Қазанғаптың бірегей ізбасары

Күйғұмыр
Ақтөбедегі ел ішінен шыққан тума таланттарының көрнектісі, Қазанғап мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізушілердің бірі, шебер күйші Бақыт Басығараевтың туғанына биыл 90 жыл толады.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақыт Басығараев жасынан күйге құмар, әнге әуес болып өседі. Қазанғаптың күйлерін алғаш мектепте оқып жүргенде Дәулеткелді, Әбдіғали, Жұмалы тәрізді домбырашылардан арнайы сабақ алмағанымен, сыртынан тыңдап жүріп үйренген екен. Кейін өзіне нағашы болып келетін Қазанғап шәкірттерінің бірі Қадірәлі Ержановтан тәлім алады. Қадірәлі нағашысы жасы ұлғайғанда жиені Бақытқа батасын береді. Сөйтіп, Қазанғаптың Жұмалы Ембергенов, Қадірәлі Ержанов сияқты тікелей шәкірттерінен күй үйренген Б.Басығараевтың консерваторияда оқымай-ақ, мәнері бөлек күйші болып шыққаны табиғи заңдылық болатын.
Түркіменстанның Мары қаласында жауынгерлік міндетін атқарып жүргенде маңғыстаулық күйші Мұрат Өскембаевпен кездеседі. Б.Басығараевты күйге құмарлық қай жерде айтулы күйші бар десе, сол адаммен жүздесуге асықтырады. Сондықтан Ақтөбе өңірінде Қазанғаптың мұрасын насихаттаушылардан оның танымайтыны қалмайды. Сөйтіп, өзінің күй қоржынына халық композиторының шығармаларын молынан жияды.
Шалқар ауданының Бегімбет ауылында №11 газокомпрессор құбырында машинист болып жұмыс жасаған Бақыт Басығараев өнерден өмір бойы қол үзбейді. Соның өзінде оның аты Ақтөбеден асып, Алматыға дейін жеткен.
1978 жылы Алматыдан күйші Абдулхамит Райымбергенов келіп, Бақыт ағадан бір ай бойы күй үйреніп, оның орындауында 16 күйді таспаға жазып алып кетеді. Кейін сол күйлерді нотаға түсіріп, «Ақжелең» атты кітабына енгізеді. Абдулхамит өзі ұстаз тұтқан Бақыт Басығараев туралы: «Шалқар өңірінде Қазанғап күйлерін орындап, дәстүрін жалғастырушы күйшілер баршылық. Алайда Бақыт ағамыздың орны оқшауланып, ерекше тұр. Оның күй орындау мәнерін басқа орындаушылардан ауыстырып алу мүмкін емес. Ол орындап жүрген күйлерінің буындарын үнемі иінін қандырып, күй әуенін шарықтау шегіне жеткізіп, зергерлерше сірге қандыра айшықтап, толықтырып отыратын. Оның орындауындағы күйлер тек қана шығармашылық адамына тән импровизациялық өзгеріске ұшырап отыратын. Мұндай құбылысты Дина, Қали,Мұрат сынды орындаушылық деңгейі биік, тәжірибесі толысқан арқалы домбырашылардан байқауға болады»,— дейді.
1994 жылы Қазанғап Тілепбергенұлының 140 жылдығына арналған республикалық күйшілер сайысы өткенде Қаршыға Ахмедияров, Сәдуақас Балмағамбетов, Абдулхамит Райымбергенов сияқты қазақтың мықты күйшілері мен жазушы Ақселеу Сейдімбеков, композитор Ілия Жақановтар қазылық етіпті. Сол жолы Бақыт Шаңбатырұлына сайыстың Бас жүлдесі бұйырған екен.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін Ақтөбе қаласына келіп, А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде шәкірттерге домбыра үйреткен.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясқызы: «Марқұм Бақыт ағамыз біздің музейдің бағына келгендей болды. Ол кезде айлық жалақы табу да қиын уақыт. Наурыз мейрамын қаладағы барлық мекемелер тойлайды, өздерінің естен шығып кеткен мейрамнан хабары аз, бізден көмек сұрайды. Музей қызметкерлері арнайы сценарий жазып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, Наурызды ұқсатып өткізуге атсалыстық. Бақыт ағам бізге құдай бере салған Қыдыр ата болды. Әрі қандай ата, ұлттық киім керемет жарасады, төрде таудай болып отырады, күйді төгілткенде, әңгімені келістіріп айтқанда барған жердің бәрінде ол кісіге ерекше құрмет көрсететін. Ол кісі: «Мені пайдаланып қалыңдар» дейтін бізге. Біз де бір шара өткізсек, ағамызды қалдырмайтынбыз. Қазір ондай ақсақалдар қайда?», — деп еске алады.
Б.Басығараев Ақтөбенің мәдени өміріне белсене араласып қана қойған жоқ, тіпті 1989 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына арнайы шақыртумен барып, болашақ күйші студенттерге Қазанғаптың күйлерін үйретті. Сол кезде Бақыт ағаның сабағына күй өнерінің белгілі тұлғалары, күй өнерін құрметтейтін басқа да тыңдаушылар қатысып, ол кісінің күй тартысына, Қазанғаптың орындаушылық мектебі туралы және әр күйдің тарихын тарататын әңгімесіне тәнті болыпты.
Қазанғап мұрасын тірнектеп жинап, кейінгі буынға мәнерін бұзбай жеткізген шебер күйші Бақыт Басығараев туралы айтылар сөз аз емес. Б.Басығараевтай күйші туралы бізден гөрі өзі теңдес күйшілер еске алып, газетіміздің бетінде өз лебіздерін білдірер деген ойдамыз.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



