Жаңалықтар

Төрт тәулікте 98 адам құтқарылды

Қаңтардың 19-ы мен 22-і күндері аралығында облыс аумағынан өтетін жолдарда жүргізілген апаттық-құтқару жұмыстары аясында барлығы 98 адам құтқарылып, 137 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Сонымен қатар, 85 адам жылыту пункттеріне жеткізіліп, 100-ге тарта техника қар құрсауынан шығарылған.
Төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметтер бойынша бүгінгі күні жолдардағы апаттық-құтқару жұмыстарына барлығы 79 адам және 49 бірлік техника жұмылдырылып отыр. Олардың арасында облыстық төтенше жағдайлар және ішкі істер департаменттерінің, «Қазақавтожол» республикалық мекемесінің және жергілікті әкімдіктіктердің арнайы қызметтері мен техникалары бар.
Жолдардың бетін мұз тұтып, тайғақ болуына байланысты жол-көлік апаттары орын алған. Қобда ауданындағы Қиыл ауылының тұсында 2 жүк көлігі жолдың жиегіндегі жыраға түсіп, аударылып қалған. Ал 22 қаңтар күні сағат 03.10-да төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабына Қырғызстан Республикасының азаматы Ю.Жүсіпбаевтан Самара-Шымкент тасжолының 670-ші шақырымында Сарытоғай селосынан 2 шақырым жерде «Хундай» жүк автокөлігінің аударылғаны жөнінде ақпарат келіп түскен. Автокөліктердің жүргізушілеріне қажетті көмектер көрсетіліп, олар қауіпсіз жерге апарылған. Жапа шеккендер болған жоқ.
— Ақтөбе-Қобда жолының Сарытоғай ауылының тұсынан өтетін жері қатты тайғақ. Көлік жүргізушілері мен жолаушылардың қауіпсіздіктері үшін жол қатынасын шектеуімізге тура келді. Бұл бағыт бойынша жолдың Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі бөлігінде 14 қауіпті участок бар. Нормаға сәйкес бұл участоктерге төгуге 18-20 тонна құм бөлінеді. Бірақ жолдың қатты тайғақ болуына байланысты бір тәуліктің ішінде 80 тонна шамасында құм төгілді, — дейді бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімет берген «Қазақавтожол» РМК Ақтөбе филиалының директоры Әкімжан Өтемұратов.
Бүгінгі күні қалың қар мен көктайғаққа байланысты республикалық маңызға ие жолдың бір бөлігінде, бір облыстық маңыздағы және бес аудандық маңыздағы жолда автокөліктердің жолға шығуына шектеу қойылып отыр.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button