Жаңалықтар

Өшпес іздің өнегесі

Еске алу

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған «Қазақ әдебиетінің абызы еді…» атты әдеби еске алу кешін ұйымдастырды.
Еліміздің әдеби байлығы мен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған Әбіш Кекілбаевты еске алып, қалың оқырман қауымға қаламгердің отаншылдыққа толы әдеби мол мұрасын насихаттау, өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шерту мақсатында ұйымдастырылған кешке облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Ермұқан, белгілі қоғам қайраткері, профессор, философия ғылымдарының докторы А.Айталы, ақын М.Ақдәулетұлы қатысып, Ә.Кекілбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, еліміздің мәдениетіне, әдебиетіне қосқан өлшеусіз еңбегі туралы айтып, жастарды қаламгердің баға жетпес мол мұраларын оқуға шақырды.
— Әбіш Кекілбаев Елбасымызға үлкен тірек болды. Қайраткер-жазушы әрқашан да еліміздің игілігі жолында аянбай қызмет етіп, халқына көп жақсылықтар жасады. Әбекең қазақ психологиясын зерделеуде мәңгүртікке алғаш түсінік берді, — деп ой бөліскен Амангелді Айталы жастарды тілін, дінін, тарихын, мәдениетін білуге шақырды.
Кеш барысында Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушысы Ақтолқын Назарбаева Ә.Кекілбаевтың «Гүл дүкені», облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің оқушысы Нұрлыбек Тұрар қаламгердің «Алтын шуақ» кітабында алғаш жарияланған «Шағала», С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті филология факультетінің студенті Нұрымжан Жұмағазиев Генрих Гейнеден тәржімаланған «Салауат жыр» атты өлеңін оқып берсе, кітапхана қызметкері Гүлназия Омарханова «Әбіш аға, Абыз аға» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, жиналғандарды жазушының тарихи-танымдық еңбектерімен таныстырды.
— «Жақсылық жамандықты тоқтатып тұрады» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Осы орайда Әбіш Кекілбаевтың адами қазыналарымызды айшықтауға қосқан үлесі шексіз. Бірегей жазушының тума таланты — Тәңірдің сыйы. Халық қалаулысы Әбіш Кекілбаев ең алдымен — нағыз азамат, қазақ халқының абызы еді. Қаламгер әлем әдебиетіндегі ең қажет әдеби дүниелерді қазақ тіліне аударды, — деген ақын Мейірхан Ақдәулетұлы өз сөзінде кітапхананы екінші мешітке теңеп, жұртшылықты осындай киелі мекенге тек әдеби іс-шараларда ғана емес, күнделікті келіп кітап оқып, рухани сусындауға шақырды.
Жастарды еліміздің лайықты азаматы болып қалыптасуға, оларды әдебиетті оқып, түсінуге, одан ғибрат алуға шақырған тіл жанашыры Зоя Бірәлі өзіндік көзқарасы болған жазушы Әбіш Кекілбаевтың қазақ тілін әлемнің ең бай тілдерінің қатарына қосудағы еңбегін ерекше атады. «Қазақ тілінің сөздік қоры мол. Оның айғағы — Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы. Бұл шығармада қазақ елінің сан ғасырлық тарихы жатыр, сол тарихты одан әрі насихаттауға бағытталған Әбіш Кекілбаевтың «Шандоз», «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» сынды шығармаларының құндылығы жоғары», — деді ол.
Кеш барысында ақын Гүлімай Әбішқызы, сондай-ақ М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күнсұлу Шүгірова Әбіш Кекілбаев шығармасындағы ұлттық құндылықтар турасында ой бөлісті.
Шара барысында тақырыпқа байланысты жастар сөз сөйледі, фото-шежіре слайд, «Келбет» бағдарламасынан Ә.Кекілбаев туралы бейнематериал көрсетілді, көрермендер қаламгердің өмірінің соңғы күндерінің бірінде сөйлеген сөзін тыңдады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА,
С.Бәйішев атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапханасының
қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button