Тарих

Ұлы жеңіске жол ашқан…

Бұланты шайқасы және оның батырлары туралы бүгінгі ұрпақтың білетіні тым аз, тек жалпылама деректермен шектеледі. Жетік білетін мамандар бар да шығар, дегенмен ұлы Жеңіс туралы толық мағлұмат жалпы жұрттың құлағына әлі де жеткен жоқ.
Осы тақырыпқа қалам тербеп жүрген тарихшылар мен жазушы, журналистер Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет батырлар есімдерін және оларға Райымбек, Қарасай батырларды қосып атайды. Қыпшақ Тілеулі, Түйте, Найман Сағындық, Төлек, Жаулыбай, ер Шоштан батырлар есімдері қаламгерлер шығармаларында көмескілеу ғана аталады. Бұған басты себеп, аталған есімдердің соңғы шоғырындағы батырлар туралы тарихи деректердің аздығы, екіншіден, олардың артындағы іздеушілері — тікелей ұрпақтарының өз ата-бабаларының тарихына тереңдеп ден қоймауы. Бұған бір кездегі солақай саясат та әсер етті. Бұл — ащы болса да ақиқат. Мысалы, ол кезде: «Менің оныншы атам атақты Тілеулі батыр» — дейтін болсам, «сен рушыл екенсің ғой» деген мағынада жоғары жаққа жақпайтын едім.
Сонымен, Тілеулі батыр кім? Белгілі қаламгер Қуаныш Ахметов «Астана тарихының айтары көп» атты мақаласында атап көрсеткендей, «Тілеулі батыр — Кіші жүз бен Орта жүздің сыртқы жауларға қарсы күресінде ту ұстап, тұлпар мінген, қос тархан Тама Есет пен Шақшақ Жәнібек батырлардың жорықтас жолдасы, Бұлантыдағы, Қалмаққырғандағы, Қарақұмдағы, Аңырақайдағы жоңғарлармен жан берісіп, жан алысқан шайқастарда 92 баулы қыпшақтың құрама қолын басқарған, еліміздің азаттық жолындағы күресі тарихында ойып алған орны бар атақты батыр».
Біздің қолымызда бар деректерде бірде — 1727 жылы, бірде 1728 жылы болған деп көрсетіліп жүрген Бұланты шайқасында Тілеулі батырдың есімі алты алашқа мәлім болуының себебі — ол сол шайқаста қалмақ батырымен жекпе-жекке шығып, оны найзамен түйреп өлтірген. Ол кездің жаугершілігінде соғыс басталмас бұрын, екі жақтың хас батыры жекпе-жекке шығатындығын тарихтан білеміз, бүгінгі көп сериалдардан оны күнде көріп жүрміз. Жекпе-жекте батыры жеңген жақтың мерейі үстем болатыны ақиқат, әрине. Ресей үшін Полтава, Бородино шайқастары қандай болса, қазақ үшін Бұланты шайқасы да соншалықты қымбат. Бұлантыдағы ұлы Жеңістің хас батырларының бірі — Тілеулі батыр десек, бұл артық айтқандық емес. Әрине, бұл деректі әлі де зерттеп-зерделеу қажет. Алайда бұған шүбә келтірушілер көрнекті қаламгер, ақын, журналист Жүрсін Ерманның мына бір пікіріне тоқталар дейміз: «Қазақтардың шығыс және түстік аймақтарын жоңғар басқыншыларының басып алғаны, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардың қолы жеңіліс тауып, батысқа қарай ойысқаны шындық. Жаппай жаулап келе жатқан жаудың бетін қайтару, оңтайлы тұста оңдырмай соққы беру мақсатында қазақтың аузы дуалы билері мен атақты батырларының Қарақұм мен Шұбар теңізде бас қосып, алдағы соғыстың жоспарын жасауы да тарихи ақиқат. Олай болса, бұл жолғы жекпе-жектің жолын ежелден жауынгер атанған қыпшақтың хас батыры Тілеуліге ұсынуы әбден мүмкін, мүмкін ғана емес, шындығы да сол! Қаптаған қалың қолдың қатардағы сарбаздарының бәрі бірдей батыр атағын алмайды. Батыр атағы жекпе-жекте жеңіске жеткенге ғана беріледі. Атамыз Тілеулінің батыр атануы тегін емес дейтініміз содан». Тілеулі батыр туралы Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң», Қойшығара Салғариннің «Шақшақ Жәнібек» еңбегінде, академик Әлкей Марғұланның зерттеулерінде, тарихшы ғалым Зәкірәтдин Байдосовтың «Есет және XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы» атты монографиясында, жазушы Мақсұтбек Сүлейменовтың «Әбдіғапар хан» кітабында, жазушы Қуаныш Ахметовтың «Қазақ әдебиеті», «Халық кеңесі» газеттерінде жарияланған мақалаларында айтылады. Тілеулінің ерлігі туралы мағлұматтар Қазақ Ұлттық энциклопедиясында да берілген. Тілеуліні тарихи тұлға деуімізге тағы бір дәлел — Ресейге қосылу жөніндегі құжатқа (1738 жыл) «Ұзын Қыпшақ Тілеулі батыр Ғабдырахманұлы» деп қол қойып, мөрін басқан.
Тілеулі Әбдірахманұлы шамамен 1690 жылы Торғай өлкесінде туған. Ол — Қара Қыпшақ Қобыланды батырдың оныншы ұрпағы. 1710 жылы үш жүздің Қарақұмдағы халық құрылтайына, 1723 жылы Талас өзені бойында жоңғарлармен болған шайқасқа, Бұланты-Білеуті, Аңырақай шайқастарына қатысқан, Бөгенбай, Саурық, Тайлақ тағы да басқа батырлармен бірге Әбілқайыр ханға қарулы жасақ ұйымдастыруға үлкен көмек көрсеткен.
Ұзын Қыпшақ Тілеулі батыр 20 жасында-ақ үлкен шайқасқа — 1710 жылы Шұбар маңында, Торғай өзені құятын Құрдымкөлі тұсындағы Сыбан-Раптанның Сыр бойынан ат басын солтүстікке бұрып, қазақ ауылдарын қанға бояғаннан кейін, Еділ қалмақтарына барып қосылмақшы болған қарулы жасағының жолын бөгеп, тойтарыс берілген ұрысқа қатысқан. Осы шайқаста жас Тілеулі батыр Бөгенбай, Есет, Сатай, Жәнібек батырлармен бірге үлкен ерлік көрсетіп, атақ-даңқы шығады. 1718 жылы Аягөз алқабына беттеген жоңғарларға қарсы шайқаста ерлігімен Әбілқайыр ханның көзіне түседі. 1721 жылы Есіл бойында болған шайқаста да қаһармандық танытады. Торғай өңіріндегі «Қара сиыр» деген жердің екінші атауы —«Қалмаққырылған». Бұл — 1726 жылы Кіші жүз бен Орта жүз әскерінің Бұланты арқылы Торғайға келе жатқан жоңғардың қалың қолын жусатып салған жері. Осы шайқаста ерлік көрсеткендер: Бөгенбай, Қабанбай, Сатай, Есет, Жәнібек, Тілеулі батырлар. Тарихтан аты мәлім Нияз би, Әбдіғапар әмір — Тілеулі батырдың ұрпақтары.
Орта жүз рулары 1738 жылы Ресейдің қол астына кіргенін растап, құжатқа қол қойғанда, оған 56 адам өз таңбасын басады. Осы антқа қырық бесінші болып Шақшақ Жәнібек тархан, қырық алтыншы болып Тілеулі батыр қол қояды. Тілеулі батыр 9 әйел алған. Олардан туған ұрпақтарынан тарайтын рулардың жалпы саны жиырмадан асады. Тілеулі ұрпақтарының қоныстары Торғайдағы Қайыңды, Қараторғай бойында орналасқан. Тілеулі батыр Әбдірахманұлы Ор өзенінің бойында жорықта жүргенінде қайтыс болады. Өлер алдында айтып кеткен өзінің өсиеті бойынша, сүйегі қандыкөйлек досы Тама Есет батырдың жанына жерленеді. Қос арыстың асыл сүйегі жатқан жер — қазіргі Ақтөбе қаласынан 18 шақырым қашықтықтағы Бестамақ елді мекені маңында. 2009 жылғы 12 тамызда Жезқазған қаласында Тілеулі батыр көшесі салтанатты түрде ашылып, оған ескерткіш белгі қойылды.
Бұланты-Білеуті шайқасы туралы «Қазақ хандығы» кітабында да деректер бар. «Бұланты-Білеуті шайқасы — 1727 жылы Ұлытау өңіріндегі Бұланты мен Білеуті өзендері аралығында қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларымен болған шайқасы. 1723-1725 жылдар аралығында қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрды. Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайыр хан сайланды. Осы жиынның нәтижесінде жоңғарларға қарсы ұйымдасқан шабуылға шығуға мүмкіндік туды. Ұлытау өңіріне енуді көздеген жоңғарлар 1726 жылы Шұбартеңіз шайқасында қазақ жасағынан ойсырай жеңіліс тапты. Мұның артынша Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы кең жазықта шешуші ұрыс болды. Ол тарихқа «Бұланты-Білеуті шайқасы» деген атпен енді. Осы ұрыста қазақ жасақтары жеңіске жетіп, жоңғарларды Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Шайқас өткен жер «Қалмаққырылған» атанды. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі төбенің басына шығарылып жерленді. Осы шайқастан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін жаппай азат ету кезеңі басталды» — деп атап көрсетілген кітапта.
«Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың ұсынысымен соғыста қаза болған жауынгерлердің денесі төбенің басына шығарылып жерленді» — деген деректі оқи отырып, Бұланты бойындағы жан-жағы қалың қорым Үйтас діңіне, оның бізге беймәлім тарихына ой жүгіртеміз.
Бұланты — басын Ұлытаудан алып, Шұбартеңізді толтырып, Қарақұмдағы «Су аяғы — құрдымға» дейін созылып жатқан үлкен өзен. Ұлы шайқас осы өзеннің атымен аталған. Сол Бұлантының бойындағы Байқоңырдың күн батыс жағында, он-он екі шақырымдай жерде Үйтас деген үлкен белгі бар. Әдетте белгі, күмбездер кісі атымен аталады ғой. Мұнда ондай атау жоқ. Сырт пішіні қазақтың киіз үйіне ұқсас Үйтастың биіктігі 3 метрдей, қабырғаларының қалыңдығы қос құлаштай. Кезінде төбесі шаңырақ болып көмкерілген екен, бүгінде ол ішке құлапты. Еденінде қазан шұңқыр бар. Осының себебін сұрағанымызда, осы өңірдің көнекөз қариясы, сол кезде 80 жастағы Шабат Молдабергенов ағамыздан мынадай әңгіме есіткен едік: «Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары болуы керек, біздің ауыл Үйтастың іргесіндегі Лақпайда отырған. Бірде атақты академик, археолог Әлкей Марғұлан бірнеше адаммен келіп, осы Үйтастың астын қазды. Сырт адамды жолатқан жоқ. Белгілі Ахмет ишанға іні болып келетін Молдаберген әкем Әлкейге барып сәлемдесіп, оларды қонаққа шақырды. Марқаның еті пісті-ау дегенде қонақтарымыз да келді. Есейіп қалған кезіміз. Үлкендердің әңгімесін қалт жібермейміз.
— Жұмыстарыңыз жемісті ме? — деп, әкей Әлкей Марғұланға әдепті сұрақ қойды. Академик бұл сауалды естімегендей біраз үнсіз отырды. Сосын барып жауап қатты:
— Көмбе таптыңдар ма деп отырсыз ғой. Ешқандай көмбе де, адам денесі де жоқ, жалғыз аттың басы шықты.
— Апыр-ай, аттың басы дейсіз бе?! Батырды атымен, қатынымен көмеді дейтін еді. Бұл не жұмбақ сонда?
— Бұл сіз бен біз түгіл бүкіл ғылымға жұмбақ. Неше жерден тұлпар болса да атқа күмбез орнатпайды қазақ. Ал орнатты делік, оның басқа денесі қайда? Ал енді батырға орнатылған ескерткіш болса, оның денесі қайда? Меніңше, бұл — Бұланты бойындағы жеңіске орнатылған ескерткіш, — деді академик.
— Аттың басы бұнда неге көмілген? — деп қалды біреу қосарланып.
— Бұл енді өте қиын сұрақ. Осы сауал төңірегінде біз де көп ойландық. Тарихқа жүгінсек, қазақ сарбаздарының соғыстағы сенімді серігі ат болған ғой. Кейде олар қалмақтың қаптаған қолына, олардың тас атқыш құралдары — сақпанға қарсы үйір-үйір жылқыны айдап салған. Атойлап айдап салған мың қаралы жылқы жау жасағы сапқандарын келесі оқтағанша айбалтадай тұяқтарымен жайпап өтпей ме?! Мыңдаған жылқыны тасалап келген сарбаздар, бұған дейін туған жерін таптап, туған елін езіп-жаншып, сан түрлі зорлық-зомбылық жасап келген қас жауына деген ыза-кек кернеген қазақ сарбаздары жоңғарларды аясын ба, оларды қылышпен шауып, найзамен түйреп, қанын судай ағызбай ма? Бәлкім, сондай соғыста жан жолдасындай болған жылқыға деген құрметпен ұлы Жеңіске арнап күмбез-белгі орнатқанда, бір тұлпардың басын қоса көмген шығар? — деді академик…
Әлкей Марғұланның осы сөзі көпке дейін көңілімнен шықпай қойды».
Үйтас күмбезі туралы «ол қалмақ батырына қойылған ескерткіш» деген лақапты да естіп жүрміз. Бұл ешқандай шындыққа сәйкес келмейді. Өзі ойсырай жеңіліп, шегініп бара жатқан жаудың ескерткіш салуға мұршасы келе ме? Жорамал көп. Соның ішінде Әлкей Марғұландай ғұлама айтқан әлгі тұжырым шындыққа келетін сияқты. Үйтастағы қазан шұңқырда жатқан аттың қураған басын бала кезімізде біз де көрдік. Жағы айырылмаған, тұрқы метрге жуық сол аттың бас сүйегі кейін жоғалып кетті. Жоғалып кетті дегеннен шығады, бір кездері мұнда осы күнгі жазу үстелінің жарты бетіндей, қашап жазылған майда жазуы бар үлкен қақпақ тас болатын. Жүрсін екеуміз елге барғанда, оны бірнеше рет көрдік. Жүрсін сол көне жазу туралы белгілі жазушы, тарихшы, «Күмбір-күмбір күмбездер» кітабының авторы Ақселеу Сейдімбековке айтса керек:
— Сенің арабша қара танитының бар еді ғой, — депті Ақселеу.
— Жазу арабшаға келмейді, — дейді Жүрсін.
— Ендеше, — депті Ақаң әзілдеп. — Сен иен байлыққа кенелдің. Ол тас кітапты маған әкеп бер, мен саған бір қапшық ақша берейін.
Осыдан жиырма жылдай бұрын көрген сол тас кітап та қолды болды. Әдеттегідей туған жерге барып, біз Бұлантының балығын аулауға кіріскенде, Жүрсін өзен жағалап, тас кітапты әлі күнге дейін іздейді.
Үйтасты жартылай орай ағатын Бұлантының қай тұсынан болсын жарқабақ шыңдарды жағаласаң, көретінің — сурет, жазу. Үйдің қабырғасындай теп-тегіс қақпақ тастардағы суреттер сан алуан: жан-жануарлар, ат үстіндегі найза ұстаған сарбаз, қылыш кезенген жауынгер бейнелері. Аракідік бізге беймәлім майда жазулар да кездеседі. Осының бәрі Бұланты шайқасының, ондағы ұлы Жеңістің тарихынан сыр шерткендей.
Үйтас шоқысынан радиусы 10-15 шақырым жер алақандағыдай көрінеді. Оның түстігінде Білеуті бойында да, терістігінде Жоса бойында да Қалмаққырылған деген жерлер бар. Бір-біріне ұқсас төбешіктер. Олардың басында да жазулар бар. Білетіндер онда Бұланты шайқасына қатысқан барлық қазақ тайпаларының таңбалары бейнеленген дейді.
Бұланты шайқасындағы соғысқа қатысып, батыр атанғандардың бірі — Түйте. Ол Ұзын Қыпшақ Тілеулі батырдың аталас туысы, үзеңгі жолдасы. Түйте батырдың мүрдесі Қарғалы бойында жатыр. Бүгінгі ұрпақ заман үрдісіне сай батырға белгі орнатып, ол туралы тың деректер табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Тарихи шығармаларда Түйте батырдың есімі бір-екі жерде аталғаны болмаса, басқадай дерек жоқ. Шежірені терең білетін аққу мойын Әбдірахман, Жаулыбайдың Әбілдәсі сияқты кісілердің әңгімесін естігендер бар да, қағазға түсіргендер тағы жоқ. Айта кетейік, Бұланты шайқасында мың бала соғысқа қатысқан деген дерек — шындық.
Ұлттық тарих жылы болып жарияланған 1998 жылы құрамында Қарағанды, Жезқазған университеттерінің тарихшы ғалымдары, мұражай қызметкерлері бар «Бұланты» экспедициясы Білеуті бойындағы Қалмаққырылған шоқысына Бұланты шайқасында жеңіске жеткен қазақ сарбаздарының құрметіне ескерткіш тақта қойды. Бұл, сөз жоқ, үлкен жұмыс. Сөйтсе де, шайқас Бұланты атымен атала тұра, белгінің Білеутіге қойылуы, басқаны қайдам, мен үшін жұмбақ болған еді. Ал биылғы тамызда Бұланты бойындағы Үйтас күмбезінің жанынан биіктігі жеті метр болатын, көкпен таласқан зәуілім ескерткіш орнатылды. Онда Бұланты шайқасының атақты батырлары қатарында Тама Есет батыр мен Ұзын Қыпшақ Тілеулі батырдың есімдері жазылған. Бұл екі сардар жорықта ғана емес, өмірде де дос болған. Есет батыр қарындасы Жапалақты Тілеулі батырға ұзатқан. Жапалақ анамыздан тараған ұрпақ бүгінде — бір рулы ел.
Бұланты шайқасының да, осы шайқаста ерен ерлік көрсеткен Есет, Тілеулі, Төлек, Түйте, Сағындық, Жаулыбай, ер Шоштан сияқты хас батырлардың да, ұлы Жеңіске орнатылған ескерткіш — Үйтас күмбезінің де бізге беймәлім, ашылмаған сырлары көп. Бұл — бүгінгі және болашақ тарихшылардың еңбегіне сұранып тұрған тақырып.

Көбейсін ЕҢСЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
Қарағанды облысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button