Жаңалықтар

«Оқитын өлке» акциясының таңдауы — Есенбай Дүйсенбайұлының «ұланғайыры»

Облыста «Оқитын өлке» акциясы 2011 жылдан бері жалғасын тауып келеді.

Осы акция аясында бұған дейін өлке оқырмандарының белсене қатысуымен Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында», ақын Мұхтар Құраманалиннің «Жұлдызды жорық», жазушы Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» туындылары, жазушы Тобық Жармағамбетовтың шығармалары оқылды.
Өткен жылдың таңдауы — сұлу жырдың су төгілмес жорғасы, Қуандық Шаңғытбаевтың «Шайыр» таңдамалы өлеңдер жинағы болды.
Биылғы жылы да облыстық «Оқитын өлке» акциясы өз жалғасын табады. Бұл орайда жыл кітабын таңдау үшін «Оқитын өлке» облыстық акциясын ұйымдастыру комитетінің алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан, ардагер журналист Идош Асқар, ақын Ертай Ашықбаев, облыстық зағип жандар және көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының директоры Нұрлыбек Қалауов, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Несібелі Жұмағұл қатысты.
Облыс кітапханаларында алдын ала жүргізілген сауалнамалар бойынша ұсынылған шығармалар сарапталып, дауысқа салынды. Сонымен, 2016 жылдың таңдауы — ақын Есенбай Дүйсенбайұлының «Ұланғайыр» жыр жинағы болды. Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлде иегері, Байғанин ауданының құрметті азаматы, қазақтың қанатты ақыны Есенбай Дүйсенбайұлы (1940 ж.- 2011 ж.) Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында туған. Ол — сусыныңды қандырар тас бұлақтай мөлдір жырдың кәусар көзі, тайпалған жорғасы, шынның шырайы.
Тұңғыш жыр жинағы 1971 жылы «Бозала таң мен бозторғай» деген атпен жарық көрген, қазақ поэзиясына бозаңдағы бозторғай сазымен бозала таңның бояуын әкелген, ұлттық бояуы қанық суреткерлік поэзия мен төкпе жыр дәстүрін жете меңгерген ақын кейін «Ақпейіл», «Ұланғайыр», «Ашық аспан», «Ақ желкенді ағыстар», «Біздің толқын», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үшбұлақ», т.б. жыр жинақтарын жазды.
«Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, облыс кітапханаларында жыл бойы Есенбай Дүйсенбайұлының шығармашылығына және «Ұланғайыр» жыр жинағына арналған әдеби-сазды, тақырыптық кештер, танымдық жыр сағаттары, кітап көрмелері ұйымдастырылмақшы.
Ендеше биылғы жылы облыс көлемінде оқуға таңдалған сәулелі жырдың сарбазы, сырбаз да сұлу суреткер Есенбай Дүйсенбайұлының шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысып, ақын шығармаларын бірігіп оқуға атсалысайық.

Шынар ЖАУЛЫБАЕВА,
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасынының әдіскері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button