Денсаулық

Жабдығы жеткілікті жаңа бөлімше

Жаңа нысан

Жақында Ақтөбе қаласындағы №2 қалалық емхананың жанынан жаңа бөлімше ашылды. Бұған дейін жаңадан салынған медицина мекемелерінде тек қана ғимарат пайдалануға берілетін. Оны жабдықтармен қамту –  нысан берілгеннен кейін шешілетін шаруа-тын. Ал жаңа бөлімше халық игілігіне жаңа үрдіс бойынша ұсынылып отыр. Бұл мекеме қажетті құралдардың барлығымен толықтай қамтылған. Жұмыс істеуге толықтай әзір күйінде беріліп отырған біздің облысымыздағы бірінші медициналық орталық – осы. Бұл – бөлімшенің бірінші ерекшелігі десек, екіншіден, мұнда сурдологиялық кабинет бар. Мұндай орталық қалаға қарасты бөлімшелер түгілі, емханаларда  жоқ.

Жаңа нысанның тұсауын кесу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр қатысты.

Алдымен қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова құттықтау сөз алды.

Құрметті ақтөбеліктер, дәрігерлер, бүгінгі күн –  біздің қаламыздың тарихындағы жарқын беттердің бірі. Себебі, пайдалануға берілгелі тұрған медициналық мекеме жаңа нысан екендігімен қатар, оның өзіндік ерекшеліктері де бар. Заман талабына сай мұндай мекеме қаланың ескі бөлігіндегі тұрғындарға көптен бері қажет болып жүрген. Міне, бүгін соның сәті түсіп отыр, – деп сөз бастаған С.Мұсақызы әңгімесін әрі қарай былай өрбітті:

Елбасымыз халықтың денсаулығын жақсарту ісін басты назарда ұстап келеді. Дені сау ұрпақтың болашағы да зор болатыны мәлім. Мектептер мен балабақшалардың ашылуы, ауруханалар мен емханалардың пайдалануға берілуі – еліміздің келешегінің кемел болатынына сенімді арттыра түседі, – деп С.Қалдығұлова аталған бөлімше ұжымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Одан кейін, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр сөз сөйледі.

Ақтөбеге сапары кезінде Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев бұл бөлімшемен танысып, жақсы пікір айтқан еді. Бүгін, міне сол нысан пайдалануға берілгелі отыр. Осындай заман талабына сай емхананың ашылуына мұрындық болған облыс әкімі Елеусін Сағындықов ризашылығымды білдіремін, – деп сөз бастаған Қ.Қанатұлы әрі қарай былай деді:

Кеңес заманы кезінде Ақтөбе облысында соңғы рет медициналық жаңа ғимарат 1983 жылы салынды. Соңғы жылдары әлеуметтік салада құрылыс кең көлемде жүргізіліп жатыр. Әсіресе, 2003-2009 жылдары аралығында бір ғана денсаулық сақтау саласының өзінде 60-тан аса нысандар бой көтерді. Елбасы қолға алған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша біздің өңірде 5 ғимарат салынады. Қазір олардың біреуі пайдалануға беріліп те үлгерді. Ол – Ойыл аудандық орталық аурухана. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында биыл 2 емхананың (Әуеқалашығы мен Тұрғындар қалашығында) құрылыс аяқталады (әр емхананың құны – 1 млрд. 350 млн. теңге).

Қалаға қарасты Новый ауылында ересек адамдарға арналған облыстық көпсалалы 300 төсектік аурухана салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, құрылысы басталатын, балаларға арналған 200 төсектік аурухана да «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынады.

Құрылыс жұмыстары тек қана облыс орталығында емес, аудандарда да қарқын алып жатыр. Жыл аяғына дейін аудандарда 20 нысан пайдалануға беріледі.

Бұдан соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы жаңа нысанның ерекшеліктеріне тоқталды.

Бөлімшенің басқа медициналық мекемелерден басты ерекшелігі мынау: бұрын тек қана ғимарат берілетін. Жаңа нысан берілгеннен кейін барып, оған қажетті жабдықтар алынатын еді. Ал бұл нысан барлық медициналық керек құралдар, аппараттармен бірге, яғни, жұмыс істеуге толық дайын күйінде беріліп отыр. Бұл жаңа ғимарат – №2 қалалық емхананың бөлімшесі болғанмен, кез келген бөлімшеде, тіпті, емханаларда  жоқ жабдықтар мұнда бар. Яғни, науқас емханаға бармай-ақ, осында келіп, медициналық тексеруден өтеді. Күндізгі бөлімде ем де қабылдауына болады, – деп Қ.Сабыр бөлімше ұжымын құттықтап, мекемеге автокөлік тарту етті.

Бұдан соң Сәния Қалдығұлова жаңа ғимараттың лентасын қиды.  Қала  әкімінің орынбасары бастаған топ  жаңа нысанның ішін аралап көрді.

Бұл ғимарат облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей қолдауымен пайдалануға беріліп отыр. Бөлімше Құрмыш шағын ауданы, сондай-ақ, осы маңға қарасты саяжай  тұрғындары үшін арнайы салынды. Жалпы, 18 мың адамға тегін қызмет көрсетеді, – дейді Ақтөбе қаласындағы №2 қалалық емхананың бас дәрігері Ерлан Тәтімов.

Оның айтуынша, бөлімшеде жабдық  жеткілікті. Мұнда томография, флюрография, рентген кабинеттері жұмыс істейді. Хирургия кабинетінде 67 түрлі шағын хирургиялық операция жасалады. Операциядан шыққан науқас үшін арнайы палата да жасақталған. Сонымен қатар, 10 төсектік күндізгі бөлім жұмыс істейді.

Айта кету керек жайт, бұл бөлімшеде бұрын-соңды Ақтөбеде болмаған сурдологиялық орталық бар. Мұнда  есту және сөйлеу қабілеті нашар балалар ем қабылдайтын болады. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен ашылып  отырған бұл орталықта қызмет істеу үшін екі дәрігер білімін жетілдіріп келген.

Нысан толықтай соңғы үлгідегі жабдықтармен (медициналық аппараттар, жиһаздар) қамтылған. Мамандар да жеткілікті. Әр дәрігердің дербес компьютері бар.

Мұндағы медициналық аппараттар мен құрал-жабдықтардың жалпы саны – 637.  Көзді тексеретін аппараттар да – соңғы үлгіде. Бұрынғыдай дәрігер науқастың көзінің көру қабілетін анықтау үшін тақтадағы әріптерді көрсетпейді. Бірден аппарат арқылы тексеріп, нәтижесін сол сәтте біледі. Сондай-ақ, көздің қан қысымын тез арада анықтайтын жабдық та – осы бөлімшеде.

Жаңа мекеме Ақтөбеде жасалған жабдықтармен де қамтылған. Мұндағы рентген аппараттың ерекшелігі – 250 кг. салмаққа дейін жүкті көтере береді (бұрынғы аппараттар 120 кг-ға дейін ғана көтеретін).

Нысанның  жалпы құны – 480 млн. теңге. Бұл үшін қаржы жергілікті бюджеттен бөлінген.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қ.Сабырдың  айтуынша, бөлімшедегі құрал-жабдықтардың құны – 200 млн. теңге.  Мұндағы жабдықтардың басым бөлігі Жапония мен Германияда жасалған.

Құрал-жабдықтарды шетелден сатып алғанда арнайы келісім-шартқа отырамыз.   Сол бойынша, қажет болса, мамандарды шетелге білімін жетілдіруге жібереміз. Немесе шетелдік мамандар келіп, біздің дәрігерлерді оқытады. Күрделі  шетелдік аппараттардың «тілін» меңгеру осылай шешіліп жатыр, – дейді Қ.Қанатұлы. Ал ауыл дәрігерлеріне технология «тілін» қаладағы мамандар үйретеді екен. Облыстың бас дәрігері соңғы үлгідегі жабдықтардың пайдаланылуын өзі бақылап отырғандығын айтты. Оның айтуынша, соңғы жарты жылда облыста дәрігерлердің сауаты жетпегендіктен пайдаланылмай тұрған бірде-бір медициналық аппарат жоқ көрінеді.

Жаңа бөлімшедегі құрал-жабдықтарды меңгеру мақсатында 8 маман білімдерін жетілдіріпті. Оның екеуі – Ресейде, біреуі – Алматыда дәріс алған. Қалғаны осы – Ақтөбеде оқыпты. Оларға жабдықтарды пайдалануды аппараттарды шетелден жеткізгендердің өздері үйреткен.

Қайрат Сабыр облыс бойынша жалпы, жыл сайын 600-ге жуық маманның білімін жетілдіретіндігін айтады.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы соңғы 10 жылда Ақтөбе қаласының тұрғындары 100 мыңға көбейгендігін, ал бұл мамандар мен медициналық мекемелерге деген қажеттілікті арттырып отырғандығын тілге тиек етті:

Осындай бөлімше қаланың әрбір шағын ауданында ашылса, жақсы болар еді.  11, 12 шағын аудандарда медициналық мекеме салу үшін ешқандай орын жоқ.  Жақында «Болашақ» тұрғын үй кешенінде жаңадан медициналық бөлімше ашылады. Заречныйда үлкен емхана салынады деген жоспар бар. Оның жобасы Денсаулық сақтау министрлігінде қарастырылып жатыр. Келесі жылы Оңтүтік-батыс шағын ауданында заман талабына сай амбулатория салынады, – деді Қ.Сабыр.

Бөлімше ашылған күні түстен кейін-ақ, халыққа қызмет көрсетуді бастап кетті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button