МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ!
Мемлекеттік Әнұранға — 10 жыл!
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының мәтіні
сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
әні: Шәмші Қалдаяқов
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңкымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
«Барлық уақытта да және барлық халықтың да мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігінің біртұтас белгісі болып мемлекеттік рәміздер табылады. Бізде ұлылыққа негізделген идеяға бай Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз бар» — деген болатын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасының бүгінгі Әнұраны туралы сөз қозғалған сайын біздің ойымыз 1986 жылдың желтоқсанына оралады. Еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін аңсаған жастар орталықтың шешіміне қарсы өздерінің ойын алаңға шығып көрсетті және оны «Менің Қазақстаным» әнін шырқап паш етті.
Тәуелсіздігіміз жария етілген соң, 1992 жылы ҚР Мемлекеттік Гимні қабылданды. Ол өзінің кезеңдік міндетін толық атқарды. Енді ол халқымыздың мәдени мұрасына айналып, алтын қорынан орын алды.
Менің Қазақстаным! Бұл жігеріңді жанып, жүрегіңді баурайтын аса әсерлі сөздер. Оны ауызға алғанда кіндік қаның тамған киелі жермен, оның өткенімен, бүгінімен және ертеңімен тәңірлік байланыстылығың, табиғи біртұтастығың еске түседі.
«Менің Қазақстанымның» алғашқы нұсқасы 1956 жылы 25 қазанда жазылған. Оны шығарған кезде композитор Шәмші Қалдаяқов 25 жаста, ақын Жұмекен Нәжімеденов 21 жаста еді. Ән алғаш рет 1959 жылы Жамал Омарованың орындауымен Қазақ радиосына жазылып, жарыққа жарқырап шығып халық арасына тарайды.
2006 жылдың 6 қаңтарында ел Парламенті Сенат мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің Заң күші бар Жарлығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республиканың Конституциялық Заңының жобасы қаралды. Онда Үкіметтің ұсынысы бойынша Мемлекеттік Әнұранның әуені мен мәтінін жаңарту көзделді.
«Менің Қазақстаным» әнін Гимн ету туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Парламентке жолдаған хатында «Еліміздің қай түпкіріне барсам да, кәрі де, жас та әнұрандық мәртебесі болмаса да аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» Әнұран есебінде шырқағанының талай куәсі болдым.
Біріншіден, Әнұранда ғасырлар бойы Тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде сол ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз —жеріміздің кең-байтақтығы орын алу керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі — ел бірлігі баса көрсетілуі керек.
Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін», — деп жазған екен.
Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» 2006 жылы 6 қаңтарда ресми түрде Парламентте талқыланып, Мемлекет Гимні болып бекітілді. Жаңа Әнұран баспасөзде жарияланған күнінен — 10 қаңтардан бастап күшіне енді.
Жаңа рәміз кезекті сайлаудағы жеңісінен кейін Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу құрметіне арналған салтанатты ресми рәсім кезінде — 11 қаңтарда, Астанадағы Ақордада алғаш рет орындалды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Әнұранының тұсаукесеріне әлемнің 70 елінен келген мәртебелі қонақтар куә болды. Мінеки, осы тарихи тағдырлы күнге енді 10 жыл толды.
Жаңа Әнұран елге бұрыннан таныс «Менің Қазақстаным» әнінің негізінде дүниеге келді. «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармасының мәтініне Елбасы тарапынан енгізілген өзгерістер туындының ресми Гимн болып бекуіне жол ашты.
Мемлекеттік Гимнді орындау тәртібі бекітілді. Ереже бойынша Гимнді айтқанда жұртшылық орындарынан тұруы қажет және оң қолын сол жақ кеудесіне жүрегінің тұсына қойып айтулары керек.
Әнұран — тек ән емес, ол халықты біріктіретін ұран ән. «Менің Қазақстанымды» Әнұран етіп халық таңдады. Бұл Әнұран уақыт сынынан өтті. Ешкім де халықтан биік емес, ешкім де Уақыттан дана емес.
Парламент халық сөзіне, Уақыт үніне құлақ асты. Сондықтан Әнұранды дүниеге алып келген әйгілі сазгер Шәмшінің, ұлы ақын Жұмекеннің аруағына тағзым етеміз. Көптің ойын дәл басқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды айтамыз. Әнұран Қазақстан аспанында шарықтап айтылып, елімізге өсу, өркендеу, халқымызға бірлік алып келеді деп сенеміз.
«Менің Қазақстаным» — әуені мен өлеңі бір мүддеге қызмет етіп тұрған, еліміздің жаңа музыкалық-поэтикалық эмблемасы. Ертеңіне үкілі үмітпен қарап, болашаққа батыл сеніммен қадам басқан барша қазақстандықтардың кәделеп-қастерлейтін рухани қазынасы деуге лайық.
Еркін ҚҰРМАНБЕК,
облыс әкімінің жанындағы
мемлекеттік рәміздер жөніндегі
комиссияның мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері.



