Жаңалықтар

«Бір ғана футболшының жалақысына жұмсалған қаржыға бір спорт кешенін салуға болады»

Прокуратура

«Ақтөбе» футбол клубының бір ғана футболшысының айлығына жұмсалған қаражатқа заман талабына сай спорт кешенін тұрғызуға болатын еді. Былтыр Алға ауданында пайдалануға берілген денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін жалпы 262 миллион теңге жұмсалған. Ал бір ғана легионердің жалақысы бұл қаражаттан да көп. Мысалы, Италиядан келген бір футболшының екі жылғы (2014-2015 жылдар) жалақысының өзі 334 миллион теңге болған». Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында облыстық прокуратураның басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов мәлімдеді.
— Соңғы 5 жылда «Ақтөбе» футбол клубына бюджеттен 13,4 миллиард теңге бөлінген. Ал бұл қаржы жалпы облыстағы денешынықтыру және спорт саласы шығындарының жартысынан көп бөлігі, — дейді Маратбек Мырзамұратов. Соңғы бес жылда аталған клубтың видеооператоры мен физиотерапевті 183 миллион теңге айлық алыпты.
Былтыр еліміз бойынша денешынықтыру және спорт саласындағы мекемелер тексерілген. «Ақтөбе» футбол клубында легионерлердің өте көп жалақы алатыны сонда анықталған.
— Мемлекеттен бөлінген қаржының қаншалықты заңды жұмсалғаны жан-жақты тексерілді. Қаржы игерілген. Мақсатты жұмсалған, — деді басқарма басшысы.
Жалпы былтыр облыстық прокуратура қызметкерлері 800-ден астам тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде 18 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, 14 мыңнан көп адамның құқығы қорғалған. Қозғалған қылмыстық істің саны — 71. Мемлекетке 6,6 миллиард теңге қайтару міндеттеліпті.
Ақтөбедегі облыстық жасөспірімдер үйінің 15 тәрбиеленушісінің құқығы бұзылған. Жетім балаларға тиесілі пәтерлердің пәтерақылары балаларға берілмеген, сонымен қатар, пәтерлер төмен бағаға жалға берілген.
— Жетімдердің ақшасын талан-таражға салғандар жауапқа тартылды. Кейбірі жұмыстан шығарылды, — деді басқарма басшысы.
Діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстардың арқасында 16 адамның үстінен қылмыстық іс қаралып, олардың бәрі де сот үкімімен бас бостандықтарынан айырылыпты.
Былтыр қазан айында Темір аудандық прокуратура ғимаратының жанынан діни сұрақтар бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі ауданаралық орталық пайдалануға берілген болатын. Аталған орталықты ашудың ең басты мақсаты — жат ағымның жетегінде жүргендерді дәстүрлі дінге қайтару. Мұнда төрт ауданның (Темір, Байғанин, Мұғалжар, Шалқар) діни мәселелеріне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қай ауданда діни мәселелер бар, соларды шешу үшін тиянақты жұмыстар жүргізіледі.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл орталық аудандық прокуратураның бөлімшесі емес, орталық мемлекеттік мекемелердің және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерінің діни мәселелерге байланысты бас қосып, бірлесіп, жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мұнда теологтар діни мәселелер бойынша көмек көрсетеді.
Маратбек Мырзамұратов журналистердің: «Қандыағашта Сирияға кетпекші болған әйелдердің ұсталғаны рас па?» деген сауалына былай деп жауап берді:
— Менде ондай мәлімет жоқ. Бұл ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы болғандықтан, нақты жауап бере алмаймын.
Жиында облыстық прокуратураның 2-басқармасының аға прокуроры Индира Сейітқасымова да тексерілген жұмыстардың қорытындысы туралы жан-жақты айтты.
— Былтыр кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу туралы 93 дерек түскен болатын. Соның 33-і нақты анықталды. Бұл деректер бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Былтыр осындай 5 аса ауыр қылмыс бойынша істер сотта қаралып, үкім шықты. Қылмыскерлер 15 жыл және одан да көп мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ олар балалар тәрбиеленетін мекемелерге мүлде жұмысқа алынбайтын болады, — деді Индира Сейітқасымова. Биыл қаңтар айында екі ауыр қылмысқа қатысты іс сотқа жіберілген.
— Жәбірленгендердің орташа жасы — 15 жас. Тіпті 3, 4, 5 жастағы балалар да бар. Дегенмен әлі тергеу жүргізіліп жатыр, — деді Индира Сейітқасымова.
Жиында облыстық прокуратура қызметкерлері журналистердің сауалдарына тиянақты жауап берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button