Мереке

Мешін қандай хайуан?

Бір қарағанда ақылды көрінгенімен мешін — мінезі құбылмалы хайуан. Бірақ өзге хайуандарға қарағанда тапқырлығымен ерекшеленеді. Қытай күнтізбесі бойынша 2016 жыл қызыл маймыл жылы саналады. Ал әлемде маймылдың 200-ден астам түрі бар болса, оның 62-сі қорғауға алынған. Сонымен…

Танауына қарап таны

Маймыл — приматтар тобына жататын ең жоғарғы сатыдағы сүтқоректі. Олар екі топқа бөлінеді. Кең танаулы маймылдар Оңтүстік және Орталық Американы, ал тар танаулы маймылдар Азия мен Африканы мекендейді. Құрылысы, тегі жөнінен тар танаулы маймылдар адамға ұқсас келеді. Бұларға гиббон, шимпанзе, орангутан, горилла жатады. Маймылдардың дене тұрқы 15 сантиметрден 2 метрге дейін, ал салмағы 400 грамнан 180 келіге дейін болады. Маймылдардың павиан, горилла тұқымдарынан басқасы ағашқа өрмелеп, бұтақтан-бұтаққа секіріп, ағаш басында тіршілік етеді. Сондықтан бас бармағы мен үлкен башайы қалған саусақтарына қарама-қарсы біткен. Орманды, таулы жерлерде мекендеуіне байланысты көру, есту қабілеттері жақсы жетілгенімен иіс сезуі нашар дамыған. Маймылдар миының көлемі, салмағы, даму дәрежесі жөнінен басқа сүтқоректі жануарлар арасында жоғары сатыда. Жоғарғы сатыдағы маймыл тәрізділер таяқты, тасты жауынан қорғануға құрал ретінде пайдалана алады. Маймылдардың ренжу, қуану секілді мінез-құлқы адамға ұқсас. Олар өздері мекендейтін аумақтарды белгілеп, сол жерде топтасып өмір сүреді. Көбіне ағаш бұтағы арасына бұтақты иіп күрке салып түнейді. Қорегі — өсімдік жемісі, жапырағы, гүлі, тамыр жемісі, жәндіктер, сирек те болса жәндікқоректілер. Олардың аналығы 4-10 ай көтеріп өмірге ұрпақ әкеледі. Сирек жағдайда 2-3 ұрпаққа дейін әкеледі. Африка мен Азия тұрғындары олардың етін жейді, терісінен түрлі бұйымдар жасайды. Қазіргі кезде маймылдар Азия, Африка, Американың тропиктік және субтропиктік аймақтарында, Зонд архипелагы мен Филиппинде тараған. Ал Қазақстанда маймыл хайуанаттар бағында ұсталады.

Таиландтағы той

Жер бетіндегі ең кішкентай примат — «ұсақ ойыншы» (карликовая игрунка). Оның денесінің мөлшері 11-15 сантиметр, ал құйрығының ұзындығы 22 сантиметрге жетеді. Салмағы — 85-145 грамм. Ал әлемдегі ең үлкен маймыл — Мандрил. Оның ұзындығы 1 метрден асып, салмағы 35 келіге жетеді.
Маймылдардың көпшілігі өздерін айнадан көргенде таниды. Ал гориллада мұндай қабілет жоқ. Тарихта IQ-ге тест тапсырған маймыл болған. Ол өзінің қарапайым ересек америкалықтың деңгейінде дамығандығын дәлелдеген.
Таиландта жыл сайын маймылдарға арналған той өтеді. Ғибадатханаға 2000 хайуан шақырылып, оларға өздері сүйіп жейтін жемістер мен көкөністерді қалағандарынша береді.
Маймылдарға ешқашан суық тимейді екен. Бірақ олардан туберкулез, гепатит аурулары жұғуы мүмкін.
Маймылдардың аталықтары тақырбас болады, бұл олардың генетикасымен тығыз байланысты. Маймылдардың өмір сүру ұзақтығы олардың дене көлемдеріне байланысты. Мәселен, ең кішкентай ойнақы маймылдар 10 жылдан артық өмір сүрмейді, ал орангутандар 50-60 жылды бағындырады.
Маймылдар бос уақыттарының көп бөлігін бір-бірлерінің сыртқы келбеттерін жақсартуға, күтіп-баптауға арнайды.

Маймылдың мінезі

Маймылдың көңіл күйін сыртқы көрінісіне қарап жақсы білуге болады. Мәселен: жымию немесе үстіңгі еріндерін керу, я болмаса басты шайқау, иықтарды қозғалту агрессияның дабылы. Егер маймыл есінесе, бұл оның шаршағандығын емес, ашулы екендігін көрсетеді.
Маймылдар төніп келе жатқан қауіпті туыстарына хабарлау үшін қатты дауыс шығарады. Кейде ауыздарын ашу немесе тістерін қатты соғу арқылы білдіреді. Гориллалар, әсіресе, олардың аналықтары ұяда ұйықтағанды жақсы көреді. Олар өздеріне жапырақ пен ағаш бұталарынан жатын орын дайындап алады. Біздің арамызда маймылдардың ең сүйікті асы банан деген түсінік қалыптасқан. Ал олардың арасында банан дәмін татып көрмегендер да бар. Олардың көпшілігі тамақтарын тазалап жейді, мысалы, қарапайым бананның да қабығын аршып жатады. Маймылдар азық табуға ыңғайлы болу үшін қашанда топтасып жүреді.
Маймылдардың құйрықтарының дамығандығы соншалықты, өздерінің денесіне пара-пар салмақты құйрығының ұшында көтеріп тұра алады.
Маймылдар дене пішімі жағынан адамдарға ұқсас келгендігімен, ғалымдар оларды ешқашан да сөйлеп үйретуге болмайтындығын дәлелдеді. Себебі, олардың миларында сөйлеу орталығы жоқ. Бірнеше жылдық еңбектің нәтижесінде ғана маймылдарға кейбір дыбыстарды айтқызуға болады. Тиін тектес маймылдар 20-дан астам әртүрлі дыбыстарды шығара алады. Ең қатты дауыс шығаратын — бақырауық маймылдар. Олардың дауысы бес шақырымға дейін жетеді.
Мартышкалардың ересектері ауада бүркітке сес көрсете алады. Мартышкалардың отарында жаңа көшбасшы тағайындалғанда, жаңа басшы әлі сүтпен қоректенетін маймылдарды өлтіріп тастайды. Бұл өзінің ұрпағын аман сақтап қалу үшін қолданылатын әдіс.

Шимпанзе жетімдерді асырайды

Жапондық макакалар 10 градус суықта да өмір сүре алады. Олар көбею үшін көктемді күтпейді, аналық маймылдар жылдың кез келген мезгілінде балалай береді. Макакалар балаларына тамақ табуды ғана емес, тіс тазалауды да үйретеді. Кейбір аталық макакалар аналық маймылдың сеніміне кіру үшін және өзге аталықтардың алдында дәрежесін көтеру үшін өздерінің балаларына қамқор болады. Ғалымдар балаларын айналшықтап жүретін маймылдардың басқаларға қарағанда достарының көп болатындығын анықтады.
Шимпанзе тобындағы маймылдарда нәзік әрі сенімді қарым-қатынастар қалыптасқан. Ана баласын басқа бір аналыққа тастап кете алады. Мұндай «күтушілер» өздерінің балаларымен бірге бірнеше баланы серуенге алып шығады. Шимпанзелерде қараусыз қалған жетімдерді асырау дәстүрі кең етек алған.
Орангутан балалары аналарымен 6-7 жасқа дейін жүреді, одан кейін отардан кетуге тиіс. Орангутандар күндерінің көп бөлігін тамақ жеумен өткізеді. Көбіне тамырлармен, жапырақтармен, ағаш қабықтарымен, жемістермен, құстардың жұмыртқаларымен қоректенеді.
«Орангутан» сөзін малай тілінен аударғанда «орман адамы» дегенді білдіреді. Джунглиде әрбір түн сайын орангутандардың айқайлаған дыбыстарын естуге болады. Кейбір елдер арасында «бір кездері орангутан сұлу қызды ұрлап, асырап баққан, кейіннен қыз қашып кетеді, сонан бері маймылдар түн сайын қызды жоқтайды» деген аңыз әңгімелер айтылады.
Орангутандар 3-6 жыл сайын ғана балалайды. Бала 3 жасқа дейін тек қана ана сүтімен қоректенеді.

Интернет материалдары бойынша дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button