Тарих

Қосқолаң таудың етегі, Тарихтан сыр шертеді

Болашағын бағамдау үшін кез келген халықтың өткенін саралап, бүгініне баға берері хақ. Тасқа басылған тарихтың жарқын тұстары халықты ерлік пен елдікке үндеп, болашаққа бағдар сілтесе, қаралы беттері өткеннен сабақ алуға шақырып тұрғандай. Тарих – тезге салуға келмейтін, тек уақыт атты желмаяның ықпалына ерген даму процесіндегі ақиқат болмыс. Бұрылысы мен құбылысы көп адамзат тарихында айтса нанғысыз жағдаяттар да кездесіп жатады. Қазақ тарихындағы осындай ақиқаты аңыздан асып түскен оқиғалардың бірі – Орбұлақ шайқасы.

Орбұлақ туралы көп естіп, оқығаныммен, сол өлкеге барудың, бабалар тұяғы дүбірлетіп өткен тарихи орынды көрудің сәті бір түспей-ақ қойған еді. Сарша тамыздың ортасында Қызылорда өңірінен Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтары атқа қонып, облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс бастаған делегация бабалары ерлік көрсеткен мекенге тәу ету мақсатында Орбұлақты көруге келіпті. Біз де сол топқа қосылып, 1643 жылдың жазында Салқам Жәңгірдің 50 мың қолды бастап келе жатқан Батыр қонтайшыны 600 жанкешті сарбазымен күтіп алып, қырғын салған жерін көруге асыға аттандық.

Бабалар рухына тағзым

Сонау Сыр елінен келген қо­нақ­тарды бастаған Панфилов ауданының басшылары ең әуелі орталық мешітке кіріп, Құран оқытып, жолай жеті ғасырлық тарихы бар, талай құпияны ішіне бүгіп жатқан киелі Әулиеағашқа соқты. Кие­лі ағаштың кереметін та­машалауға келетін қонақтардың да саны жыл са­йын артып келеді екен. Қызылордалық қонақтар арса-арса бұтақтары жерге тиіп, көкпен таласып тұрған, діңінің жуандығына алты адамның құшағы әзер жететін киелі ағашқа қатысты тылсымы мол оқиғаларды тыңдап, Алланың нұры түскен жазиралы өңірдің тарихына қаныққандай болды.

Тау мен тасқа салса сыр бермейтін темір тұлпарлар одан ары Китіңнің сайымен көтеріліп, Белжайлаудың бауыздау алқымына ілінді. Әрлі-берлі өткен жолаушының таңдайын жіпсітіп, шөлін басар тұп-тұнық суын тосып Белбұлақ шықты алдымыздан. Халық аузындағы «Белбұлақта белің шеш» деген мақал да осы жерге қатысты айтылса керек. Сүт пісірім уақыттан соң суында патшабалығы тулаған Аяқсаз қалды қол бұлғап. Діңкеңді құртып, соғып тастаған бұралаң тасты жолдың азабын Белжайлауға кіре берістегі таңғажайып көрініс ұмыттырады. Жән­наттың жердегі көлеңкесі іспеттес бұл өлке – Асы, Шалкөде сынды атақты жайлаулармен қатар тұратын қасиетті мекен.

Үлкен сәскеде Белжайлауға да келіп жеттік. Қонақтар бірден он сегіз шақырым жердегі Орбұлақты көруге асықты. Ержан Уәйіс бастаған делегация құрамындағы «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев, облыс әкімдігі аппаратының инспекторлары Кемалбек Сағымбай, Бегімбай Ұзақбаев, бабаның тікелей ұрпақтары Сақытбек Арғынов пен Маратбек Пұсырманов, «Базис-А» құрылыс компаниясының вице-президенті Алмас Тілеубаев, жас жыршы Күнсұлу Түрікпенқызы, Болат Жұмабаев, Қанат Шалабаев, Мұрат Жетпісбаев сынды Сыр өңірінен арнайы ат терлетіп келген меймандарға жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Орбұлақтағы оқпананы көрсетіп, тарихынан хабар берді.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, мынау оқпана-ордың жалпы ұзындығы 2,5-3 шақырымдай. Оны қазған – 600 адам. Оқпананың жау жақ беті кісі түрегеп тұратындай деңгейге дейін биік­тетілген. Ал сырт жағы жайдақ, 1,5 метрдей жер жотаның ең шетін ала тегістеліп отырған. Сірә, қару-жарақ қоюға, байланыс жасауға ыңғайлы болуын ойластырған. Мұның бәрі қазақ қолы күні бұрын бекініс жасап, жау қолын қайткен күнде де Жалаңтөс баһадүр келгенше бөгеп тұруды мақсат еткен деп жорамалдауға негіз берсе керек, – деді белгілі жазушы.

Бабалар ерлігінің белгісі қалған Орбұлақтағы оқпана-ордың басын­да осы шайқаста шәһит кеткен батырлардың рухына бағышталып Құран оқытылып, ақсарбас аталып, қонақтар қайтадан Белжайлаудағы арнайы тігілген үйлерге қайтты. Бір кездері елін қорып, жерін торып, ат үстінен түспеген батырларымыздың ауыздығымен алысқан тұлпарларының тұяғы дүбірлетіп өткен Қосқолаң тауының арасын бүгін қуаныш пен шаттықтың үні кернеді. Жас жыршы Күнсұлу Түрікпенқызының ұзағынан толғаған жауһар жыры мен «Жаркент әуендері» фольклорлық ән-би ансамблінің нақышына келтіре орындаған әндері, күйлері жиылған көпшілікті тәнті етіп, тау ішін ұзақ уақыт жаңғыртып тұрды.

Орбұлақта оянған тарих

Орбұлақ шайқасы жайлы бұрындары көп айтылмады. Ел аузындағы үзік-үзік әңгімелер ғана сол алапат майданның Ордың бұлағында өткенін дәлелдейтін. Бабалар жеңісінен бір деректің болса да тасқа басылып қалуы бек мүмкін еді, бірақ та сыңар саясат ұстанған қызыл империя қазақ ғалымдарына төл тарихын толық зерттеуге мұрша бере қоймады. Аңызға айналып бара жатқан осы шайқастың ақиқатын ашу тек 1991 жылы белгілі майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың Ресей архивтерінен тапқан Г.Ильин мен К.Кучеевтің қонтайшы ұлысынан жеткізген хабарынан мүмкін болды. Онда: «Біз барғанда қонтайшы ұлысында болмай шықты. Өзінің күйеу баласы Көшіртайды, Абылайды (Ертіс бойындағы Абылайкентті салдырған ойрат қонтайшысы – Қ.И), кенже інісі Шоқыр тайшыны, Қой сұлтанды, Алтынханның балаларын және басқа ұсақ тайшыларды ертіп, барлығы 50 мың әскермен Жәңгір ханның қазақ ордасы, Жалаңтөс және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен… ал Жәңгір оларға қарсы 600 адаммен шығыпты. Бір тауда ор қазып (орысша тексінде «шансы» деп жазылған – Қ.И), оған 300 адам орналастырып, қолының қалған жартысын тауға жасырып күтіпті Қонтайшы шерігін. Сол жерде алапат соғыс болып, Жәңгір хан әскері қонтайшының 10 мың адамын жер жастандырып, үлкен жеңіске ие болады. Әскерінің қалғанын (олар әлі де 40 мыңдай) шегіндіріп әкетіп, кегін жібермеу үшін екінші рет тиіскенде, Жәңгір хан бастаған қазақ ордасының күшіне Самарқанд бегі Жалаңтөс 20 мың әскерімен көмекке келіп үлгеріп, Батыр қонтайшы арманына жете алмай, тағы да жеңіліс табады», – деп анық жазылған. Кейіннен бұл соғыс туралы тарихшылар И.Я.Златкиннің, Вельяминов-Зерновтің, белгілі ға­лым М.Тынышбаев, С.Сейфуллин, А.П.Чулошниковтердің, жалпы, қазақ, жоңғар тарихына назар аударғандар­дың бәрінің де еңбектерінде жазылған­дығы анықталып, құнды мағлұматтар кездесті. Бірақ та олардың ешқайсысы соғыс болған жерді нақтылы көрсете алмаған. Соңғы тың да соны деректерді пайдалана отырып, Жәңгір хан бастаған 600 жанкешті жауынгердің Батыр қонтайшының өздерінен 84 есе көп әскеріне қарсы шыққан жері – Жаркент қаласының оңтүстік шығысындағы Қосқолаң тауының арасы екенін және де сондағы жер-су аттарының аталмыш деректермен сәйкес келетінін дәлелдеп шыққан белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының жанкешті еңбегін атап өткен жөн.

Қазақ пен қалмақ арасын­дағы со­ғыс тым әріден басталған. Жалпыха­лық­тық сипатқа ие болмағанымен, екі елдің арасында ірілі-ұсақты шайқастар үнемі болып тұратын. 1635 жылы болған шайқаста Жәңгір сұлтан қалмақ қолына тұтқынға түсіп, оны бір жылдан кейін атақты Қарасай батыр мен арғын Ағынтай батыр бір түнде ұрлап әкетіп, құтқарады. Сол түнде Қарасай батыр қонтайшы екенін байқамай Батыр қонтайшыны талдырып, Ағынтай батыр қонтайшының қызы екен деп оның кіші әйелін көтеріп алып кетеді. Ел билеген қонтайшыға, біріншіден, бұл аз намыс болмаса керек-ті және де өз әкесі Қарақалдың да қазаққа тұтқын болып қорлық көргені бар. Екіншіден, тұтқында болған Жәңгір біраз жайтты біліп қалған әрі бұлардың сырына да қанық-тын. Ойрат, дүрбіт, торғауыт, қалмақ тайшыларының басын қосып, ұлы хандық құрып, күннен-күнге бел алып келе жатқан қазақ ордасына күйрете соққы беріп, Жәңгір хан мен Қарасай, Ағынтай батырларда кеткен есесін қайтаруды мақсұт тұтқан Батыр қонтайшы кеудесіне кек қатып, 50 мың қолдық шерігін бастап қазақ даласына енеді. Тосын хабардан Жәң­гір хан жанына бар болғаны 600-ге жуық сардарларын жинап үлгереді. Бірақ та Салқам Жәңгірдің жанына топтасқан 600 сарбаздың әрқайсысы жүзге татитын батырлар еді. Олардың ішінде Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Төртқара Жиембет, Қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Арғын Қомпай, Суан Елтінді, Қырғыздан Көтен мен Табай батырлар ерекше көзге түскен.

Тосын келген қолды тосын әрекетпен ғана тоқтатуға болатынын пайымдаған Жәңгір хан жанындағы жүрегі түкті батырларымен ақылдаса отырып, ашық шайқасқа шыға ал­майтындығын, бұларға Самарқанд бегі Жалаңтөстің көмекке келіп жетуіне әлі де біраз күннің қарасы бар екенін айтып, соғыс тактикасын өзгертуді ұсынды. Жүрегі түкті дейтініміз, жаудың бес қаруын асынған 50 мың атты жасағына қарсы шыққан бар болғаны 600 батырды көз алдыңызға елестетіңізші… Жойқын күшті қара дауылға қарсы тұрған талшыбық тәрізді емес пе. Сол талшыбық діңі берік, тамыры терең бәйтерек болатынын көрсетті.

Жаудың тосын әрі ұрымтал жерінен соғып, біраз кідірте тұруға болатынын түсінген атақты қолбасшы жер жағдайын жақсы білетін жергілікті батырларды көмекке шақырды. Сөй­тіп, Іленің өткелін үнемі кесіп, қал­мақтың қалың жылқысын айдап, барымта жасап жүрген Елтінді батырдың көрсетуімен қазіргі Орбұлақ белі (кейіннен халық Ордың бұлағы атап кеткен) жаудың бетін қайтаруға қолайлы орын ретінде таңдалып алынады.

Соғыс болған жер – қорғануға, шығыстан келген қарақұрым қолды қаймықпай қарсы алуға өте сәтті таңдалған орын. Өйткені күнгей беті 400-500 метрлік биіктіктегі тау сілемі, оған атты әскер түгілі, жаяу адам да шыға алмайды. Тым тік ор­наласқан. Теріскейі – Үш судың құйғаны аталатын арынды өзен. Өзен жағасы құлама­лы жар, құз. Ал жау бетінің алды – Қосқолаң­ның тарылып біткен, сәл еңіске құлдилай тартып барып көтерілген жері. Осындағы көлденең жатқан белді таңдаған Жәңгір хан әскері тау мен құздың арасындағы тар өткелектен ұзындығы 3 шақырымға жуық оқпана қазған. Осы оқпанаға 300 мергенді қалдырып, Қарасай мен Ағынтай батырлардың қолын және Жәңгір хан өзінің айналасындағы батырларды Орбұлақтың желкесінен төніп тұрған Қызылқия тауының ішіне жасырады. Тосын шабуылдан қорғануға еш дайындығы жоқ қонтайшы әскері жердің шаңын шығарып, Жарбұлақты жағалап, Орбұлаққа құлай берістегі сайға лықси төгіліп, өрге көтерілгенде маңдайын тасқа соққандай әсерде қалды. Қарсы алдарынан зуылдаған, ысқырған жебелер ес жиып үлгергенше талай сауыттың көбесін сөгіп, қоғадай жапырып тастаған еді. Бір-біріне сеңдей соқтығысқан қалың әскердің сол қанаты Шыңғырлаудың құзына құлап, өздігінен мертігіп жатса, батысынан шепті бұза-жара кіріп, оңды-солды сілтеген Қарасай мен Ағынтай батырлар бастаған қазақ жауынгерлерінің қылышынан қалмақ өліктері тау болып үйіле бастаған еді. Жәңгір жасағынан мұндай тосын әрекетті күтпеген Батыр қонтайшы шерігіне шегінуге бұйрық береді. Бұл уақытта жарқылдаған алмас қылыштар мен ысқырған жебелер 10 мыңға жуық жоңғардың жанын жаһаннамға аттандырып үлгерген болатын.

Барын түгендеп, қайтара соққы қылмаққа әрекеттенген Батыр қонтайшы тағы да келеңсіз жайтқа тап болады. Бұл жолы Орбұлақ белінде бұларды ұлтарақтай жерін жауға таптатпауға ант еткен 600 батырмен бірге Самарқанд әмірі Жалаңтөс баһадүрдің 20 мың жасағы күтіп тұрған еді…

«Он бір мың бес жүз адамымнан айырылдым, – деп мойындаған екен Батыр қонтайшы» (Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп тұқияннан өзіме шейін»).

Орбұлақта оянған осы тарих енді мәңгі халық жадында қалады. Ордабасы басындағы кеңес болмағанда халық болып ұйысып отыруымыз екіталай-тын. Ал егер де Отан мен елді сүюдің жарқын үлгісі ретінде тарих қойнауына енген осы Орбұлақтағы ерлік, осы шайқас қазақ халқының пайдасына ше­шілмегенде, жер бетінен құрып кетуіміз де ғажап емес еді.

Жалаңтөс пен Жәңгір

Әсілінде, Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің арасында үлкен адами, жауынгерлік достық болған. Бізге жеткен тарихта Жалаңтөс баһадүр парсы жаққа шабуыл жасағанда оған Жәңгір хан да үлкен қолмен көмекке барғандығы айтылады. Батыр қонтайшы 50 мың қолмен қазақты шауып, қырғызды таптап өтпекші екенін кеш естіген Жәңгір хан одақтастарының ішінен осы Жалаңтөске ғана хабар беріп үлгерген де, өзі Батырдың алдынан тосып алмақшы оймен суыт аттанып кеткен. Бұл хабарды естіген Жалаңтөс те төсегінде тыныш жата алмаса керек-ті. Жәңгір ханмен арадағы бауырдай сыйластық, оның қысылған сәтте қолұшын созуы – бір қайтарымның келгенін сездіргендей. 20 мың қолды бас­тап, жанұшыра жәрдемге жеткен Жалаңтөс Жәңгір қолына тың күш болып қосылды. Егер де Самарқанд бегі Жалаңтөс осы жолы көмекке келмеген болса, сөз жоқ, 600 батыр 40 мың қолдың (10 мың қол бірінші шайқаста жойылған) екінші қайтара екпіндей келіп шабуылдағанында ерлікпен қаза табар еді, бірақ та біздің тарих осылайша жаңа параққа жазылар ма еді, кім білген…

Бұл жайлы: «Бәлкім, енді арттан жиырма мың қолмен Алшын Әлімұлы Төртқара Жалаңтөс батыр келмегенде, қазақтар же­ңіліп қалар еді», – деп жазылған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында.

Сыр бойындағы Қазалы топы­ра­ғында 1576 жылы дүниеге келген Жалаңтөс батырдың әу бастағы ныспысы Әбдікәрім екен. Ат жалын тартып мініп, батылдығы мен батырлығы үндесіп, жауға шапқанда сауытын шешіп тастап, «ажалым жетіп тұрса көріп алдым» деген буырқанған мінезі мен көзсіз ерлігінен халық «Жалаңтөс» атап кеткен.

Кіші жүз Әлімнен тарайтын Төртқара тайпасының түлегі Жалаңтөс бала жасында, 1581 жылы әулетімен бірге Бұқара аймағындағы Нұрата тауының етегіне барып қоныстанады. Сол жолы Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл 40 мың адамды жаңа қонысқа орналастырады. Бұл жағдайға қатысты екі түрлі пікір бар: бірінде Сейітқұлды Шығай хан Самарқанға арнайы шақырған делінсе, екіншісінде қызылбастардың қырғынынан қауіптенген Шахрух Сейітқұлдың қасында болғандығын қалаған. Өйткені Сейіт­құл­дың әкесі Ораз кезінде Шахрухтың әкесі Әмір Темірдің бас кеңесшісі болған. Соған қарағанда екінші пікір көңілге қонатын секілді. Жалаңтөс 12 жасқа келгенде Там­ды-Қызылқұм қазақтарының ханы Дін­мұхамедтің орда қызметіне алынады. Осында білім алып, қызмет етіп, өзінің ақыл-парасатымен, батылдығымен ерекше көзге түскен Жалаңтөс Самарқанд әмірі атанады. Және де осы қаланы өмірінің соңына дейін 44 жыл билеген (1656 жылы қайтыс болады) Жалаңтөс Орбұлақ даласына Жәңгір ханға көмек қолын созуға аттанған шағында шау тартып қалған еді. 68 жастағы батырдың 20 мың ерікті қолды бастап, Батыр қонтайшыға күйрете соққы бергендігінен бөлек, саналы ғұмырында ол 42 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында да мейманасы тасып келген. Бұдан біз Жалаңтөстің бойына біткен үлкен адами қасиет пен Құдай ерекше жаратқан дарынның, қабілет-қарымның, өршілдік пен ерліктің болғандығын анық байқаймыз.

«Тұран жолбарысы» атанған Жалаң­төстің тағы да бір ерлігі – Самарқандтың Регистан алаңына сәулет өнерінің әлемдік озық үлгілерінің қатарына жататын «Шир-Дор» және «Тилла-кари» медреселерін салдыртуынан көрінеді.

Салқам Жәңгірден Батыр қонтайшының өлердей қорқуы да заңды еді. Бір жылдай тұтқында болған, тұрмыс-тіршілігін, салтын, ғұрпын көкейіне түйген Жәңгірдің қашып кеткеннен кейін қол бастап, қайта соғары анық еді. Бұл әрекетті болдырмау ниетімен Батыр дереу арада ұсақ тайшылардың, ұлыстардың басын біріктіріп, қалмақ қо­сынын ұлы күшке айналдырып, Азияның арыстаны атануға шақ қалған Жоңғарияның іргесін бүтіндеп, шаңырағын тіктеп алуды көздеді. Бұған күннен-күнге қарасы көбейіп, бұғанасы беки түскен қазақ ордасы да орасан кедергі. Сан сылтау мен түпкі мақсат – қазақ халқын жер бетінен жою – қалмақ қонтайшысын атқа қондырды.

Орбұлақта ойсырай ұтылған қонтайшы араға тоғыз жыл салып қайта шабуылдады. Бұл жолы оларды қазақтың қалың қолы тағы да сол Қосқолаң тауының Үйгентас белінде күтіп тұрған еді. Күш жағынан екі жақ та шамалас, бірақ қалмақ жағынан он жеті жасар Қалдан Серен Жәңгір ханның атын атап жекпе-жекке шақырды. Шау тартып, бойынан қайрат-күші кеми бастаған, бірақ та ғазиз ғұмырын елі мен жерінің бүтіндігіне арнаған хан Жәңгір намысқа тырысып, жас перімен айқасқа шықты. Бұл 1652 жыл еді. Сәскеде басталған ұрыс кешке дейін созылды. Ақыр соңында қайраты қайтқан Жәңгір Қалданның қолынан қаза тапты. Шайқас үстінде Қарасай Батыр қонтайшының оң қолын иығымен қоса шауып түсіреді де, ол көп ұзамай осы жарақатынан көз жұмды. Жекпе-жекте жеңіске жеткенімен, қонтайшы әскері бұл жолы да қазақтардан жеңіліс тапты. Басшысынан айырылған қалмақтар ұзақ уақытқа ес жия алмай, қазақ даласында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады. Жәңгір ханның сүйегі сол соғыс өткен Үйгентас беліндегі Сарыбел ауылының іргесіне қойылды.

Қонтайшының сансыз қолына аз ғана әскермен қаймықпай қарсы аттанғанда Салқам Жәңгір ең әуелі жанындағы батырларының білегі мен жүрегіне, ерлігіне әрі артынан жетер көмек – Жалаңтөске сенген. Сенбеген болса, оның жауынгерлерінде сенімділік, мақсаттың айқындығы болмас еді.

Тумысынан текті, әлемдік соғыс өнеріне тың тактикалық әдіс енгізген Салқам Жәңгір әкесі Еңсегей бойлы Ер Есімнің ерлігін қайталай отырып, халықты ұлт ретінде қалыптастырудың тілдік, территориялық, экономикалық, психикалық тұтастығын сақтап қалды және де оның ұлы, қазақ тарихында есімі алтын әріппен бедерленген Тәуке хан да осы ұстанымға берік болды.

Ерлік пен елдік

Тәуелсіз қазақ елінің жастарын патриоттық рухта тәрбиелеу – күн тәртібінен түспейтін маңызды мә­селе. Жастарымыздың бойында тектілік – ел мен жерге деген сүйіспеншілік, асқан махаббат сезіліп тұрмаса, сырттан төнетін қауіп те соншалықты қорқынышты бола түспек. Рас, жастарымыздың бойына осындай алапат рухтағы патриоттық тәрбиені әлемдік тарихтағы жеңіс пен жарқын мысалдар арқылы жұқтырамыз деу – бекершілік, одан жастарымыздың «Отаным!» деп жанығып тұрғанын көруіміз неғайбыл. Өз тарихымызда қалған, бабаларымыздың басынан өткен, тамырында тулаған тамшы қанын тауысып жеткен ұлы жеңістер кез келген қазақ баласының бойына жігер мен рух берері сөзсіз.

Біздің дәуірімізге дейінгі 480 жылы Леонид патша бастаған 300 спартактық пен жеті мыңға жуық гоплиттің Фермопил түбінде парсы патшасы Ксеркстің орасан зор қолына (150 мың әскер) тосқауыл жасап, үш күн, үш түн қорғағандығын сіз де, біз де әлемдік тарихтан жақсы білеміз. Және де сол спарталықтар мен гоплиттер гректердің азаттығын сақтап қалды. Әскер заңдылығы бойынша сол сарбаздар шегінуге болмайтындығын ұғынып, қасықтай қандары қалғанша айқасты әрі барлығы да сол жерде қаза тапты. Міне, бұл оқиға әлемдік тарихта теңдессіз отансүйгіштіктің мысалы ретінде мәңгілікке қалды. Ал 600 әскермен 50 мың қолға қарсы шығып, жау қолын туған жер төсінен түре қуып тас­тау да – тарихта қайталана бермейтін ерлік. Қазіргі таңда әрбір грек баласының 300 спарталықтар ерлігін жатқа соғып, сол арқылы рухтанатынын ескерсек, Орбұлақ шайқасы да жастарымызды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің жарқын мысалы бола алатыны ақиқат.

Тәуелсіздігімізді тұғырына қондырып, егемен ел болған соң қорғаныс күшіміздің мығым болуы ләзім. Бірақ та бүгінгі таңда Отанымызды қорғау жолында әскери бо­рышын өтеп жүрген сарбаздардың бойын­дағы ұлттық жауынгерлік рухты оятатын тәрбие құралдары кемшін түсіп жатқан сыңайлы. Кеңестік кезеңнен қалған «дедовщина» үрдісін жас сарбаздардың санасынан сылып тастап, қазақтың ініге ізет, ба­уырмалдық, отансүйгіштік сезімдерін жұ­ғыс­ты қылсақ, біздің мемлекеттік тұ­тастығымыз бен қорғанысымыздың арта түсетіні сөзсіз. Оларға Отанды қор­ғау жолында батыр бабаларымыздың көрсет­кен ерлігін, Аңырақай, Бұланты, Қалмақ­қырылған соғыстарының тарихын, маңы­зын, тактикасын айту, түсіндіру абзал. Ор­бұлақ шайқасында 600 батырымыз елді қорғаудың жанқиярлық үлгісін көрсетіп, 50 мың қолға қарсы тұрды деген бір ғана сөздің өзі жауынгерлеріміздің бойына серпінді рух беріп, оларға ел тыныштығын күзетудегі шынайы жауапкершілікті түсіндіреді.

Өткен тарихымызда ерлігіміз елдігіміздің қорғаны, қалқаны болған. Бұл қағида осы кезеңде де маңызын жоймақ емес.

Сөз соңы

Белжайлаудың төсінде өткен осынау игі шарада Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовтың Панфилов ауданының әкімі Ермек Келемсейітке жазған құттықтау хатын облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс табыс етіп, «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті Ыдырыс Қалиев аудан әкімі мен осы игі бастамаға мұрындық болған, ілгеріде Қызылорда облысын басқарған, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облыстық басқармасына жетекшілік жасап келе жатқан елжанды азамат Серікбай Нұрғисаевқа және Орбұлақ шайқасын жан-жақты зерттеп жүрген белгілі қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлына арнайы кәдесыйлар табыстап, шапан жапты.

Панфилов ауданының атын Орбұлақ деп өзгерту туралы ұсыныс елді елеңдеткелі біраз болды. Арнайы комиссия шығып, ел-халықтың келісімін алғалы аудан жұртшылығының да қуанышы ұлғая түскен болатын. Қайтар жолда «Ендігі келгендеріңізде ауданымыздың аты Орбұлақ бо­лып өзгеріп қалар», – деген аудан әкі­мі­нің сөзі бізге жақсылықтың жаршы­сын­дай әсер қалдырды. Рас, генерал И.В.Панфиловтың бір кездегі ортақ Ота­нымызды қорғау жолындағы ерлі­гіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Бірақ та тарихи оқиғаның осы жерде өткенін ескере отырып, ауданға Орбұлақ атын беру – ұрпақ алдындағы үлкен парыздың бір бөлігін өтегенмен бірдей болар еді.

Орбұлақтан алыстап, Белжайлаудан ұзаған сайын еркін соққан даланың самал желі бабалар ерлігінен сыр шерткендей жайқалған шөпті тербетіп жатты. Құлағымызға әлсіз ғана үн келеді…

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас.

Дархан БЕЙСЕНБЕК.

8-702-492-27-47.

Алматы-Жаркент-Орбұлақ-Алматы.

(«Ана тілі» газеті, 16 қыркүйек 2009 жыл).

Ермек Келемсейіт, Панфилов ауданының әкімі:

– Ата-бабамыз асқан ерлік көр­сеткен қасиетті орындағы бүгінгі бас­қосуымыз тіптен айрықша десек, артық айтқандық емес. Өйткені осыдан 366 жыл бұрын ел шетіне жау тигенде сонау Самарқандтан 20 мың қолмен Жәңгір ханға асыға көмекке жеткен Жалаңтөс баһадүрдің бүгінгі ұрпақтары сол батыр бабаларының ұлы жеңіске жеткен жеріне арнайы келіп отыр.

Осы арада айрықша айта кету керек: біздің бұл басқосуымыз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, ел іргесін бүтіндеу бағытындағы сара саясатының шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Алматы мен Қызылордадай екі облыстың әкімдері Серік Үмбетов пен Болатбек Қуандықовтың өзара жасаған іскерлік келісімдері біздің осылайша бауырластығымызды бекемдеп, елдігімізді еңселі етіп, ауызбірлігімізді арттыра түсті. Ал Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық басқармасының бастығы Серікбай Нұрғисаев бауырымыз Сыр елі мен Жетісу жерінің, оның ішінде киелі Жаркентіміздің арасындағы алтын көпір болып, туыстықтың туын биік ұстауымызға, халықтық тұтастығымызды тұғырлы етуге зор үлес қосты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button