ВИЧ — «ышқыры бостардың» ауруы

Облыста өткен жылдың өзінде 28 адам ВИЧ-ке шалдыққан, оның 16-сы — ержігіт. Жергілікті дәрігерлер жыл өткен сайын «тірі өлікке» айналатындардың қарасы қалыңдап бара жатқанын айтады. Ғасыр дертіне баланып жүрген кеселдің емі әлі табылмаған.
Сиықсыз статистика
Соңғы кездері еліміздегі медицина мамандары ВИЧ-ті — қазақшалап АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы), СПИД-ті — ЖИТС (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) деп атап жүр. Өкініштісі, «Қосылғыштың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді». Сол бәз-баяғы көңілсіз санайғақтар артпаса, кеміген жоқ.
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың өткен жылдың соңындағы жариялаған деректеріне сәйкес, республикада ұзын саны 20 мыңнан астам адам ВИЧ ауруына ұшыраған. Ал былтыр жаңадан тіркелгендер 2353 қазақстандықты құрап отыр. Солардың ішінде Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары тұрғындарының үлес салмағы басым. Жоғарыда аталғандардың тек 4-5 пайызы ғана шетелден келген азаматтар екен, қалғаны — өзіміздің отандастарымыз. Бұның барлығы — әбден тексеріліп, анық-қанығы зерттеліп барып ресми түрде тіркелгендер. Өзінің сырқат екенін білсе де, өзгелерге білдірмей жүргендері, болмаса бұдан мүлде бейхабарлары қаншама? Өйткені аталған қатерлі вирус адамның бойына «ұрланып» кіретін кесел. Әрі оның бірнеше сатыдан тұратынын ескерсек, алғашқы жылдары ВИЧ-ті жұқтырған адамның оны сезбей қалуы да бек мүмкін.
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың эпидемиолог дәрігері Сұлутас Дәулетбаеваның мәліметтері де көңіл көншітерлік емес. Оның айтуынша, облыста біз айтып отырған инфекцияны 258 ақтөбелік жұқтырған. Соның 28-і — былтыр тіркелгендері: 16-сы — ер адам, 12-сі — әйел заты. Бұл 2014 жылғы жағдаймен салыстырғанда, 11 адамға көп. Яғни жылма-жыл естігенді бей жай қалдырмайтын ауруға шалдығатындардың қарасы үдеп бара жатыр.
— Сол 28 жағдайдың да қандай жолмен таралғанын анықтадық. Аталғандардың 20-сы — жыныстық қатынас арқылы айықпас дертке тап болған. Олардың жас ерекшеліктеріне тоқтала кетсем, ең үлкені — зейнет жасында, ал ең жасы — өмірге енді келген нәресте. Оған бұл анасынан келгені айтпаса да түсінікті, — дейді Сұлутас Дәулетбаева.
Айтпақшы, ақ халаттылар жиі болмағанмен, науқастардың арасында егде тартқандардың кездесетінін жоққа шығармайды. Олардың дені жастық дәуреннен жырақтаса да, желік қуғанын қоймаған жігіт ағалары екенін келтіре кетейік.
Жастарды жалмап барады…
— Осы ауру туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, мектеп қабырғасында, қоғамдық орындарда аз айтылып жүрген жоқ. Соған қарамастан, халық арасында, соның ішінде жастардың арасында сүрініп кететіндер әдеттегідей біршама. Мәселен, өткен жылы тіркелген ВИЧ жұқтырған адамдардың ішіндегі 15-39 жас аралығындағы жастардың үлес салмағы 75 пайыз.
Облыс көлемінде бүгінгі күні Ойыл және Байғанин аудандарында ғана аурулар есепке алынбаған. Қалған елді мекендерде саусақпен санарлық болса да, ВИЧ-пен өмір сүріп жатқандар бар. Әсіресе, Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандарында аурудың таралу көрсеткіші жоғары. Бұған, бір жағынан, ол өлкелердің көршілес мемлекеттермен шектесіп жатқаны да әсер етіп отырғанын айтпай кетуге болмайды, — дейді С.Құрманғазықызы.
Дәрігерлерді ерекше алаңдататыны — бәрінен де төсек қатынасы арқылы вирусты жұқтырушылардың артып бара жатқаны. Әлгінде айтқанымыздай, бір сәттік ләззат үшін кім көрінгенмен сексуалдық байланысқа түсетін жастар жетіп артылады. Және олар сақтанбайды. Марқаюға болмас, бірақ қан арқылы, болмаса анасының құрсағында жатып осындай жағдайға кезігетіндер ілуде біреу. Көпшілігі — әлгіндей қатынасқа көз жұма баратындар. Сондай-ақ, денсаулығына селсоқ қарайтындардан бөлек, бұл қатарда жезөкшелердің де барын айта кеткен ләзім.
Осы орайда мамандар қайткен күнде де сақ болу керектігін ескертеді. Айталық, АҚШ-та бірін-бірі ұнатып, жұп болғысы келетін дара жастардың алдымен сүйіктісінің медициналық кітапшасымен танысатын «әдеті» бар. Оны қыз бен жігіттің ата-анасы да қалыпты құбылыс ретінде қабылдап, медициналық құжатқа көз жүгіртуді артық санамайды. «Бізде болса, кездесіп жүрген адамыңды әбден толық танып болған соң жарассаң, жақсы болар еді. Оның алдымен өзіңе пайдасы тиеді», — дейді орталық қызметкерлері.
Әр науқасқа — 474 мың теңге
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ВИЧ/СПИД-ті жүз пайыз емдеуге әзірге дәрменсіз екенін мойындап отыр. Бірақ, вирустың асқынуын тежейтін дәрілердің барлығын біреу білсе, екіншісі одан хабарсыз. Ал дәрігерлердің бақылауында болып, ұдайы ем қабылдап жүрген сырқаттың өмірін ұзартып, оны мейлінше сапалы етуге мүмкіндік бар. Бұл өзіміздің дәрігерлердің де қолынан келеді.
— Емдік дәрілерді берудің арқасында ауру «міндетті түрде өлімге әкеліп соқтыратынынан» «асқынуын тежеуге болатын» санатқа көтеріледі. Бізде бүгінгі таңда 66 ақтөбелік вирусқа қарсы препараттар қабылдауда. Оларға барша ем түрі тегін көрсетіледі. Аты-жөнін қатаң түрде құпияда ұстаймыз, — дейді С.Дәулетбаева.
Ұйым өкілінен білгеніміздей, әр емделушіге жылына мемлекет тарапынан 473 909 теңге бөлінеді. Үнемі психологиялық көмек те көрсетіледі. Өйткені ауруға душар болғандардың мінез-құлқы құбылмалы, өкпе-назға бейім болатын көрінеді. Өз кезегінде СПИД-ке қарсы көптеген халықаралық ұйымдардан Ақтөбедегі орталыққа ешқандай жәрдем берілмейді екен.
Жалпы, кез келген адам ВИЧ/СПИД-ке қатысты өзін толғандырған сауалдар бойынша орталық жанында жұмыс жасайтын «Сенім телефонына» хабарласа алады. Оның нөмірі: 21-31-97.
P.S. Дәрігерлер адамның денсаулығы себепсізден-себепсіз сыр бермейтінін айтады. Тіпті кенеттен басыңыз ауырып, өзіңізді қолайсыз сезінсеңіз, оның да өзіндік қатері болуы мүмкін. Өйткені адамнан артық нәзік һәм әлжуаз жаратылыс иесі жоқ… Сондықтан ұдайы медициналық тексерістен өтіп, ең бастысы — қай жағынан да сақтанып жүру міндет!
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Орталықта бүгінде 82 адам жұмыс істейді. Оның 23-і — жоғары білікті дәрігер.
Мекенжайы: Ақтөбе қаласы, Жамбыл көшесі, 4-үй.
БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!
Адам ағзасына вирустың (ВИЧ) енуі ағзаны ісікті жасушалар мен патогендерді теңестіріп және жоя отырып адам ағзасын аурулардан қорғауды қамтамасыз ететін иммун жүйесінің бұзылуына және әлсіреуіне әкеліп соқтырады.
ВИЧ адам ағзасына түсе отырып, иммундық жүйенің жасушаларын зақымдайды, нәтижесінде оның қызметі қысымға тап болады да СПИД — жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы дами бастайды. Науқастың ағзасы инфекциялар мен ісіктерден қорғану мүмкіндігін жоғалтады, қалыпты иммундық жүйесі бар адамдарға тән болмайтын екіншілік оппортунистік аурулар пайда болады.
ВИЧ вирусы қалай білінеді? Иммун тапшылығы вирусы шамамен 3-6 апта ұзақтыққа созылатын инкубациялық кезеңге ие. Бұл уақыт өткеннен кейін 50-70% жағдайда келесідей белгілермен жүретін өткір мазасыздық фазасы басталады:
• дене қызуының көтерілуі (көбінесе кемінде 37,5°С)
• тамақтағы ауыру
• буындардағы, бұлшықеттердегі ауыру
• бас ауыруы
• ұйқышылдық, жалпы әлсіздену, тәбеттің қашуы
• лимфа түйіндерінің үлкеюі
• жүрек айну, іш өту, құсу
• тері бөртпелері, шырыштардың зақымдалуы
• ұйыма менингит (өте сирек)
Ерекшеленбейтін және 1-2 аптада (өткір мазасыздық фазасы қанша уақыт болатындығы науқастың иммун жағдайына байланысты болады) өтіп кететін ВИЧ-инфекциясының алғашқы белгілері мен қарапайым суық тиюді шатастырып алу оңай.



