Денсаулық

Зағип массажшылар орталығы ашылды

Ақтөбе медициналық колледжі Елбасының «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз аймақ құруды мақсат етіп отыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында зағип жандарды тұрақты жұмыспен қамту үшін массаж орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына қала әкімі Бекбол Сағын мен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев қатысты.
Қала әкімі орталықтың лентасын қиып, колледж ішін аралап көрді. Сондай-ақ білім ордасының сексен жылдығына орай түсірілген бейне көріністі тамашалап, оқушылармен тілдесті. Акт залға жиналған колледж ұжымын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
— «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша елімізде қыруар жұмыс тындырылды. Оның ішінде Ақтөбеде айтарлықтай шаруалар атқарылды. Ірі ауруханалар мен емханалар бой көтерді. Бұрын жасалмаған күрделі оталар жасалды. Болашақта Ақтөбе батыс өңірдегі ірі медициналық орталыққа айналады, — деген қала әкімі колледж ұжымына табыс тіледі.
Сәния Қалдығұлова мен Әсет Қалиев та жиналғандарды мерекемен құттықтады. Аталған орталықта колледждің көзі көрмейтін жеті оқушысы жұмыс істейді. Олар бұл жерде тәжірибе жинақтайды әрі еңбек етеді. Сондай-ақ І топтағы мүгедек сәбилерге тегін массаж жасайды. Бұл жолы үш сәбиге тегін массажға сертификат табыс етілді.
Колледж директоры Мәжит Қозыбақовтың айтуынша, оқу орнында мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған.
— Көзі көрмейтін жандарды еңбекпен қамту үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Оның ішінде Ойыл, Мәртөк, Хромтау аудандық ауруханалары мен қаладағы емхана басшылары үлкен қолдау көрсетіп отыр. «Жүрегім толы мейірім» акциясы аясында 12 оқушымыз тұрақты жұмыспен қамтылатын болды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Ал өзге оқушыларымыз бүгінгі ашылып отырған орталықта еңбек етеді. Сондай-ақ қаладағы емдеу мекемелерінде тіркеуде тұрған мүгедек балалар да осы жерде массаж алады, — деді Мәжит Қозыбақов.
Массаж орталығында еңбек ететін оқушыларды алдағы уақытта Қытай, Жапония және Тай елдеріндегі мүгедектерге арналған орталықтарда оқыту жоспарланып отыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button