Әр баланың өз несібесі бар

Әйтеке би ауданының Талдық ауылында тұрған, шаруасына мығым, елге сыйлы Еламан мен Сара Байғожиндердің өнегелі отбасының көпке үлгі етіп ұсынар жақтары аз емес. Олар алты перзентінен бүгінде жиырмадан астам немере сүйіп, оларды ыстық ұяда балапандай баптап өсіріп отыр.
Кезінде Әйтеке би ауданында әртүрлі кеңшарда ферма меңгерушісі, бригадир, механизатор сияқты жұмыстарды атқарған Еламан аға ұлдарын жасынан еңбекке баулыды, олар малдың жайын бір кісідей біліп өсті. Ал Сара апайдың бір сәт қолы қарап отырмайтын тынымсыз пысықтығын ауылдастарының бәрі біледі. Өзі ауыл кітапханасында кітапханашы, тігінші болып жұмыс істей жүріп, қыздарының қолына ине-жіп ұстатып, көрпе, сырмақ тігу, жүн сабау, жүн бояу, киіз қарпу, одан қалды сиыр сауу сияқты ауылдағы күнделікті тірлікте жасалатын шаруалардан тыс қалдырмады. Алты баласы да шаруаға икемді, еңбекқор болып өсті. Сол қарғадайынан жұмсап өсірген балаларының игілігін Еламан аға мен Сара апа қазір көріп отыр. Өздері бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады.
Кейін Талдық ауылында кенже ұлы Жандостың атымен аталатын «Жандос» шаруа қожалығын құрды. Жылқы, сиыр, асылтұқымды қой өсіреді. Үлкен ұлы Ерболат Байғожин — осы шаруа қожалығының президенті. Бүгінде Манарбек пен Айдосы отбасымен ауылда қалып, шаруаны дөңгелентіп отыр. Айдостың жары Гүлсайран мен Манарбегінің келіншегі Нұргүл бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешіп, ағалы-інілі азаматтарының жүзін жоғарылатып, қожалықтың тіршілігін келістіріп отыр. Талдықта газ жоқ, оған бола бас ауыртып жатқан олар көрінбейді. Ауылдан қалада тұратын ата-енесіне соғымын, құрт-майын жіберіп отырады.
— Айдосым бәрінен бұрын үйленді. Гүлсайран — алғашқы келінім, өзі ауылдың баласы, қолынан бәрі келеді әрі қазақтың салт-дәстүріне де қанық, отымыздың басына тез үйренісіп, өз баламыздай болып кетті. Бабаларымыз «Бақыр қазан қайнаса, баршамыздың пайдамыз» деген ғой. Жалпы төрт баламның да еншісі бөлінбеген, бәріміздің тапқанымыз ортақ. Ауылдағы екі баланың мектеп жасындағылары бар, біздің қолымыздағы Жандосымның, көрші тұратын Ерболаттың балалары бар, атасы бірін балабақшаға, екіншілерін мектепке, қосымша үйірмелерге көлікпен тасиды, күні бойы қарап отырмайды. Ішіміз пыспайды, бірі келіп екіншісі кетіп жатады, бұл да Құдайдың бергені, — дейді Сара апа.
Әр үйдің құты мен берекесін кіргізетін әйел заты Сара ападай-ақ болар. Күнінде әрдайым жарқылдап жүріп, қайын жұртына қызмет жасаудан танған жоқ. Енесі Білдәдан алған тәлімі бойынша өз келіндерін жатсынбай, бауырына тартып, әрқайсысын өз баласындай көрді. Бүгінде бір-бір үйдің келіні атанып, ақар-шақар болып отырған қыздары Айгүлі мен Айнұрына: «Келіндерім — жанымның саясы, мықты болсаңдар, өз енелеріңе жағып алыңдар», — деп қалжыңдап қояды.
Бүгінде ғаламторды бұрынғы қазақ «Мал құлағы саңырау» деп, дауыстап айтпақ түгілі, аузына алғысы келмейтін жағымсыз жаңалықтар кезіп жүр. Соларды көрген жұрт ақырзаман келіп қалғандай әсерде болады. Ал Байғожиндер отбасы сияқты сүттей ұйыған, шаруасы оңынан келген, татулығы жарасқан шаңырақты көргенде, тәубе дейсің.
Кенжесі Жандостың келіншегі Перизат:
— Анамыз төрт келінді бірдей көреді, өте әділетті адам. Ашуға бой алдырмайды. Біздің пікірімізбен санасады, тілекші, қамқор анамыз ғой, бәріміздің де балаларымызды бағып-қақты. Осы үйде жүрген біздің әулеттің барлық немерелеріне бас-көз болып отырады. Жақында үлкен қайнағаның үйіндегі абысыным босанды. Ата-енеміз әр баласының отбасында сәбидің көбірек туылғанын қалайды, «Біздің күш-қайратымыз бар уақытта бөпелі бола беріңдер, әр баланың өз несібесі бар», — деп әрқайсысының тілеуін тілеп, өсіп-өнсе екен деп отырады. Осындай кісілердің көңіліне кірбің түспесе екен деп біздер де құрақ ұшып жүреміз, — дейді.
Сара апа өзі бостекі сөзден, өсек-аяңнан бойын аулақ салған кісі, келіндеріне анасы Күнжан айтатын «Бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар» дегент мәтелді қайталап, ұрыс-керіс тудырмауға күш салады.
«Ұлықпан ұрпағымен мың жасаған» дегендей, ұрпақтарымен өркен жайып, мәуелі бәйтерекке айналған Байғожиндердің басындағы бақыттың кілті ауызбіршілік пен еңбексүйгіштікте жатқаны көпке түсінікті болар.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



