Жаңалықтар

Автокеруен Ойыл ауданын аралады

Аптаның алғашқы күндері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған құрамында ақпараттық топ мүшелері, дәрігерлер және әншілер бар автокеруен жергілікті тұрғындармен кездесу үшін Ойыл ауданына барды.
Шараның мақсаты — Қазақстанның 25 жылда қол жеткізген жетістіктерін кеңінен насихаттау, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен «Ұлт жоспары: 100 нақты қадамын», сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын түсіндіру.
Автокеруен алдымен Ойыл ауданының Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылына аялдады. Мұнда ақпараттық топ мүшелері жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық қабылдау жүргізіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Сондай-ақ, келушілерге жұмыспен қамту орталығының мамандары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының өкілдері кәсіби кеңес беріп, түрлі сауалдарға жауап қайтарды. Ш.Берсиев атындағы ауылдық округінің әкімі Абат Мүбараковтың айтуынша, ауыл тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі кезде округ бойынша 61 шаруа қожалығы бар. Олардың ішінде «Жұмыспен қамту — 2020», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары аясында несие алып, мал басын көбейтіп отырғандары аз емес.
Қаратал ауылының тұрғыны Нұрлан Телжанов қоғамдық қабылдауға мал шаруашылығын дамыту үшін несие алмақ оймен мамандардан арнайы кеңес алуға келіпті. Осыдан екі жыл бұрын ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 1 миллион 200 мың теңге несие алып, шаруа қожалығын құрған. Бүгінде оның 250 ұсақ мал, 60-70 ірі қара және он шақты жылқысы бар. Сондай-ақ, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Қоғамдық қабылдаудан кейін тұрғындар ауылдық клубта «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің концертін тамашалады. Сондай-ақ, дәрігерлік амбулаторияда педиатр, хирург, невролог, офтальмолог, гинеколог мамандардың қабылдауында болды. Ауыл тұрғыны Жәмиға Ахметова:
— Облыстан дәрігерлер келетінін естіп, қатты қуандым. Шалғайдағы ауылдар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті пайдаланып бүгін дәрігерлерге көрініп, тегін тексерістен өтіп жатырмыз. Ауыл тұрғындары, әсіресе, қарт адамдар үшін бұл өте қажет. Сырқатымызды айтып, дәрігерлерден кеңес алдық, кейбіреулерімізге жолдама берді. Мұндай игі істер жалғасын таба берсін! — деп, ақ халаттыларға ризашылығын білдірді.
Бұдан соң керуеншілер ауданға қарасты Көптоғай ауылына да соғып, көпшілікпен жүздесті. Ауыл тұрғындарына облыс орталығынан барған өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Бірқатар тұрғындар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязовқа көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ауылдың тұрмыс-тіршілігі жайлы әңгімелесті.
Келесі күні облыс орталығынан аттанған делегация Ойыл ауданының Саралжын ауылдық округіне барды. Мұнда ақпараттық топ округ әкімі Марат Тәжіғалиевтің өткен жыл қорытындысы бойынша есебін тыңдап, халықпен кездесті.
Марат Тәжіғалиевтің айтуынша, округте 38 шаруа қожалығы бар. Олардың көпшілігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылдары 11 шаруа қожалығы мемлекеттен несие алып, асылтұқымды мал басын өсіруді қолға алған. Атап айтсақ, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша бүгінде ауылдағы «Еңсеген» шаруа қожалығы 380 бас еділбай қой тұқымын өсіріп отыр.
— Қазір ауылдағы халықтың жағдайы жақсы. Мал басы жылдан-жылға көбейіп, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар саны артып келеді. Ауылдарда наубайхана, монша, дәріхана, шаштараз, азық-түлік дүкендері мен тойхана жұмыс жасайды. Жұмыс жасауға құлқы бар адамға екі қолға бір күрек табылады. Әсіресе, жастар үшін жұмыстың түр-түрі бар. Ерінбеген адамға ауылда да мал табу қиын емес. Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен елді мекендерде суармалы жерлерді тиімді пайдалану, егіс егу, бау-бақша егу бойынша ұсыныстар қабылдап, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып жатырмыз, — дейді М.Тәжіғалиев.
Есеп беруден кейін ауылдың ақсақалдары округ әкіміне сұрақтарын қойып, ауылдағы бірқатар мәселелер жөнінде өз пікірлерін білдірді. Аталған елді мекендегі Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебінде жиналған көпшілік әуелі партия өкілдері мен Ақтөбе қаласынан келген басқарма мамандарымен кездесіп, несие алу, кәсіп ашу, әлеуметтік жәрдемақы алу мәселелері бойынша сұрақтарына жауап алды. Іле-шала елді мекен тұрғындары әншілердің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Бірқатар тұрғындар дәрігерлердің қабылдауында болып, медициналық тексерістен өтті.
Саралжын ауылының тұрғыны Алма Ақдәулетова:
— Шалғай ауылдарды аралап, халықтың жағдайымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдап, оларға әртүрлі салада кеңес беруге келген керуеншілерге ауыл ұстаздары атынан алғысымды білдіремін. Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жыл ішінде халқымыздың жағдайы түзеліп, көптеген табыстарға қол жеткізді. Ал қазіргі дағдарыс кезеңіне қарамастан ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсы. Ауылымызда ауызсу, жол мәселесі шешілген. Білім беру ошақтары арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Балалардың білім алуына толық жағдай жасалған.
Түстен кейін автокеруен Ойыл ауданы Қайыңды ауылдық округінің орталығы Ақжар ауылына ат басын бұрды. Мұндағы Мәдениет үйіне жиналған көпшілік округ әкімі Сүйіндік Өскінбаевтың өткен жыл қорытындылары бойынша есебін тыңдап, жиынға арнайы келген аудан әкімінің міндетін атқарушы Шоқан Тілеумағанбетовке, сондай-ақ, облыс орталығынан келген автокеруен өкілдеріне өздерін толғандырып жүрген арыз-шағымдарын ортаға салды. Ауылдағы әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан ауызсу, жол мәселесі жөнінде елді мекен ақсақалдары өз пікірлерін білдіріп, ауыл жастарына жағдай жасау қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, тұрғындар ауылдағы мал ұрлығына қатысты шағымдарын білдіріп, ішкі істер саласы мамандарының жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді.
Тұрғындармен жүздесу барысында ақпараттық топ мүшелері автокеруеннің мақсатын түсіндіріп, әр сала бойынша өз жаңалықтарымен бөлісті. Атап айтсақ, облыс орталығынан келген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Ғазиз Сағитұлы ақжарлықтарға биылғы жылдан бастап алым-салық түрлерінен түскен қаржы ауылдық округтің арнайы есепшоттарына қолма-қол түсетінін айтты. Сондай-ақ, ол елді мекендер арасындағы жол мәселесін алдағы уақытта осы есепшоттарға түскен қаржы есебінен жөндеуге мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.
Кездесу соңында облыстық филармония жанындағы «Арайлы Ақтөбе» ансамблі әртістері концерттік бағдарлама ұсынып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
— Биылғы жыл — еліміз үшін ерекше жыл. Себебі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлаймыз. Осыған орай, міне, облыс орталығынан Ойыл ауданына іссапармен автокеруен келіп, ауылдағы халықпен жүздесіп, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып жатыр. Екі күн бойы керуеншілер 4 селолық округті аралап, халыққа әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ал өнерпаздар елді мекен тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлап, халықтың қошеметіне ие болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ақпараттық топ халыққа жоғары деңгейде қызмет етті. Ойылдықтардың атынан автокеруенді ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — деді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button