Жаңалықтар

Уақытты ұтуды, қаржыны үнемдеуді көздейді

Брифинг

Кеше облыстық кәсіподақтары орталығының ғимаратында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың V шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қоюымен байланысты халыққа арнаған Үндеуіне қолдау білдірген брифинг өтті. Ақтөбе қаласындағы бірқатар ірі кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және ауыл шаруашылығы салалық кәсіподағының облыстық филиалының басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында қоғамдағы өзгерістерге, саяси оқиғаларға байланысты өз пікірлерін ашық білдірді.
«Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы бірлескен кәсіподағы комитетінің төрағасы Бақтыгерей Қабанов Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізудің уақыт талабымен байланысты болып отырғанын баса айтты.
— Мен экономикамыздың тірегі саналатын тау-кен өндірісі саласының еркін білдіремін. Біздің еңбек ұжымымызда 15 мың адам жұмыс істейді. Өндірісшілер қауымынан болғандықтан біз экономикадағы ғаламдық өзгерістерді айрықша тез сезінеміз. Қазіргі ғаламдық дағдарыс, қалыптасып отырған экономикалық жағдай бізден тиімді шешімдер қабылдауды қажет етеді. Менің ойымша, алдағы сайлауға қатысты белгіленген шаралар да істің осы жағы басым, — деді ол.
Ауыл шаруашылығы салалық кәсіподағының Ақтөбе филиалының төрағасы Кеңес Абдуллин сайлаудың өтуі еліміздегі тұрақтылықты нығайтуға оң әсер етеді әрі жергілікті мәслихаттардың сайлауының бірге өткізілуі көп қаржы үнемдеуге жағдай жасайды деп есептейді.
— Бұл шешім өте дұрыс. Мұны ауыл шаруашылығы салалық кәсіподағының Ақтөбе филиалы, оның мыңдаған мүшелері де қолдайды. Біздің қоғам негізінен ауыл еңбеккерлерін біріктіреді. Ал еңбеккер қауым жинақылық пен тиімділікті қалайтыны белгілі. Елбасының уақытты ұтуды, қаржыны үнемдеуді көздейтін шешіміне ауыл еңбеккерлерінің бірауыздан ыстық ықылас білдіріп, ұйып отырғаны да сондықтан. Ғаламдық дағдарысқа, көрші елдердегі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, біздің ауыл еңбеккерлері облысымыздың аграрлық саясатын жүзеге асыруға белсене үлес қосып келеді, — деді кәсіподақ басшысы.
Ал «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұханбетанапия Алдияров Елбасының халыққа арнаған Үндеуінде Мәжіліс депутаттарының бұл көтеріп отырған мәселесін адамгершілік, қайраткерлік тұрғыдан да жоғары бағалағанын атап өтті. Олардың сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс жасауы —уақыт талабын ескеріп, бұл саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қарау деп сипаттады. Ол осы сайлаудың арқасында қоғамымызға жаңа саяси көзқарасы бар, Елбасы алға қойып отырған бүгінгі міндеттерді жедел шешетін, жаңаша ойлап, іс-қимыл көрсететін адамдар келеді деген ой білдірді. Мәжілістің бұрынғы құрамы өзгеріп, жаңа тың күш келетінін айтты. ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауының мерізімінен бұрын өткізілуін бір жарым мың адам жұмыс істейтін ақбұлақтықтардың халық тағдыры үшін жасалып отырған қамқорлық көрініс деп қабылдайтынын жеткізді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button