Мереке

Мерекеңмен, мәртебелі тіл!

Әрідегі Мәскеу билеген КСРО-ның қабағы түйіңкі, берідегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің біздің жұрттың ділдік шаруасына ықыласы аздау кезде қабылданған «Тіл туралы» Заңның ең қадірлі сөйлемі жүрегімізге нұр сеуіп өтіп еді: «Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі».

Ел еңсесін көтерген сол елеулі күнге, міне, 20 жыл толып отыр.

Рас, дәл жиырма жыл бұрын Жоғарғы Кеңестің сессиясында қандай талас-дау болғанын, кімнің не айтқанын, осы бір қымбатты құжаттың басты сөйлемін алғаш естіген шақта, біз білген де жоқпыз.

Алаштың ардақты азаматтары аяулы сөздерін өткізе алмай, тығырыққа тірелген шақта, қай кезде де ел мүддесін еңкеймей көтеріп шығатын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев шұғыл іске кіріскенін, қажетті шешімді қабылдаудың шешуші нүктесін қойғанын кейін ғана білдік.

Қазақстанның биік тұғырына ҚАЗАҚ ТІЛІ солай қонып еді.

Бүгінгі мерекең құтты болсын, мәртебелі тіл!

Қазақ тілінің өткені мен бүгіні, ертеңі мен келешегі туралы айтылған арнаулы әңгімелер газетіміздің өткен, бейсенбілік номеріндегі беттерде жарияланғанын еске сала отырып, тағы да қуанышымыздың арқасынан қағамыз.

Ана тіліміз айбарлы, ата жұртымыз айдынды бола бергей!

***

20 жылдың үлесі: 29 мектеп, 14 балабақша

18 қыркүйекте Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда Қазақстан халықтары тілдері күніне арналған «Тіл мерекесі – ел мерекесі» атты салтанатты жиын өтті.

Жиынға Ақтөбе қаласының құрметті азаматтары, тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Жиын қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлованың құттықтау сөзімен ашылды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тек оны насихаттай білу керек» – деген еді. Қазақ тілінің болашағы үшін күрес – елдік үшін, елдің болашағы үшін күрес. Осы абыройлы іске өз үлесін қосып жүрген ақтөбеліктер аз емес, – деді Сәния Қалдығұлова.

Қала әкімінің орынбасары келтірген деректерге сай, осыдан 20 жыл бұрын Ақтөбеде бір ғана қазақ мектебі және бір ғана қазақ балабақшасы болған еді. 20 жылдың ішінде 29 қазақ мектебі және 14 қазақ балабақшасы ашылыпты.

Ал орыс мектептерінің де көпшілігі бұл күнде аралас мектепке айналып отырғаны – жұртшылыққа белгілі жайт.

Қалалық тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Айша Құлбатыр «Ақтөбе қаласы аумағында мемлекеттік тілдің қолданылу жайы» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде қаладағы мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін қолдану деңгейі шығыс құжаттарда 80 пайызды құрап отыр. Бұл – сөз жоқ, үлкен көрсеткіш. Әйткенмен, кейбір мемлекеттік емес мекемелердегі жағдай мүлде басқаша. Мысалы, «Ақбұлақ» АҚ шығыс құжаттарында мемлекеттік тілдің қолданылу үлесі – 4-ақ пайыз, «Тазалық» ЖШС бойынша бұл көрсеткіш – 15 пайыз, т.б.

– Тілдерді дамыту бөліміне мемлекеттік тілдің қолданылу үлесі төмен мекемелерге қатысты қандай да бір шара қолдану құқығы берілмеген. Біз ондай мекемелер басшыларына өз тарапымыздан өтініш жолдаймыз. Егер басшыдан ықылас пен талап болса, жағдай, әрине, өзгерер еді, – дейді Айша Құлбатыр.

Жиынға облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Гүлайым Төлебаева қатысып, сөз сөйледі.

Салтанатты шара үстінде тіл жанашырларына Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хаты тапсырылып, сый-сияпат көрсетілді. Соңынан, қонақтарға жергілікті әншілер, би ұжымдары және ұлттық-мәдени орталықтар өнерпаздары әзірлеген қонцерт ұсынылды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

***

Қазынаңды қадірле!

Өткен сенбіде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Мемлекеттік тілге 20 жыл: Өткені мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қазақстан халықтары тілдері күніне орайластырылған «Тіл -ұлттық қазына» атты апталық аясында өткен шараға тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, облыстық тілдерді дамыту басқармасы мамандары мен студенттер қатысты.

Ақтөбе мемлекеттік  педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев жиналғандарды мерекемен құттықтап, бас қосудың мақсатына тоқталды. Бұдан бұрын да, аталмыш білім ордасында, тіл апталығына орай оқытушылар, студенттер арасында сайыстар өтіп, байқаулар ұйымдастырылған.

Дөңгелек үстелде өз ойын ортаға салған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Кемейдулла Төлеубай мемлекеттік тілдің әлі де өз тұғырына қона алмай отырғанын, қазақ тілінің мерейі үстем болуы үшін күнделікті ауызекі тілде қазақтар бір-бірімен тек қана қазақша сөйлесудің ықпалы орасан зор екенін айтты. Жиналғандар мемлекеттік тілдің өткеніне көз жүгіртіп, болашағы туралы ой тербеді. Тіл төңірегіндегі жетістіктер мен кедергілерге тоқталған  тіл жанашырлары ана тіліміздің әлі де кемелдене түсетіндігіне сенім білдірді.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button