Жаңалықтар

Партиялар да қолдайды:

«Нұр Отан» партиясы:
«Нұр Отан» саяси партиясы Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісін таратып, Парламенттің төменгі палатасы депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлығына қатысты мәлімдеме жасады:
«Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысына депутаттар бастамасына қолдау көрсеткені және «Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойғаны үшін алғысын білдіреді.
Біз жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында биліктің заңнамалық органының сапалық құрамын жаңартып, нығайта түсуіміз қажет деп санаймыз.
Барлық саяси партиялар үшін — бұл — халыққа өзінің көптеген өзекті мәселелерді қалай шешуге болатыны жөніндегі пайымдарын ұсынуға, халық сенімі сынағынан өтуіне және мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде жаңарған Мәжілісте өзін жақсы жағынан көрсетулеріне жаңа мүмкіндік.
Тәуелсіз Қазақстанның серпінді дамуының ширек ғасыры ішінде күшті, бүкіл әлемдік қоғамдастығында танылған мемлекет құрудың үлкен жолынан өттік, оның негізгі құндылықтары — тұрақтылық, халықтың бірлігі мен келісім.
Бүгінде біздің еліміз «100 нақты қадам» Ұлт жоспары институционалдық реформаларын іс жүзіне асырумен байланысты дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Осы жағдайларда қоғамдық-саяси қозғалыстың басты алаңдарының бірі ретінде Парламенттің рөлі елеулі күшейе түседі.
Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім әрбір қазақстандық үшін өзінің патриотизмін іс үстінде көрсетуге және осынау еліміз үшін маңызды кезеңде реформалар бағытын алға жылжытуға тікелей қатысуға мүмкіндік жасайды.
Біз 940 мың партияластарымыздың атынан елдің барлық азаматтарын мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде топтасқандық пен ауызбіршілік көрсетуге шақырамыз.

«Бірлік» партиясы:

«Бірлік» саяси партиясы Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісін таратып, Парламенттің төменгі палатасы депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлығына қатысты мәлімдеме жасады:
«Мәжіліс мемлекет дамуының қазіргі кезеңінде елімізді жаңғыртудың кешенді стратегиясының негізгі элементтерінің бірі болып табылатын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін заңнамалық негіз қалыптастыру бойынша маңызды міндетті орындады.
Бүкіл дүниежүзі бастан кешіп отырған айтарлықтай күрделі экономикалық жағдайда халықтың биліктің заң шығарушы тармағына сенім мандатын қуаттауы бірінші кезектегі міндет болып табылады.
Біз кезектен тыс сайлаудың мемлекетке өз назарын дағдарысқа қарсы саясатты жүзеге асыруға аударып, жаһандық дағдарыстың ықпалын табысты еңсеруге мүмкіндік беретініне сенімдіміз.
Біздің партиямыз Елбасының кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімін қуана құптайды.
Сайлау — міндеті ел бірлігін нығайту болып табылатын әр қазақстандық үшін маңызды патриоттық қадам».

Қазақстан Коммунистік халық партиясы:

Қазақстан Коммунистік халық партиясы Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісін таратып, Парламенттің төменгі палатасы депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлығына қатысты мәлімдеме жасады:
«Қазақстанның Коммунистік халық партиясы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлығын қолдайды және қабылданған шешімді уақтылы және негізді деп санайды.
Дамудың заманауи кезеңі жаһандық экономикалық дағдарыспен сипатталады.
Дағдарыстың салдарын қарапайым еңбек адамдары мен қоғамның ең әлсіз қорғалған жіктері аса өткір сезінеді.
Күрделі кезеңде мемлекеттің қай даму жолы қоғам мүддесіне жауап беретінін және қандай партиялар сайлаушылар еркін жауапкершілікпен орындай алатынын бірлесіп шешудің маңызы зор.
Жұртшылықты жұмылдыра білу барлық әлеуметтік топтардың мүддесі үшін күресетін халық сенімі Парламентін жасақтауға мүмкіндік береді.
Бұл «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде жүргізіле бастаған реформаларға жаңа серпін беріп, кең ауқымды бүкілхалықтық қолдауға ие болған Парламенттің жаңа құрамда қарқынды жұмысқа кірісулеріне жағдай туғызады».

«Ауыл» партиясы:

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы «Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығын қолдайды. Партия аталған Жарлыққа қатысты өз мәлімдемесін жариялады:
«Біз, «Ауыл» партиясының басшылары мен мүшелері, депутаттардың Мәжілісті таратып, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын кезектен тыс өткізу туралы бастамасына қатысты Мемлекет басшысының оң шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойғанын қуана құптап, қабыл алдық.
Бүгінде Қазақстан астық, дәнді-дақылдар, сүт, ет өнімдерінің, балық және басқа да азық-түлік түрлерінің ірі экспорттаушысына айналды. Десек те, жаһандық экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны қарсаңында біз өз болашағымызға, күшімізге сенімді болуымыз керек.
Сондықтан еліміздің алдында Президент ұсынған бес институттық реформаны сәтті жүзеге асыру арқылы әлемдік дағдарыстың салдарын жеңілдету міндеті тұр.
Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын кезектен тыс өткізу арқылы біз халық қалаулысы болуға ең лайықты, білікті, Қазақстанның нағыз жанашыр патриоттарын іріктей аламыз. Сонымен қатар, бұл — мемлекет құрылысының жаңа кезеңінде жаңадан жасақталған Парламентте өз қарым-қабілетін көрсету үшін өзге де партияларға беріліп отырған зор мүмкіндік.
Осы орайда, ауыл жұртының, қарапайым шаруа¬лар мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші кәсіпкерлердің партиясы ретінде біз Парламент депутаттарының дер кезінде көтерген бастамасын қолдаймыз және оған қатысты оң шешім қабылдаған Елбасына зор алғысымызды білдіреміз».

«Ақ жол» партиясы:

«Ақ жол» саяси партиясы Мемлекет басшысының «Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығын қолдайды. Партия аталған Жарлыққа қатысты өз мәлімдемесін жариялады:
«Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал және көрегендік саясаты әрқашан да жаһандық экономикалық дағдарыс тудырған көптеген елеулі қиыншылықтардан елдің ойдағыдай өтуіне мүмкіндік берді. Және бүгінде, Қазақстан жаңа әлеуметтік-экономикалық өзгерістер табалдырығында тұр, елді ауқымды жаңарту бағыты қазірдің өзінің нақты белгілеріне ие болды.
«100 нақты қадам» бес институционалдық реформаларын жүзеге асырудағы Ұлт жоспары ауқымында жаңа 80 заң қабылданды. Ұлт жоспарының әрбір бағыты бойынша жол картасы жасалды, барлық өзгерістерді жүзеге асырудың жіті жоспарлары бар.
Нақты істерді жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталды. Нақ қазір біз барлық жоспарлардың толық және мерзімінде орындалуына сенімді болғымыз келеді.
Өзінің қатарына жеке бизнес өкілдерін, кәсіпкерлерді біріктіре отырып, «Ақ жол» партиясы әлемдік экономикалық дағдарыс салқынымен бірінші болып бетпе-бет келетін адамдардың мүддесін қорғайды.
Бұл жағдайда біз өзіміздің сайлаушыларымызға, өзіміздің әріптестерімізге біздің жоспарларымыз бен уағдаластықтарымыз орындалатынына айқын кепілдіктер беруге тиіспіз.
Біз Ұлт жоспарының, бүкіл еліміздің болашағы тәуелді барлық реформалардың ойдағыдай орындалатынына сенімді болуға тиіспіз.
«Ақ жол» партиясының мүшелері Мемлекет басшысына Мәжілістің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы депутаттар бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтады. Біздің сайлаушыларымыз өздерінің қалаулыларына толық сенімді, ал депутаттар Қазақстан азаматтары оларға толық сенетініне сенімді болуға тиіс.
Біз жаңа Қазақстан үшін, біздің ортақ Отанымыздың жарқын болашағы үшін!»

www.inform.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button