МерекеМәдениет

Театрдағы жаңа жыл түні немесе пародия кеші

Жаңа Жыл қарсаңында Т.Ахтанов атындағы драма театрда осы өнер ордасы мен «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының біріккен жобасы —«Пародия кеші» атты шоу-бағдарлама көрермендер назарына ұсынылды.
Әзілге құрылған бағдарламаның сценарийін театр директоры Нұрлыбек Жұбатқан жазған. Ал режиссері — Ринат Уәлиев, режиссердің ассистенті — Алмат Шәріпов.
Кештің тізгінін Ахтанов театрының артистері Бекболат Ізтаев, Нұрболат Өтеғұлов және тележүргізуші Лаура Палмандар қолына алды. Әзіл мен қалжыңға толы кеште небір күтпеген сыйлар болды.
Орыстың әншісі, композиторы Нюша (Анна Владимировна Шурочкина) мен Қайрат Нұртасты пародиялап актер әрі әнші Саламат Мұқашев пен Жансая Абатқызы сахнаға шыққанда, көрермендер дүркірей қол соқты. Саламат өзі «Алматының түндері-ай» әнін келістіріп орындады. Одан кейін сахнаға София Ротару кейпінде Достық үйінің әншісі Роза Жумина «Было и прошло» әнін ( музыкасын жазған В.Матецкий, сөзі М.Шабровтікі) айтты. Ол да майталман әншіге дауысымен де, кейпімен де ұқсап тұрды.
Жұрттың делебесін қоздыратын «Гангам стайл» клипімен Псай (PSY) деген лақап атпен танымал Оңтүстік Кореяның әншісі әрі көптеген әндердің авторы Пан Дже-Санг та Ақтөбеге ат басын бұрғандай. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының биылғы түлегі, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас режиссер әрі актер Ринат Уәлиев «Баян сұлу» би театры мен «Тұран» шоу-балетінің бишілерімен бірге билеп, қызуқанды Псайды көз алдымызға әкелді. Ринат сондай-ақ Сейфуллин Жолбарысты, әлемге әйгілі Чарли Чаплинді айнытпай салып, халықтың ықыласына бөленді.
Өзбек Аяз атасының рөлінде жүрген Берік Нұрмағамбетовтің әдемі қалжыңы көпке ұнады. Аяз атамен бірге қазақтарды Жаңа жылымен құттықтауға келген «Ялла» ансамблінің әншісі Фарух Закировты актер Әсет Сисенов айнытпай салды, «Шайхана» әнін орындады.
«Алтынайды» гитарамен сызылта шырқаған Мұғалжар аудандық Мәдениет үйінің музыканты Нұрланбек Бүркітті көрген халық шынымен Лұқпан Жолқаов Ақтөбеде жүр екен деп қалды. «Екі езу» труппасының актрисасы Гүлсім Қаратаева Мэрилин Монро, актер Қадыр Құттыбаев Валерий Леонтьев, Алина Сералина Әйгерім Қалаубаеваны пародиялады. Мұхит Жақсығалиев 3 Д жанрында көлеңкелі қойылым көрсетті.
Пародия кеші Жаңа жылдың алдында халыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button