндегі өнер институтына түсу. Әйткенмен, ол жақтарда шығармашылық емтихан жаздың басында болады екен, кеш қимылдаппын. Содан ұзақ ойланбастан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің режиссура мамандығының студенті болып шыға келдім. Онда да оқытушылар құрамы мықты еді, әрі Ақтөбеме жақын. 1-курста оқып жүргенде университетішілік «Жігіт сұлтаны» байқауында озып шықтым, студенттік театрда өнер көрсеттім. Бірақ, неге екенін білмеймін, көңілім Астанаға тартты да тұрды…
…Алғашқы курсты аяқтап, жазғы каникулға шыққанда досыммен елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университетіне жолымыз түсті. Мақсат — қасымдағы серігімді оқуға түсіру. Ол емтихан тапсырып, әрі-бері жүгіріп жүргенде, сондағы асханада шай ішіп отырғанмын. Кенет сол жаққа Қазақстанның халық артисі Гүлжан Әспетованың кіріп келмесі бар ма? Бірден «сен кім баласың?» — деді. Мен талапкер емес екенімді айтып, досыма қарасын болайын деп жай еріп келгенімді білдірдім. Артынша Оралда режиссерлік мамандыққа оқып жатқанымды да жеткіздім. Апай іле-шала:
— Мен биыл жаңа курс қабылдап жатырмын. Театр және кино актері мамандығы. Маған кел, ол жақта не істейсің. Әуелі жақсы актер болып ал, режиссерлықты кейін меңгерерсің, — деді. Атағынан ат үркетін сондай адамның өзі қолқалап тұрғанда, басқалай айтуға жүрегің дауаламайды екен. «Ата-анаммен ақылдасып алайын, маған 15 минут беріңіз» деп рұқсат сұрап, дереу үйдегілерге телефон шалдым. Ата-анам сөзге келместен «грантқа өтсең болды, қолдаймыз» деп емеурін танытты. Ең қызығы, оқуға тапсыру үшін қыруар құжаттың керек екені сөзсіз, оның бәрі ауылда қалды. Енді не істеймін? Жарты сағат бұрын танысқан Гүлжан апайға қысылсам да, мән-жайды түсіндіріп айттым. «Ұшаққа мінсем де, үлгермейтінім анық». Апай сол бойда мені жетектеп, ректор Айман Мұсақожаеваға кіріп барып:
— Мына баланы қарашы, тұлғалы екен, нағыз әртіс болатын адам. Бұдан мен сахнадағы Қобыланды, Алпамыстарды көріп тұрмын. Маған осындай шәкірттер керек. Бірақ, бар құжаттары үйінде қалыпты, ал ертең емтиханның соңғы күні. Бұл жігіт оқуға қалай да қабылдануы қажет, — деп тұрып алды. «Тек сіз үшін жеңілдік жасайын» деген ол 5 минутта бәрін ыңғайлап берді. Адамның жолы болайын десе, қас қағымда екен ғой…
Өткен жылдың жаз мезгілінде университетті үздік бітіріп шықтым.
Мен қалай «Жігіт сұлтаны» атандым?
2013 жыл. Студент кезіміз, жұрт қатарлы мекеніміз — жатақхана. Бір күні Хромтаудан анам хабарласып тұр: «Хабар» арнасы «Жігіт сұлтаны» жобасын өткізейін деп жатыр екен. Қатысып көрсеңші, бағың жанып кетер».
Агенттікке барсам, халық ығы-жығы, қызу іріктеу болып жатыр екен. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300 жігіт келіпті. Бәрі «сен тұр, мен атайын» деп тұр, осалы жоқ. Содан екі кезеңнен өтіп, 16 жігіт қалдық. Әрқайсысымыз ән айттық, биледік, актерлік қабілетімізді көрсеттік. Арасында спорттық сайыстарға да қатыстық. Әйтеуір, түрлі сыннан өттік. Оның барлығын эфирден беріп жатты. Бізді, қатысушыларды Әшірбек Сығай бастаған мәдениет һәм қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар бағалады.
Тарих, салт-дәстүрге қатысты барша сұрақтарға мүдірмей жауап бергенімнің, әр сынға тиянақты дайындалғанымның арқасында болар, бас жүлдеге мені лайықты деп тапты. «Жігіт сұлтаны» атанып, Қазақстанда жасалған су жаңа джип маркалы автокөлікті ұтып алдым. Сондағы қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес.
«Жігіт сұлтаны» болу үшін қандай қасиеттер керек?» деп сіз секілді журналистер сұрап жатады. Шыны керек, қазір біреуге бірдеңе айту қауіпті (күліп), бәрі ақылды. Кейбіреулер «мынау неге көсемсініп отыр?» деп дұрыс түсінбеуі бек мүмкін. Сондықтан қай адам болсын, алдымен табиғатынан алыстамаса екен деген тілек менде. Адами қасиеттерімізді жоғалтып алмасақ, соның өзі қандай. Нағыз қазақ болайықшы. Сөз түсінетін адамға басқалай айтудың өзі артық деп есептеймін.
Басты рөлдер бұйырды
Ең алғаш рет 2014 жылы Жандос Құсайынов түсірген «Әли» киносында басты рөлді сомдадым. Аталмыш картина үлкен экранға, бұйыртса, енді шығады. Былтыр мәскеулік режиссердің «Ничего личного» деген фильмінде Ұлан есімді жағымсыз кейіпкерді ойнадым. Сондай-ақ, отандық «Айжан», «Ақылдың кілті» телехикаяларында басты рөлдер бұйырды, екеуі де қазіргі таңда «Хабар», «НТК» арналарының эфирінен көрсетіліп жатыр. Онымен бірге, «Шалғайдағы оқиға», «Арнайы өкілдер» сияқты телевизиялық жобаларға да атсалыстым.
Актерліктен бөлек, тележүргізушілік қабілетім бар. «Хабарда» «Спорт әлемі», «Менің жерім» бағдарламаларын тізгіндедім. Бүгінде аталған телеарнада спорт тақырыбындағы жобаны дайындау үстіндеміз, жуырда көрерменге ұсынылуы тиіс.
Бір айтарым, бұл — әлі бастамасы. Әлі талай жұмыстарды атқарамын. Ірі, айтары бар рөлдерді ойнауды армандаймын. Мысалы, экранда әскери адамды сомдағым келеді. Сосын театрда да актерлік қызмет ету ой-жоспарымда бар.
Шығармашылық өмірді есепке алмағанда, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Одан қолым босай қалса, спортпен шұғылданғанды, кітап оқығанды жаным сүйеді.
Жұмыр жердің жұмағы
Адамға туған жерінен артық ештеңе жоқ. Мен үшін де Ақтөбе — ешқандай өңірмен тіпті теңестіруге келмейтін өңір. Астанада жүргенде ылғи өсіп-өнген жерімді, балалық шағым өткен өлкені сағынамын. Жерлестерімді көріп қалсам, олардан артық жан жоқтай. Өзге қалада олар туғаныңдай болады екен… Қысқасы, мен үшін жерұйықтың төресі — өзімнің Ақтөбем.
Осында жылына кем дегенде екі рет келіп тұрамын. Бірақ әр келген сайын 3-4 күннен артық бола алмаймын. Жұмыс көп. Дегенмен, туған жерім әрдайым менің жүрегімде, қай жерде болсын, осы жаққа қарай елеңдеп тұрамын…
P.S. Екінші мүшел жасты толтырған Олжас әуежайдан түсе сала бірден редакциямызға келіп, бізбен ерекше ынта-ықыласпен сұхбаттасты, оның әр жауабынан туған жерге, жерлестеріне деген пейілінің кеңдігі һәм сағынышы байқалды. Газеттің бала кезден бергі оқырманы — бүгінгі кейіпкеріне ұжым атынан басылымның 90 жылдық мерейтойында жарыққа шыққан альбом-кітапты, өзге де естелік сыйлықтарды табыс етіп, «Өмір мен өнерде олжалы бол, Олжас!» деген тілекпен шығарып салдық.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.







